- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Үкілі Ыбырайдың «Жиырма...
Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бес», «Арарай» әндері
Қазақ әдебиеті мен өнерінің тарихында өзінің ерекше шығармашылық талантымен айқын із қалдырған әнші-ақындардың бірі – Ыбырай Сандыбайұлы. Ол халық арасында және кейінгі ұрпаққа Үкілі Ыбырай деген атпен мәлім.
Ыбырай Сандыбайұлы 1856 жылы Ақмола облысының Көкшетау уезіне қарасты № 5 ауылда дүниеге келген. Әкесі Сандыбай ұсталықпен күн көрген шаруалы адам болған. Әйтсе де баласының оқу мен өнер қууына кедергі жасамаған. Үкілі Ыбырайға өнер сегіз жасынан бастап дарып, әншілікке, ақындыққа ден қойыпты. Қолына түскен әр алуан кітаптарды оқып, қисса-хикаяларға қатты құмартқан Ыбырай «Қыз Жібек», «Мұңлық-Зарлық», «Бозжігіт» сияқты көптеген дастандарды жатқа айтатын болған. Ол Шығыстың әйгілі «Мың бір түн», «Тотының тоқсан тарауы» тәрізді шығармаларын өлеңмен жырлаған. Үкілі Ыбырайдың артында мол мұра қалды. Сыршыл да сазды Ыбырай әндері өнер сүйер халықтың аузында әлі күнге дейін айтылып келеді. Қазақ халқының рухани мұрасында сөз өнері мен саз өнері, яғни поэзия мен музыка, өлең мен әуен тығыз астасып жатыр. Ертерек кезеңдерде ақындардың әрбір өлеңі домбыраның немесе басқа да бір саз аспабының сүйемелдеуімен белгілі бір әуенге салынып орындалатын болған. Сол себепті де өлеңнің авторы ақындықпен қатар сазгерліктен де, әншіліктен де құралақан болмаған. Ыбырай да, міне, осы дәстүрде қалыптасып, өз өнерін шыңдап өсті. Ең алдымен қойнауы сырға толы туған халқының аса бай ауыз әдебиетімен жете таныс болды, тамаша дәстүрлерден нәр алды. Үкілі Ыбырай нәр алып сусындаған тағы бір тағылымды бастау – қазақтың ұлттық саз өнері, халықтық музыка мұрасы. Оның ән-әуендерінен ежелгі ұлттық құндылыққа бағаланар халықтық сарын, одан бергідегі Ақан Сері, Біржан салдардың өнерпаздық дәстүрінің әсерлі іздері айқын байқалады. Бірақ, Ыбырай осы дәстүрлі сарынның шеңберінде қалып қойған жоқ, оларға өз өрнегін, өзіндік жаңашыл ерекшелігін де ала келді.
Лирика – ақынның көңіл-күйінің көрінісі. Қай ақынның өлеңін алып қарасақ та, одан ақын басынан кешкен өмір кезеңдерінің белгілі бір сәтін көреміз. Ақын өзінің лирикалық кейіпкерінің жай-күйі арқылы өз жанының сезім толғаныстарын, көңіл күйін бейнелейді. Үкілі Ыбырайдың ән-өлеңдерінде де осы қасиет айқын байқалады. Өнерпаздың ел арасында кеңінен тараған, шынайы суреткерлік талантын танытатын «Жиырма бес», «Мақпал», «Қарақат көз», «Гәкку», «Қалдырған», «Арарай», «Маңмаңгер», «Шалқыма» сияқты әйгілі шығармалары бар. Ыбырайдың жастық шақ, махаббат тақырыбындағы осы тәрізді лирикалық туындыларында жастардың бойындағы алабұртқан ыстық құштарлық та, бозбаланың арпалысқан сезімі де, қуаныш сезімінің сыры да, трагедиялық сыр, күйлер де мол кездеседі. Бұл ретте оның «Қаракөз», «Алай көк», «Қалқа бала», «Жиырма бес», «Арарай» тәрізді сұлулық пен сезім жарастығын тоғыстырған ән-өлеңдерін атауға болады. Үкілі Ыбырай ғашықтық, жастық жырларында майда қоңыр, жұмсақ мінезді романтик ақын ретінде көрінеді. Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бес», «Арарай» әндеріне тоқталсақ, ол тек адам бойындағы асыл қасиеттерді ғана жырлаумен шектеліп қалған жоқ. Бұл шығармаларында мағынасыз жолдар, олақ ұйқастар атымен жоқ. Ол адам жанының тереңінде жатқан құпия сырларын қозғайтын ойнақы сөздер мен үнді және әдемі әуендерді шебер мәнерлей білген. Шығармалары бірде қылыштың жүзіндей өткір, енді бірде ойнақы әзілге толы, ал кейде терең философиялық иірімдерге бай болып келеді. Ақынның туындыларында өмірдің, адамның жарастықты көркем қалыптары, жастық шақтың нәзік сырлары әдемі өріліп жатады. «Жиырма бес», «Арарай» әндері Ыбырай шығармашылығының жаңа бір белесіндей. Себебі, бұл кезеңдегі шығармаларында суреттеу тәсілі, бейнелеу әдісі өзгеше сипат алған. Ыбырайдың «Жиырма бесінде» жиырма бестегі жастықтың буы айнадай айқын. «Жиырма бес» әнін қайта тірілткен Қайрат Байбосынов және оның шәкірттері.
Ыбырай Сандыбайұлы талантының тағы бір тамаша қыры оның суырыпсалма ақындығы еді. Бүгінгі бізге жеткен Ыбырайдың шешендігі мен суырыпсалма ақындығын танытар Доскей және Құдайберген ақындармен айтысы. Дарынды әнші-сазгер, асқақ үнді ақын Үкілі Ыбырай өз заманындағы әр алуан әлеуметтік мәселелерді көтерген алдыңғы қатарлы өнер қайраткерлерінің бірі болды. Оның әдеби және музыкалық мұрасы халқымыздың сарқылмас рухани асыл қазынасындай.
Сурет: windshoes.khan.kr
Оқи отырыңыз:
Әдеби-мәдени даму бағыттары (кеңес дәуірі)
Балуан Шолақтың «Құлан кісінес», «Желіп-желіп», «Кенже қоңыр» әндері
Тың игеру кезеңіндегі қазақ әдебиеті
Жамбыл Жабаевтың «Зілді бұйрық» өлеңін талдау
Ж. Исакаев