- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Образ туралы түсінік....
Образ туралы түсінік. «Классика» ұғымы
Көркем әдебиетте автор кейіпкерлерін дәл таныту үшін барлық детальдарды қатыстырады. Табиғат құбылысы, болған оқиға – бәрі-бәрі кейіпкер образын жасауға қызмет етеді. Осы «образ» термині жөнінде белгілі әдебиет теоригі Зейнолла Қабдоловтың еңбегі зор.
Оқырман көркем шығарманы оқып отырып, кейіпкерлердің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін, өзге кейіпкерлерге деген қарым-қатынасын, бейнесін, портретін тани алады. Оқырманның образды тани алуын автордың суреткерлік шеберлігінің арқасы деп білу керек. Образдың көркем әдебиетте жағымды, жағымсыз түрлері бар. Жағымсыз образдар деп З. Қабдолов Итбай, Мадияр, Кулоков, ал жағымды образдар деп Амантай, Ботакөз, Асқар дей келе, мынадай ой түйеді: кейіпкерлерді жаман не жақсы деп бөлуге болмайды.
Образдың түрлерін белгілеуде сан түрлі факторларға жүгіну керек. Мысалы, көркемдік әдіс жағынан образдарды романтикалық және реалисттік деп, тек жағынан эпикалық, лирикалық, драмалық деп, ал жасалу жолына қарай юморлық, сатиралық, фантастикалық, трагедиялық, қаһармандық деп бөлінеді.
Романтикалық образдың көне түрі қазақ әдебиетінде аңыз-ергеілерде, тарихи жырларда көрініс табады. Алдар Көсе, Асанқайғы, Алпамыс, Қобыланды, Ер Төстік, Ер Тарғын, Қамбар сынды кейіпкерлерді романтикалық образдың дәстүрлі үлгілері деп тану керек.
Ал жазба әдебиетте Сұлушаш, Күләнда, Абыл, Абдолла сынды кейіпкерлерді атауға болады.
Романтикалық образ дегеніміз қиял түбінен алынған, эстетикалық талғамы жоғары, өмірде адам баласының санасына сіңіп қалатын кейіпкерлер.
Реалисттік образ атынан белгілі, шындыққа негізделген кейіпкерлер. Олар арқылы шығармадан өмірдің ащы-тұщысын көре аласыз, тағдырдың соқпағын, өмірдің шындығын көре аласыз.
З. Қабдолов «Реалисттік образ - нанымды образ: оның мінез-құлқы, іс-әреткеті, оны қоршаған орта, оның басынан өтетін оқиға... бәрі өлшеулі, бәрі мөлшерлі. Өйткені, суреткер шыншыл образ жасау үстінде өзін шындық шеңберінен шығармайды, өзін-өзі меңгеріп, қажетті жерде ылғи іркіп отырады» деп анықтама береді.
Эпикалық образ – шығармада толық кескінделген, болмыс-бітімі анық, дараланған образ. Бір шығарма есімізге түссе, оның кейіпкерінің толық бет-бейнесі көз алдымызға елестейді. Мысалы, «Абай жолы» эпопеясында Құнанбай бейнесі: «Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз жұмыртқасындай көрінеді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне, ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Қоя берсін, салғырттығы жоқ сергек, қатал күзетші». Оқырманның көз алдына дәл осы бейне суреттеледі. Яғни, шығарманың өн бойында осы тұлғасына арылмай, сом денесімен санада жатталады.
Ал лирикалық образ дегеніміз – өлең-жырлардағы ақынның өз бейнесі не өзі суреттеген өзгеше кейіпкері. Мағжан Жұмабаевтың:
Шаңқай түсте өткiр, алтын Күн сұлу
Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу
Толып жатыр түрлi сұлу дүниеде
Бәрiнен де маған, сәулем, сен сұлу,- деген өлең жолдары мысал бола алады.
Драмалық образ сахнада көрінетін көркем бейне. Театр майталмандары сомдайтын асқақ образдар. Драмалық шығармаларда көрініс табатын образдар: Қозы Көрпеш — Баян сұлу» пьесасындағы Қозы, Баян, Күнікей, Мақпал, Жарқын, «Аманкелді» пьесасындағы Петр Логинов, Пластунов, Жайнақ, Кете батыр атты кейіпкерлер драмалық образдың үлгілері ретінде есептеледі.
Классика – әдебиеттің өнегелі үлгісі. Асқақтық пен сезімталдық, шындық пен сыр, ақыл мен нақыл үндестік тауып, үйлескен ағым. Бұл ағым Еуропа елдерінде қанат жайып, кейін әлемге тараған. Классиктердің шығармалары дәуірлер бойына жаңғырып, ешқашан ұмытылмайды. Ол үшін шығарманың мазмұны шамалы уақыт аралығындағы шындықты, бір ғана кеңістікте, бір сюжеттік желінің бойында өтетін оқиғаны көрсетуі керек. Батыс классиктері Спенсер, Спиноза, Р. Декарт, Д. С. Милль, Дрэпер, У. Шекспир, И. В. Гете, Ф. Шиллер, Г. Гейне, Д. Байрон, О. Бальзак, А. Мицкевич, А. Дюма, орыс классиктері И. А. Крылов, А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, С. А. Есенин, Шығыс классиктері Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули, Жәми, ал қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік классиктері Абай, Шәкәрім, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Т. Ахтанов, Д. Исабеков тағы басқа ақын-жазушыларымыз бар.
Сурет: bigbackground.com
Е. Жұмабайұлы