Кітап оқуға құмарлық

Кітап оқуға құмарлық

Көзі ашық көкірегі ояу адам– кітапты көп оқыған, ғылымға бір табан жақын, белгілі бір салада жетістігі бар, дүниетанымы кең тұлға. Бұл анықтама Даль сөздігінде жазылған. Мұндай жандар ана тілінің кәусарымен сусындап, ақыл-парасатымен өзгелерден ерекшеленеді.  Өмірдің сан соқпағына төтеп беріп, басқа түскен қиындықтың шешімін жылдам табады. Олармен әңгіме дүкен құрудың өзі – бір бақыт. Өйткені жан сарайыңды ажарландырып, тек адамзаттың кейбірі ғана білетін әлемге енуге мүмкіндік береді.

Біз өмір сүріп отырған заманда ақпаратты күн сәулесімен пара-пар жылдамдықпен жеткізетін құралдар өте көп. Соңғы жаңалықтар туралы көлікте отырғанда радиодан, шәй ішіп отырып көгілдір экраннан, қоғамдық орында газеттен, журналдан немесе интернеттен құлақдар боламыз. Бірақ осылар бір арнаға тоғысып, түмен болып біріксе де, кітапты ешуақытта алмастыра алмайды. Ең мықты деген фильмнің өзі бізді режиссер болу құқығынан айырады. Ал кітаптың жайы бөлек. Авторлықтан өзге құқықтарға иеленіп, кейіпкерлердің бейнесін қалағанымызша түрлендіре аламыз.

Жаңа бір нәрсе білу үшін ғана кітап оқу - үлкен қателік. Көркем әдебиет қиялымызды қанаттандырып, мына жалғаннан жақсылық пен мейірімділікті көруге үйретеді. 

Көңілімізде бөгде ой жоқ, кіршіксіз, пәк кезімізде оқылған кітап жүрегімізге таза дүние қондырады.

Біз секілді жастардың балалық шағы еліміз есеңгіреп, енді ғана есін жиып жатқан шақпен тұспа-тұс келеді. Өйткені ол кезде тек әл-ауқатымыз емес, жүрегімізде үрей, санамызда күдік, болашағым қандай болмақ деген ойдың жетегінде жүрген кез еді. Әрине, кітапқа деген махаббатымды оята алмадың деп ата-анамызды айыптай алмаймыз. Олар бар болғаны біз үшін маңдай терін төгіп, қара жұмыстың адал орындаушысы болып, тіршіліктің қамын ойлауға мәжбүр болды.

Кітап оқудың пайдасы зор екендігін айтып жатқан кезде адамдар нені меңзейді? Бос уақытты өткізу, демалу, миды сергітуден өзге кітапты қандай мақсатпен оқимыз?

Сапасы алтыннан артық мөлдір туындылардың пайдасын бірден аңғаруға болады. Жақсы кітап дүниетанымызды кеңейтіп, есте сақтау қабілетімізді жақсартады. Сөздің парқын түсініп, қай кезде қалай сөйлеу керектігін де үйретеді.

Көп адам табысты болуды армандайды. Биік шыңдарды бағындыруды алдына мақсат етіп қояды. Алайда, осы табысқа қол жеткізу үшін ең алдымен болашақты болжап, дұрыс жоспар құра білу керек. Ал дұрыс жоспар құрып үйрену үшін ойдың құнарлылығын арттыра түскен абзал. Біз айтып отырған құнарлану құбылысы кітапты көп оқыған кезде ғана жүзеге асады. Мұны әркім өз тәжірибесінде тексеріп көре алады. Ол үшін бір ғана классикалық шығарманы оқу жеткілікті. Нәтижесінде екі сөздің басын құрай алмай, диалект сөзді көп айтатын жандар паразит сөздерден де арылып, сөз қолданыстарын орнымен жұмсайды.  

Туындыны оқып отырып автордың айтпақ ойын ұғынуға тырысамыз.

Ол логикалық ойлауды жетілдіреді. Сенбейсіз бе? Олай болса, Ақтөбе өңірінің тумасы Зияш Төлеуованың «Банкирдің өлімі» атты екі мың данамен жақында ғана басылып шыққан детектив жанрындағы кітабын оқып көріңіз. Бұдан өзге әлем әдебиетінде өзіндік орны бар Артур Конан Дойлдың «Шерлок Холмс хикаялары» атты туындысын байқап көруіңізге болады.

Кітапты көп оқыған соң кез келген ситуацияда жылдамдық танытасыз, бас кейіпкердің орнында болсам қайтер едім сынды ой келеді. Немесе басыңыздағы оқиға кітап кейіпкерінікімен пара-пар келуі мүмкін. Байқағыштық қасиетіңіз артып, айналаға сын көзбен қарайсыз. Автор сипаттаған кейіпкерге қарап, жақын таныстарыңызды көргендей боласыз. Осылайша психологияның қыр-сырын меңгере бастайсыз.

Көңілсіз жандар үшін пайдасы бар екені рас па? Қайғы мен мұңның ойып салған жарасын толтыру қиын. Десе де бұл комедия жанрында жазатын авторлардың қолынан келеді. Қазақ әдебиетінде комедияның атасы – Бейімбет Майлин. Ауылды, сонау тарихи кезеңді дәл бейнелеген шығармаларын оқып отырып, еріксіз жымиямыз. Арасында сатира да бар. Бұдан өзге әлем әдебиетінен О Генридің шығармаларын оқуыңызға болады.

Кітап біздің рухани дамуымызға әсер етеді. Жақсы кітап жан дүниеңізді арайландырып, жүректің таза болуын құдды анаңыздай бақылайды.

Мұнымен қатар, ғалымдардың зерттеулерінен мысал келтіруге болады. Олар кітап оқу арқылы бала көңіліміздің мәңгі жас болып, миымыздың тың қалпын сақтауға көмектесетіндігін айтады. «Кәрі адамдарға кітап оқудың бірнеше пайдасы бар. Сөздер ойлау формысына өткен сайын когнитивтік қызметтің жақсаруына әкеледі. Екіншіден, бойды жинақы етеді. Оны мидың тың қалпын сақтауға көмектесетін құрал ретінде пайдалануға болады», - дейді қартаң адамдармен жұмыс істеу орталығының қызметкері Урсула Ленз.

Кітап – адамның досы. Енді осы досымыздың келбетіне оралайық. Қай кітап пайдалы? Қайсысының пайдасы жоқ?

«Білім алу арқылы кітап оқуды үйренеміз, алайда қай кітаптың жақсы екенін бірден таңдай алмаймыз», - дейді Д. Травельян.

Сонда пайдалы оқу деп нені айтамыз? Жақсы кітап деген не? Біріншіден, кітап алғашқы беттерін парақтаған кезде-ақ өзіне еліктіре түсуі керек. Біздің эмоциямызды өзге адамдарға жария етіп, махаббатты сезінуге, күлуге, жылауға мәжбүрлейтін кітаптар туралы айтылып жатыр. Екіншіден, кітап өте көркем тілмен жазылуы тиіс. Үшіншіден, ол оқырманға ой салғаны абзал. Кітаптың стилі де оқырманға әсер етеді.

Саржағал баспасөз бен арзан детективтердің пайдасы аз. Мұнымен қатар, үнемі бір ғана жанрды таңдап оқудың қажеті жоқ. Мысалы, фэнтези жанрындағы кітаптарды көп оқитын қыздар сол әлемге еніп, есейген шақта да өзін баладай сезінуі мүмкін.

Оқып отырып оларды міндетті түрде салыстырасыз. Бірнеше шығармада ұқсастық бар екенін байқайсыз. Ол ұқсастықтың астарында ақиқат жатқанын да көресіз. Мысалы, Анна Каренина мен «Шырағың сөнбесіндегі» Нәзираның болмыстарында, іс-әрекеттерінде бір ұқсастықты байқауға болады. Екеуі бір-бірінен мүлде бөлек кейіпкер болса да, әйел адамның әрдайым ыстық махаббатты, өзіне деген үздіксіз қамқорлықты аңсайтындығын көрсеткендей болады.

Келесі назар аударатынымыз – тарихи романдар. Онда қастандық, махаббат, сот ісі, ұлы адамдардың өмірбаяны баяндалады. Кейде бір кейіпкердің көп шығармаларда әртүрлі қырынан бейнеленетіндігін байқауға болады.

Әдебиетте поэзияның да ойып алған орны бар. Қысқа ғана көлемге қуанышты да, қайғыны да, махаббат пен азапты да, трагедия мен комедияны сыйдыра білу қасиеті бар. Бұлар тек эстетикалық талғамды қалыптастырып қана қоймай, сөздік қорымызды молайтады. Оқып отырған кезде еркіңізден тыс автордың эмоциясын қабылдауға мәжбүр боласыз.

Жаңа заман әдебиетінің барлығы мақтан сөзге лайық болмаса да, арасында мойындауға тұрарлықтары бар.

Ал бір саланың маманы болғыңыз келсе, арнайы әдебиеттерді таңдаңыз. Яғни қандай кітапты оқу керектігі өзіңіздің жылжып келе жатқан бағытыңызға байланысты.

Осы күндері Сессилия Ахерннің, Николас Спаркстың, Оливия Уэдслидің қыз-бойжеткендерге, әйелдерге арнап жазғандарын көбіміз оқимыз. Олар жақсылық пен сұлулықты көруге, сезімнің жылуын сезінуге көмектеседі. Десе де құнарлы әдебиеттің деректерге толы болатындығын, ең бастысы, ой салтынын ұмытпаңыз.

Сурет:rudaki.ru

Қ. Бүйенбай