І.Жансүгіровтің мінез сомдау шеберлігі («Құлагер» поэмасындағы)

І.Жансүгіровтің мінез сомдау шеберлігі («Құлагер» поэмасындағы)

Ілияс Жансүгіровтің кейіпкер мінезін сомдауы ерекше. «Құлагер» поэмасын оқып, кейіпкерлердің тұлғасын тану оңай. Дегенмен, поэманың желісіне еріп отырып, олардың жеке қасиеттерін, мінез-құлықтарын аңғармай қалуыңыз да мүмкін. Өйткені, шығармадан бас алмай оқысаңыз, өз тұңғиығына алып кетеді. Ендеше, осы «Құлагер» поэмасындағы автордың кейіпкердің мінезін беру ерекшелігін талдайық.

Ақандай осы тауда сері жүрген,
Су ішіп, тауда шие теріп жүрген.
Қайыңдай мінсіз, таудай таза жігіт,
Көң-қоқыр, былапыттан жеріп жүрген, - көркі келісті, мінезі мінсіз азаматтың тазалығын осы шумақтан көреміз. «Ақан кім?» деген оқырманның сұрағына мына жоолдар жауап бергендей болады.

Ол емес және өзінің малын баққан,
Жалшы емес және байдың отын жаққан.
Кісіні ит етінен жек көретін
Дау қуып, арыз айтып, биге шаққан.

Жүйрік ат, сонар саят, қыз-қырқынмен
Өмірді өткізген жан өз ырқымен.
Өмірдің ащы емес, тұщысында
Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкімен.

Сандақ ед шыққан мыңнан, озған жүзден,
Көп сұлу көзін сүзген күнді өткізген.
Қызықтың айдынына құлаш ұрып,
Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген.

Солардан келе-келе жаны безген,
Өмірде әлсіздігін әбден сезген.
Сезгір жан, нәзік көңілін азап алып,
Жабырқап, жапан түзді жалғыз кезген.

Кісі емес көп қатынды үйірлеген,
Болған жоқ бір пендеге тию деген.
Текті құс тазалықты қолына ұстап,
Арманы-ақ сұлулықты сүю деген.
Поэманың «Ақан» бөлімінің осы бір шумақтары Ақанның толық болмыс-бітімін суреттеп тұр. Автор мыңнан шығып, жүзден озған сандақ деп беруінің өзі де тегіннен-тегін емес. Көп сұлудың арманы болған, жүрген жерін думанға бөлейтін қасиетімен дараланғанын көрсетеді. Пендеге артық сөзі жоқ, сұлулықты жаны сүйген Ақан мінезінің жайдары, жайсаң екенін айтады.

Естігем бұрын даңқын Көк неменің,
«Алтайдың жүйрігі онан жоқ»,- дегенін.
Жолықпай иесіне жүрген болса,
Осы жол Көк шолақты бөктеремін!

Ақанның осылай деп ектегенін,
«Құламнан озар жылқы жоқ»,- дегенін
Жеткізді Батырашқа бір қу ауыз,
«Құлаға бөктерілер Көк»,- дегенін.

Есітіп, Батыраш боп бұлан-талқан,
Көкжалды қысып кетті ашу, сайтан.
Тепсініп ақ отауға келді кіріп,
Жиған жоқ аяғын да жатқан Ақан.

Мына тұстан сұм Батыраштың ашушаңдығын, қызуқандылығын байқаймыз. Бұлан-талқан болған Батырашты көкжалға балап, оны ашудың қысқанын көрсетеді. Батыраш ақ отауға кірген сәтте жатқан Ақанды у тілімен шағып-шағып алады. Автор осы кезде Ақанның да мінезді екенін мына жолдарда көрсетеді.

Ақанға батып кетіп шалдың сөзі,
Аңырып алғашқыда қалды да өзі;
У тілмен алды шалды шағып-шағып,
Шaп берме, оның-дағы от мінезі,-деп оның да қатты мінезден құр еместігін айтады. 

Ат жарысы басталған сәтте тынымсыз Батыраштың күйін автор былай берген:
Түтігіп, қап-қара боп тұрды Батыраш
Жалғыз-ақ «Қап! Қап!» болып айтқан сөзі.
Осылай айтпағанмен ішінен сыр,
Томсарып Батыраш кеп толғатып тұр.
Кек қайнап, ыза кернеп, жауыққандай,
Қалып тұр қаны қашып, сүлдесі құр. 
Бұл жолдардан тақымын қысқан Батыраш «Қап! Қап!» деп ернін тістелеп, ашуға булығып тұр еді...
Осы секілді аз ғана кейіпкердің әр сәттегі мінезін бере білген ақынның шеберлігінде сөз жоқ шығар. Өлеңмен өрілген сюжетті оқиғаға мінезді таныту аса қиын. Шығармаға өң, нәр, реңк беру үшін осындай шеберліктер Ілияс қаламында бар.

Сурет: insightaas.com

Е. Жұмабайұлы