- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Образды жинақтау мен...
Образды жинақтау мен даралау тәсілдері
Мектеп оқушыларына әдебиет мұғалімдері қашаннан бері образдың негізгі екі түрін атап, түсіндіріп келеді. Олар – жағымды образ және жағымсыз образ. Әрине, бұл түрлердің белгіленуінде әжептәуір логика бар: суреткердің өз шығармасындағы әр образды жасау тенденциясына қарап, әр образдың мінез-құлқына, кескін-кейпіне, іс-әрекетіне қарап, оны не ұнатамыз, не ұнатпаймыз. Мысалы, Амантайды, Ботакөзді, Асқарды ұнатсақ, Итбайды, Мадиярды, Кулаковты ұнатпаймыз. Осыдан келіп, жағымды образ және жағымсыз образ деп екіге бөлеміз. Образдың жасалу тәсілдеріне лайық образдың түрлері туады. Образдың жасалу тәсілдерінің әр алуандығы сияқты, оның түрлері де әр алуан. Образдың түрлерін белгілеудің бірнеше (әдістік, тектік, тәсілдік) факторы бар. Көркемдік әдіс тұрғысынан келгенде, образ екі түрлі: романтикалық образ, реалистік образ. Әдеби тек тарапынан келгенде, образ үш түрлі: эпикалық образ, лирикалық образ, драмалық образ.
Романтикалық образ – әдебиеттегі адам бейнесінің байырғы түрлерінің бірі. Бұл образдың алғашқы үлгілері баяғы көне дүние әдебиетінде, оның «әрі өнген топырағы, әрі байлық қоры» болып табылатын мифте, қала берсе, қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде жатыр. Әрқашан алға, алысқа, арманға асыққан халықтың қиялы да телегей-теңіз. Ал романтикалық образдың негізінде қиял жатады. Романтикалық образ өмірдегі болған немесе бар деректерден гөрі өмірде әзірше жоқ, бірақ болатын дерекке негізделеді.
Қазақ әдебиетіндегі романтикалық образдың ежелгі түрі халық ертегілері мен аңыздарында, батырлық дастандары мен тарихи жырларында жасалды. Сонау Желаяқ пен Көрегеннен, Саққұлақ пен Таусоғардан бастап Алдар Көсе мен Асан қайғыға дейін, одан Алпамыс пен Қобыландыға, Тарғын мен Қамбарға дейін қазақ фольклорындағы романтикалық образдың небір ғажайып үлгілерін көруге болады. Сәбит Мұқановтың Сұлушашы мен Жұмағали Саинның Күләндасы, Әбділда Тәжібаевтың Абылы мен Қасым Аманжоловтың Абдолласы – қазақ әдебиетіндегі көптен-көп романтикалық образдардың жекелеген қадау-қадау үлгілері ғана. Әйтпесе, бұл тізім жалғана береді.
Реалистік образ – әдебиеттегі адам бейнесінің ең сымбатты, шынайы түрі. Мұның сымбаттылығы да, шынайылығы да шыншылдығында; бұл – кәдімгі өмірде болған, бар және бола беретін, бірақ қайталанбайтын, әрқашан бұрын-соңды белгісіз тың қырынан көрініп, ылғи жаңарып отыратын тип. Дұрысында, образ атаулының айрықша мағыналы, мәнді түрі де осы – реалистік образ. Мысалға Т.Ахтановтың «Дала сырындағы» Қоспан образын алып қарайық. Бұл – кәдімгі адам; өзіміз өмірде күнде кездестіріп жүрген қарапайым көптің бірі. Командирі «Үлкен қара» атап кеткен еңгезердей ірі Қоспанның «әскерде теңкиіп оң жақ қанатта» тұратыны, «жан біткенге сеніммен қарайтын нұры жұмсақ томпақ көзі, жылы шырайлы ашық жүзі», ең арғы жағы аяғына қырық төртінші ботинка киетініне дейін бәрі таныс, ешқандай оқшаулығы жоқ, бәрі әдеттегідей, әркімнің-ақ көршісі немесе көз көргені секілді.
Эпикалық образ – кескін-кейпі, мінез-құлқы, іс-әрекетімен тұтас көрінген әрі толық жинақталған, әрі әбден дараланған тип. Портрет пен мінездеу, диалог пен монолог, түрліше сезімдер мен харакеттерді суреттеу секілді көркем бейне жасаудың көп-көп амал-тәсілі әсіресе эпикалық образ үшін керек. Өйткені мұнда адамның түр-түсін де, ішін де, ісін де кең суреттеп, мол көрсетуге, терең әрі жан-жақты танытуға мүмкіндік бар, кәдімгі тірі кісідей өзін көзбен көруге, қимылын бақылауға болатын, өскен ортасын күллі ой-қырымен байыптауға болатын күрделі, кесек қаһарман. Эпикалық образ – бедерлі бейне, әрі нақты, әрі қатты тұлға. Эпикалық образдың үлгісі ретінде Абайдай дананы дүниеге әкеліп, тәлім берген Құнанбайды атауға болады.
Лирикалық образ – сыршыл өлең-жырлардағы ақынның өз бейнесі, оның ішкі бітімі, ақынның мың иірім көңіл-күйінен – нәзік сыры мен сылқым сезімінен өріліп жасалған өзгеше кейіпкер. Мұнда, эпикалық образдағыдай, ұзақ, кең, мол суреттеліп, жан-жақты ашылған адамның сыртқы кескін-кейпі де, қымқуыт шиеленісіп жатқан тағдыры немесе іс-әрекеті мен қимыл-харакеті де тұтасып көріне бермеуі мүмкін. Оның есесіне адамның аса терең әрі нәзік ашылатын ішкі сыры, мінез-құлқы, жан-тынысы айрықша әсем айшық табады. Эпикалық образ – нақты болса, лирикалық образ шартты.
«Атың Сана, көзің қара гөзәл қыз,
Жыр жаздырдың жүрегімнен амалсыз.
Мен кетермін, альбом ашып қарарсыз,
Ақын қазақ ағаңды еске аларсыз.
Тавриз – Баку аспанында күн Сана,
Күміс Каспий жағасында гүл Сана.
Жүрегің мен жүрегімді бір сана,
Айтарым көп, айтқызбай-ақ біл, Сана», - деген өлең жолдарында әзірбайжан қызының әдемі образы бар. Қасым Аманжолов ақынның өзі айтып отырған «күміс Каспийіндей» шалқып-толқыған көңіл күйі арқылы, таза, терең тербелген телегей сезімі арқылы жасалған.
Драмалық образ – эпикалық не лирикалық образдар секілді қағаз бетінде емес, тура өмірдің өз аясында – сахнада көзбе-көз, қолма-қол жасалатын көркем бейне. Мұны кейде «сахналық бейне» деп те атай береді.
Қарабай мен Телқара, Жүзтайлақ пен Сәуле – драмалық образдар, өйткені бұларды біз тек қана сахнадан, актерлердің ойындары арқылы жүзбе-жүз көреміз. Жалғыз-ақ, драмалық образдың бір кемшін жері эпикалық не лирикалық образдар секілді кітап бетінде бар қасиетін сақтап қалып, мәңгі өмір сүре алмайды, әр образ өзін жасаған актермен бірге кетеді, көрген адам санасында тек әсері мен елесі ғана қалады. Бұл ретте кейде әрбір сахналық бейненің бар ғұмыры бір кештік тәрізді.
Сурет: alinea.pro
Оқи отырыңыз:
Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бес», «Арарай» әндері
Сабақ жоспары: М.Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасы
Әдеби-мәдени даму бағыттары (кеңес дәуірі)
Cәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романының көркемдік, композициялық ерекшеліктері
Ж. Исакаев