Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Алтын ұя / Үй тапсырмасы / Нұрлан Оразалин өлеңдеріндегі метафоралық қолданыстар

Нұрлан Оразалин өлеңдеріндегі метафоралық қолданыстар

Нұрлан Оразалин өлеңдеріндегі метафоралық қолданыстар

«...Міне, ақынның «Құралайдың салқыны» атты жыр жинағын оқу үстінде тағы да сондай бір өзгеше әсер құшағында отырмын. Қолжазбаның әр жаңа бетін ашқан сайын маған әлде бір таныс сезім қол созатындай. Дүниелік құбылыстарды өзінің жүрегі мен ойы арқылы өткізетін ақынның жырларын толқымай оқу мүмкін емес...». Бұл әлем әдебиетіндегі ірі тұлғалардың бірі Шыңғыс Айтматовтың «тулаған Ғасыр қанын жырмен өрген» Нұрлан Оразалиннің шығармашылығына берген бағасы еді. Оның табиғаттан алып күш, таусылмас шабыт алатын дарыны бар. Оның әр өлеңінен «дүниелік құбылыстарды» көрмеу мүмкін емес. 

Жырларында сөз болған идея көркемдік әдістермен бедерлі жазылған. Соның ішінде, өлеңінде метафоралық қолданыстар жүйемен қолданыс тапқан. Олай болса, «бұлақтай жалғасатын сыры бар» ақын метафораларының мәнісін бірге ашып көрейік.

Жұлдыздарды отырмын жайылдырып,
Ойларымның иіріп өрісіне.
Сезім - асау болғанда, Айым - құрық,
Сөздің сұлу байланған берішіне...
Айналдыра берсін деп Жерді өсімен,
Қостым өмір-бәйгеге бақ, талапты.
Кер бестіні босаттым кермесінен,
Сезім құсын ұшырдым ақ қанатты.
Қатар тұрып, көк түнде керді иығын,
Бірі - тұлпар болғанда, бірі - құсым.
Қолдай көрші, Кең далам - кермиығым!
Қолдай көрші, Тауларым - тірі мүсін!
(«Көк аспанның жұлдызы жамырасқан»)
Ақынның бұл өлеңінен асқақтықты көруге болады. Көкке, биікке ұмтылған жігер, күш бар. Алып ұшқан сезімін асау атқа баласа, оның құрығын Айға балайды. Өз сезімін Айға құрықтағандай. Өмірді бәйгеге балап, оған өзінің бағы мен талабын қосып, жаңағы асау бесті – сезімін еркіне жібергенін айтады. Ақ қанатты сезім құсына да еркіндік бергенін де жасырмайды. Сезімінің бірін тұлпарға, бірін құсқа балайды. Олардың өмір бәйгесінен сүрінбеуі үшін кең даласы мен тауларынан қолдау күтетіндей. Олардың да әдемілігін жай сөзбен бермейді. Кең даласын кербезге, тауларын тірі мүсінге балайды. Бұл өлеңнен ақын мен табиғат арасындағы сезімді байқаймыз. Өзінің ішкі сезімінің бәрін табиғатпен астастырып жатқандай.

Қытықтап үні жыраны,
Еңіске бұлақ құлайды.
Көктегі Айдың көзі - мұң,
Қиығын маған бұрғандай.
Алай да дүлей сезімім,
жұлмалап мені тұрғандай
(«Жаз кеші»)
Жаздың қоңыр кеші... Айнала тып-тыныш. Бұл тыныштықты жыраның үні бұзғандай. Айды мұңға балайды ақын. Ай жүзіндегі мұңды көре алуы – ақынның сезімталдығында шығар. Ай сырын, мұңын ешкіммен бөлісе алмайтынын айтқысы келгендей. Өйткені, сырласатын Жер қалың ұйқыда. Бұны түсінген ақынның жаны алай-дүлей. Ақын байыз таппай отыр. Тып-тыныш жаздың жылы кеші тыныштығымен осындай ой салуда...

Махаббатты жырлағандар көп тегі,
сүйіп, күйіп, өртенгендер ән қылып.
Ғашық болу - сезім ұлы көктегі,
Ғасырлардан талып жеткен жаңғырып.
Сүю деген - құдырет қой, мәңгілік!
Арғы-бергі шын сүйгеннің бәрі - аңыз.
Алмасамыз, жалғасамыз жаңғырып,
Алдағы арман ғасырларға барамыз.
(«Теңселіп тұр түңгі аспан»)
Махаббат лирикасына негізделген бұл өлеңнің үні күшті. Ғашықтықты көктің ұлы сезіміне, сүюді мәңгілік құдіретке балайды. Ғашықтықтың өткеннен жаңғырып осы күнге жеткенін, оның мәңгі жасайтынын айтады ақын. Кешегінің махаббаты – бүгінгі аңыз екенін, бүгінгінің махаббаты келешек аңыз екенін де жасырмайды. 

Қар жауып жатыр себелеп,
Дүние ойға батқандай;
Ақша қар - аппақ көбелек,
Көбелек ұшып жатқандай.
Қар жауып жатыр себелеп,
Бар ғалам ойға батқандай;
Дүние - аппақ көбелек,
Қапылып ұшып жатқандай.
(«Қыс келбеті»)
Табиғат лирикасын сезінген ақынның қысты суреттеуі талғаммен жазылған. Өлеңнің басында ақша қарды қыстың көбелегіне балайды. Бұл аппақ көбелектің бар әлемді ойдың тұңғиығына батырғанын әдемі суреттейді. Ал өлеңнің соңында Жер бетін аспан әлемінде ұшып жүрген аппақ алып көбелекке балайды. Кішкентай бөлшектен үлкенге алмастыра білу де – өнер. Ақынның тек қыс табиғатын суреттеген жоқ. Әлемнің күйін суреттегендей.

Қош бол, сен, мұң кешкен шақтарым,
Ақ сезім – алғашқы ақ арман!
Жыр болып шулаған бақтарым,
Сүмбіле түндері таранған.
(«Қош бол, сен, мұң кешкен шақтарым»)
Бұл өлеңде ақын өткенін алғыс айтып «шығарып салып жатыр». Өткен өмірінің тек мұң кешкен сәттеріне ғана «қош» айтып жатыр. Сол кездегі аппақ сезімін сезімге толы арманына балайды. Ал шулаған бақтарын сырлы жырға балайды. Келер күннен мұң емес, қуаныш күтіп, одан айрылғысы келмейтін ақынның жан сыры осы жыр шумағында көрінеді. 

Сәл аялда, сап-сап көңіл мәулеті,
Бітік егін – жаңа ауылдың дәулеті;
Құлын күнім – егіз там,
Ал мұнара?
Осы ауылдың өткен кеткен әулеті.
(«Таныстыру»)
Ақынның өз туған жұртын таныстырған бұл өлеңін толық оқысаңыз, әр адамның бала шағы көз алдына елестейтінін жасырын емес. Ол өз жерімен, өз үйімен, өз ауылымен мақтанады. Жүрегін тербеген, туған елге деген асқақ махаббатынан алып ұшқан көңілінің сол бір сәтін «сап-сап» деп сабырға шақырады. Туған дала топырағын суреттеуі де ерекше. Мәселен, елдің бітік шыққан егінін ауылдың дәулетіне, ырысына балайды. Ал төбе басындағы мұнараны осы ауылдың өткен-кеткенін білетін «көзіне» балайды. 

Арман – асау. Бәрі де сұрақ маған,
Қиял – тазы, жеткізбес бір ақ табан.
Оңашада ойсырап, ортаям да
Ел көзінше «шіреніп», құр ат қонам.
(«Достарға жазған хаттардан»)
«Көк аспанның жұлдызы жамырасқан» атты өлеңінде ақын сезімін асауға баласа, «Достарға жазған хаттарында» арманын асауға балайды. Қиялын қуса жеткізбейтін тазыға балайды. Оның қиялы мен арманы шексіз екенін байқаймыз. Бір қызығы, ақын арманы мен қиялын жеті қазынаға балауы тегіннен тегін емес. Ат пен тазының құдіреттілігін астарлап, арман мен қиялды жоғары бағалайды. Асқақтық пен сезімге толы жырдың ұлттық болмыстан ажырамайтынын көреміз.

Сурет: postmania.ru

Дайындаған: Ербол Жұмабайұлы
Қосылған күні: 04 сәуір 2015, 09:02

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.