Мағжан Жұмабаевтың «Туған жер», «Сен сұлу» өлеңдеріне талдау

Мағжан Жұмабаевтың «Туған жер», «Сен сұлу» өлеңдеріне талдау

Мағжан ақынның өлеңдеріндегі сұлулықта шек жоқ. Оқыған жан оның әр жырынан нәзіктік пен үйлесімдікті сезіне алады. Ал мына "Туған жер", "Сен сұлу" атты өлеңдеріне жасалған талдаудан ақынның қарабайыр сөзден ада, қазақтың құдіретті сөз өнеріне бай екенін тағы да байқай аласыздар.

/Бұл жарыққа // аяқ басып // туған жер/ 11 б
/Кiндiк кесiп, // кiрiм сенде // жуған жер/ 11 б
/Жастық – алтын // қайтып келмес // күнiмде/ 11 б
/Ойын ойнап // шыбын-шiркей // қуған жер/ 11 б

/Жаратылдым // топырағыңнан, // сен – түбiм/ 11 б
/Жалғаны жоқ // бәрi сенен // жан-тәнiм/ 11 б
/Сенен басқа // жерде маған // қараңғы/ 11 б
/Жарық болар // Шолпан, Айым,// сен – Күнiм/ 11 б

/Тәттi суың // дәмi аузымнан // еш кетпес/ 11 б
/Қалың нуың, // қыр, суыңа // жер жетпес/ 11 б
/Кең далаңда // ойын ойнап // қалсамшы/ 11 б
/Жазу болып // адамзатқа // ер жетпес!../ 11 б

/Балақ түрiп, // қозы қуып //жарысып/ 11 б
/Батпағыңда // тең құрбымен // алысып/ 11 б
/Түнде – ақсүйек, // алтыбақан, // ал күндiз/ 11 б
/Үйретем деп // асау тайға // жабысып/ 11 б

/"Адам басы - // Алла добы" // деген рас/ 11 б
/Қалай қуса // солай кетпек // сорлы бас/ 11 б
/Кiм бiледi, // мен де шетке // кетермiн/ 11 б
/Туған жерiм // сенi тастап // басым жас/ 11 б

Бұл «Туған жер» атты өлең бес шумақтан, әр шумақ төрт тармақтан, әр тармақ 11 буыннан құралған. Және де өлең қара өлең ұйқасына негізделген. Автор оқырманына тігісін шығармай, өлеңнен кесте тоқып бергендей. Өйткені, әр шумақ көркемдеуіш құралдармен өрілген. Өлеңнен эпитетті де, метафораны да, аллитерацияны да, мақалды да, метономияны да көре аламыз. Эпитеттерді тізіп көрсек: ұл жарыққа аяқ басып туған жер, кiндiк кесiп кiрiм сенде жуған жер, шыбын-шiркей қуған жер, тәттi су, қалың ну, кең дала, тең құрбы, асау тай, сорлы бас, туған жерiм.

Мына тіркестерсіз өлең жалаң болар ма еді? Демек, эпитеттер өлеңге өң беріп отыр. Ал метафоралардың мына өлеңде қызметі қандай болған екен? Жастық – алтын, сен – Күнiм, Адам басы – Алла добы. Қайтып келмес жастық шағын алтынға балауы бекерден бекер емес. Алтын қандай бағалы болса, адамның жастық шағы да бағалы. Ақынның «Жарық болар Шолпан, Айым, сен – Күнiм» деп берген тармағындағы «сен – Күнім» метафорасы туған жерсіз мына әлем қараңғы, салқын екенін көрсетеді. «Қозы қуып» деген метонимиядан жалқылықты байқаймыз. Яғни, автор оқырманына «мал бақтым» деп бірден айтпайды, қозы арқылы мал баққанын танытады. Және өлеңнен бір-екі аллитерацияны байқайсыз.

Жаратылдым топырағыңнан сен – түбiм,
Жалғаны жоқ бәрi сенен жан-тәнiм...
...Балақ түрiп қозы қуып жарысып,
Батпағыңда тең құрбымен алысып.

Тағы да бір ерекшелігі – қайталау. Мына жолдардан кезекті қайталау немесе эпифораны (грекше epiphora – соңынан алып жүру) көре аласыздар. «Жер» және «жетпес» сөздерінің кезектесіп қайталануы мынадай нұсқада анық көрінеді.

Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кiндiк кесiп кiрiм сенде жуған жер.
Жастық – алтын қайтып келмес күнiмде,
Ойын ойнап шыбын-шiркей қуған жер.

Тәттi суың дәмi аузымнан еш кетпес,
Қалың нуың, қыр, суыңа жер жетпес.
Кең далаңда ойын ойнап қалсамшы,
Жазу болып адамзатқа ер жетпес.

Ал енді «Сен сұлу» өлеңіне талдау жасап көрейік.

/Бiлем анық: // жанға жайлы // Май сұлу/ 11 б
/Жарқ-жарқ еткен // майда // найзағай сұлу/ 11 б
/Қызықты орман, // көңiлдi еркiн // кең дала/ 11 б
/Күмiс табақ // көкте жүзген // Ай сұлу/ 11 б

/Кешкi ескен // жiбек, жылы // жел сұлу/ 11 б
/Хош иiстi // түрлi-түстi // гүл сұлу/ 11 б
/Әдемi аспан - // төбедегi // көк шатыр/ 11 б
/Асқар тауы, // дариясымен // жер сұлу/ 11 б

/Сылқ-сылқ күлiп // сылдыр қаққан // су сұлу/ 11 б
/Көлге қонып // қаңқылдаған // қу сұлу/ 11 б
/Бейне айнадай // жарқыраған // айдыннан/ 11 б
/Күн шығарда // көтерiлген // бу сұлу/ 11 б

/Шаңқай түсте // өткiр, алтын // Күн сұлу/ 11 б
/Жымыңдаған // жұлдыздармен // түн сұлу/ 11 б
/Толып жатыр // түрлi сұлу // дүниеде/ 11 б
/Бәрiнен де // маған, сәулем, // сен сұлу/ 11 б

Бұл өлең 11 буынды қара өлең ұйқасына негізделген. Өлең эпитеттерге толы. Мысалы: жанға жайлы Май, жарқ-жарқ еткен майда найзағай сұлу, қызықты орман көңiлдi еркiн кең дала, күмiс табақ көкте жүзген Ай, кешкi ескен жiбек жылы жел, хош иiстi түрлi-түстi гүл, сылқ-сылқ күлiп сылдыр қаққан су, көлге қонып қаңқылдаған қу, күн шығарда көтерiлген бу, өткiр алтын Күн. Автор осы тіркестер арқылы әдемілік атаулының бәріне де реңк береді. Айды күмiс табаққа, әдемi аспанды «төбедегi көк шатырға» балауы аспан әлемінің сұлулығын танытады. Айдынды жарқыраған айнаға теңейді.

Тағы бір ерекшелігі табиғатқа жан бітіреді. «Көңiлдi еркiн кең дала» деп даланың күйін адам эмоциясымен жеткізеді, «көкте жүзген Ай» деп оның аспан теңізінде жүзіп жүргенін бейнелейді, «сылқ-сылқ күлiп сылдыр қаққан су» деп судың аққанын күліп жатырған адам кейпімен суреттейді, «жымыңдаған жұлдыздармен» жымың қағып күлген адамның бейнесіне жұлдыздарды кейіптейді. Көзге көрініп тұрған қайталауларды да айтпай кетуге болмас. «Сұлу» сөзіне эпифора әдісімен акцент бере отырып, оқырманды қызықтырады. Әлемнің әдемілігін айтып келе жатып, ең соңында сәулесінің олардан асқан сұлу екенін жеткізеді.

Ал мына жолдардан «К» дыбысымен жасалған аллитерацияны көре аласыздар.

Күмiс табақ көкте жүзген Ай сұлу,
Кешкi ескен жiбек жылы жел сұлу.

Оқи отырыңыз:

Теңеу, эпитет, толғау туралы ұғымды кеңейту

О. Бөкейдің «Қар қызы» повесіндегі реализм мен романтизмнің араласып келуі

Оралхан Бөкей шығармаларындағы адам мен табиғат тұтастығы

«Оянған өлке» романындағы қаламгердің өндіріс тақырыбын меңгеру жолындағы ізденістері

Сурет: zhaba.ru

Е. Жұмабайұлы