- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Қашаған өлеңдеріндегі ізгілік...
Қашаған өлеңдеріндегі ізгілік қасиеттердің дәріптелуі, халық мұратының жырлануы және әділетсіздіктің сыналуы: "Берекет ақынға" өлеңі
Қашаған Күржіманұлы (1840-1924) Хорезм облысына қарасты Ташауыз деген жерде дүниеге келген. Ақынның әкесі ол бесіктен шықпай жатып-ақ қайтыс болады. Қашағанның жас шағында анасы Ырысты Жем өзені бойын жайлаған ағайындарына көшіп келіп, ақынның қалған өмірі Гурьев облысының осы Жем өзені маңында өтеді. Қашаған елінің мекені – қазіргі Қосшағыл, Қараөзек. Ақын он жастан асқанда шешесі де дүниеден өтіп, немере ағасы Сәрсенбайдың қолында қалады. Тұрмыс қиындығын көп көрген Қашаған 15 жасынан өз бетімен еңбекке араласады. Жасынан сергек, ұғымтал жас елдегі ойын-сауыққа да араласып, ақындардың өлең-жырларын зер сала тыңдайды. Халық ауыз әдебиетінен нәр алып, ел өмірімен жете таныс болады. Қара жұмыс соңында жүріп, өлең-жырға әуестенеді. Қашаған жалданған саудагерлердің ішінде Сергей деген көпес оның талапты жас екенін аңғарып, оған ақыл-кеңес береді. Өлеңнің құдіретін, өнердің қыр-сырын бағалау керектігін ескертеді. «Аруақ қонып» ақындық жолға түскен Қашаған Нұрым мен Абылды өзіне ұстаз тұтқан. Ел аузында Қашаған айтыпты дейтін мына бір ауыз өлең осы пікірді растайды:
«Абыл мен Нұрым, Ақтаным,
Осылар еді тапқаным.
Осылар маған үйреткен,
Тарихтың ескі ақпарын».
Қашағанның аты көрші түрікпен еліне де белгілі болған. Қашаған – халық жырларын, Махамбет өлеңдерін жадында сақтап айтып келген, айтыстарға түскен, жеке тақырыптарға арнап өлеңдер де шығарған жан-жақты ақын. Қашаған эпостық жанрда да көрініп, көлемді жырлар да толғаған. Академик А.Жұбановтың айтуынша, Қашағанның Құрманғазының «Көбік шашқан» деген күйі аттас поэмасы да болған. Бұл поэманың негізгі арқауы ретінде Каспий теңізінің тасуына байланысты елдің апатқа ұшырауын, халық қайғысын кең суреттеген. Қашаған ақынды ізгілік пен адамгершіліктің жаршысы десек те болады. Оның өлеңдерінде ел басына түскен ауыр кезең тебіреніспен жырланып, туған ел қайғысы бейнеленеді. Кіші жүз қазақтарының өткені мен келешегіне толғанады. Мысалы, Каспий теңізі 1895 жылы тасып, жағадағы жеті болыс елді топан су басып, шерлі күйге түскен халықтың мұң-зарын «Топан суы басқанда» атты толғауымен танытады. Бұта-талына дейін қымбат үйреніскен қоныстың, тыныштығынан айрылған елдің жағдайын жырлайды. Топан селінің басуын ақын ел пейілінің тарылып, тәубеден жаңылып, ел билеушілердің көрсеқызарлыққа салынуына байланысты тағдыр тартқызған жаза деп ұғынады. Халық басына түскен бұл апат ауыртпалығы жағадағы елдің барлығына бірдей, кедей-бай, жақсы-жаман демей түгел жұтқа ұшыратқанын айтады. Ақын негізінен тіршілік құты – еңбекті дәріптейді. Ақынның жеке тақырыптарға жазған өлеңдерінің де әлеуметтік мәні жоғары, ойлы, парасатты. Ел бастаймын деген адам өзінің жеке басының мүддесінен халық мұңын жоғары ұстай білуі керек деп, халық ынтымағын ұзақ толғайды. Халық бақыты, жоқ-жітік қамы әрбір ер азаматтың алдына қояр мақсат деп біледі. Береке мен бірлікті ардақтап, ел-жұрттың тынысын тарылтатын егестен аулақ болуды насихаттайды. Қашағанның – «Ізбас ақынға», «Кетеден шыққан келінге», «Қыз сыйына», «Берекет ақынға», «Күнзина қызға», «Байұлы туралы», «Той бастар» тағы басқа өлеңдері ақын творчествосының кең арналы екендігін көрсетеді. Ақын мысқыл сөзге ұста. «Кетеден шыққан келінге», «Шалбарбайға» деген өлеңдері орынды мысқыл мен кекесінге толы. Байлардың сараңдығын әр түрлі жағдайда мінеп, олардың жұғымсыз бейнелерін келемеждейді. Қашаған байдан да, биден де қорқып, тіл тартпаған өткір тілді, батыл ақын. Бұл ақынның байларды сынаудағы бір өзгешелігі. Өнегесіз атаның ұлы елге опа таптырмайтынын Берекет ақынға үгіт-насихат ретінде сынап айтқан өлеңінен ақынның оптимистік идеяларын анық аңғарамыз. Қоғамдық мәні зор мәселелерді жырлап өткен ақын барынша батыл сөйлейді. Ешкімнің бет-ажарына қарамай, тайсалмай әркімнің мінін ашық айта білген. Ақын өлеңінде пейілді, адамгершілігі мол, әлсізге қамқор, қысылған жерде қол берер, ағайыншылығы зор ерді арман етеді. Ол асыл адамға тән тұлға, бітім, ой-түйін, мінез-құлық, іс-әрекеттерді айқын теңеулер арқылы қозғап, оған сын көзімен қарайды.
Көрнекті жыршы Қашағанның өлеңдері қазақ әдебиетінің өркендей түсуіне тиісінше ықпал еткені даусыз. Қашаған өлеңдері терең ойлармен астасып, сол ойлар сөздің маржанындай тізіліп, парықсыз сөз шығарып көрмеген рухани құндылықтың жыршысына айналған.
Сурет: Мassaget.rz
Оқи отырыңыз:
Мағжан Жұмабаев шығармаларының жанрлық ерекшелігі
Абайдың қазақ поэзиясына енгізген жаңалықтары
Шоқан Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі» атты зерттеу еңбегі туралы
Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бес», «Арарай» әндері
Ж. Исакаев