- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Әсет Найманбаевтың өмірі...
Әсет Найманбаевтың өмірі мен шығармашылығы
Әсет Найманбаев – асқақ үнді, әсем ырғақты әндер шығарған сазгерлігіне қоса әдеби қорымызға көркемдігі жоғары мол мұра қосқан ақындығымен де оқшауланатын тұлға. Бұл тұрғыда ол – әлеуметтік ойларын, демократиялық-ағартушылық идеяларын өлеңмен, әнмен таратқан Абайдың бағытындағы ақын және оның алдын көрген талантты шәкірттерінің бірі.
Әсет Найманбаев 1867 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Мақанша ауданындағы Бақты ауылында дүниеге келген. Әсеттің ән мен өлеңге әуестігі медреседе оқып жүргенде-ақ байқалады. Жаттау, есту қабілеті аса жоғары болған ол ауылға келген әншінің әнін, жыршының мақамын бір естігеннен қағып алатын болған. Әлімғазы деген болыс оның әншілігін, ақындығын білген соң өзінің жанына тартады. Ол Әсетті ер жетіп, айналаға әншілік даңқы щығып, әбден атақты өнерпаз болғанша көз жазбай қадағалайды. Қоянды жәрмеңкесіне барып, Арқаның ән мектебінен сусындап, оның әсем әндерін Жетісу мен Тарбағатай өңіріне жеткізуші, Біржанның, Ақанның, Құлтуманың әндерін шығыс аймаққа таратушы болады. Әсеттің ақындық мұрасын, яғни поэзиялық шығармаларын үш топқа бөліп қарауға болады. Олар: 1) өлеңдері 2) айтыстары 3) қисса-дастандары. Әсет өлеңдерінің ішінде халыққа айрықша танымал бөлігі – оның ән-өлеңдері. Барша халық оның басқа өлеңдерін, айтыстары мен қисса-дастандарын көп білмесе де, «Інжу-маржан», «Қысмет», «Мақпал», «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Қоңыр қаз» тәрізді әндері жақсы біледі. Ақынның ән-өлеңдерінің дені жастық шақ, сүйіспеншілік, махаббат тақырыбына арналған. Сазгер Ахмет Жұбанов «Әсет шығармашылығының шыңы» деп баға берген «Інжу-маржан» әні – сөзі мен әуені шебер ұштасқан, өзіндік өрнегі, мәнерімен ерекшеленетін қазақ әндерінің ғажап дүниесі.
Өлеңдегі ақынның өзі жайында мағлұмат беруі, өз ерекшелігі, өнердегі, өмірдегі жолы, ата тегі жайлы баяндау ежелгі дәстүрдегі суырыпсалма ақындарға, сал-серілерге тән әдіс. Бұл дәстүрді Әсет те жалғастырған. Әсеттің сөзден бал тамызар шешендігін, суреткерлігін, маржан сөзді нөсерлете төгетін асқақ шабыты мен ақындық қуатын танытатын өлеңдерінің бірі – «Арғынмын, атым Әсет арындаған» деп басталатын өлеңі. Бұл өлеңде төкпе ақындарға тән шалқар шабыт та, сұлу үйлесімділік те орын тепкен.
Әсеттің айтыскерлігіне тоқталсақ, Әсет пен Ырысжанның айтысы – сипаты жағынан қыз бен жігіт айтысы түріне де, жұмбақ айтыс түріне де жатқызуға болатын айтыс. Айтыстағы қалыптасқан дәстүр бойынша, әр ақын өз руының атақты адамдарын, бай-мырзаларын, жер, суын, елін айтып мақтанатын, сол арқылы өздерінің артықшылықтарын көрсеткісі келетін. Әсет пен Ырысжанның айтысы бұндай көзбояушылыққа жол бермеді.
Ақынның мол мұраларының бірі – қисса-дастандар. Бұл салада әдеби қауымға оның тұңғыш белгілі болған шығармасы - «Евгений Онегин». Абайдан кейін Евгений Онегинді қазақ халқына жеткізу – Әсеттің әдебиет тарихынан үлкен орын алатын еңбегі, қазақ және орыс әдебиетіне қосқан үлесі десек болады. Біраз дастандарын Шығыс әңгіме-аңыздарының оқиғасынан алып жырлаған Әсет Найманбаев бірінші рет өз дастанының оқиға желісін орыс өмірінен алып жырлаған. Сертке беріктік, уәдеге адалдық – Әсет шығармаларында ең көп жырланған тақырып. Әсет дастандарында махаббат, байлық, мансап, зұлымдық, адамгершілік бірдей қатар орын алып, шытырман оқиғалардың дамуы да, шешілуі де қызықтырып отырады.
Әсет шығармашылығының қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихынан алатын орны ерекше. Оның әуен саздары да, өлеңі де өнерімізге қосылған зор үлес. Өлең сөздерінен Әсеттің арманы, өнер жолындағы өмірі, өкініші мен қуанышы – бәрі, бүкіл жан дүниесі сезіледі. Оның әдеби және музыкалық мол мұрасы халықтың рухани игілігіне айналған, эстетикалық және тәрбиелік мәні зор ұлттық қазына.
Сурет: niks08.ru
Оқи отырыңыз:
Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат диалогы», «Қайран, Қарасазым-ай» өлеңдеріне талдау
Қабдеш Жұмаділовтың "Тағдыр" романындағы ел бірлігі, ұлт мүддесі мәселелері
Ойшылдық пен философияның көркем шығармашылықта алдыңғы планға шығуы
Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: Жаңа тақырыптардың пайда болуы
Ж. Исакаев