- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Мұхтар Әуезовтың адам...
Мұхтар Әуезовтың адам мінезін ашудағы психологиялық ізденістері
Мұхтар Омарханұлы Әуезов – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең ұлы тұлғасы. Ол – қазақ әдебиетіндегі алғашқы роман эпопеяның авторы, шын мәніндегі тұңғыш драмалық шығарманы дүниеге әкелген көркем сөз шебері, бір сөзбен айтқанда, қазақ жазба әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан классик жазушы.
Мұхтар Әуезовтың 1920 жылдары жазған әңгімелері ХХ ғасыр басындағы көшпелі қазақ ауылы өмірінің қайшылықтарын психологиялық планда суреттеуге арналды. Ол қорғансыз, мүсәпір адамдар тағдырын «Қыр суреттері», «Жетім», «Кім кінәлі» сияқты әңгімелерінде баяндаса, «Ескілік көлеңкесінде» ескі салттың құрбаны болған қазақ қызының өміріне аяушылық білдіреді. Қазақ қызының тағдырына қатысты оқыған азаматтардың түрліше типіне назар аударады («Үйлену», «Сөніп-жану»). Жазушы адам характерін, олардың жан дүниесіне үңіле отырып, қалтарыстарын аша суреттейді. «Қаралы сұлуда» жесір әйелдің жалғыздық сезімін терең ашады.
1920 жылдардың екінші жартысында Мұхтар қаламынан «Қараш-Қараш оқиғасы» (1926), «Қилы заман» (1928) сияқты көлемді шығармалар туды. Бұл тұста әуелде Ташкентте, кейін Ленинградта оқып жүрген автордың әдебиеттегі адам мен оның еңбегі, қылығы проблемасына әлеуметтік, қоғамдық мән бере бастағаны айын көрінеді. Адамның өмірде біреуге тәуелді болу үшін тумайтынын, оның өмірдегі қақтығыстары сол жолдағы бұлқыныстың, азаттықты аңсаудың нышандары екенін тануы – осының айқын дәлелі. Жазушы теңсіздік, әділетсіздік тауқыметін басты кейіпкерлерінің ішкі әлемін, мінез-құлқын, психологиясын көрсету арқылы көркем бейнелей білді.
20-30 жылдары Мұхтар Әуезов көркем прозаның көлемді жанрларында біраз ізденістер жасады. Олар – «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек», «Қилы заман» повестері. Бұл шығармаларда әлеуметтік тақырыптың салмағы біраз арта түседі. Жазушы осылайша жеке жандардың емес, ел тағдырын, халық қасіретін кең көлемде алып қарастыратын күрделі шығармалар тудыра бастайды.
Мұхтар Әуезов – қазақ халқының азаттығын аңсаған, тәуелсіздікке жеткізудің қамын ойлаған, көркемдік шындық арқылы көкейде бұққан ойды айта алған ұлы жазушы. Ол – өзінің «Қилы заман» атты шығармасы арқылы кеңестік кезең әдебиетіндегі азаттық пен тәуелсіздік мұратын жеткізудің көркемдік бастау бұлағын ашып берді.
Сурет: tokkozha.kz
Оқи отырыңыз:
М. Әуезов «Қыр суреттері» әңгімесін талдау
Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» драмасына талдау
Мұхтар Әуезов «Көксерек» повесіне талдау
Мұхтар Әуезовтың проза және драматургия жанрларын өркендетуге қосқан үлесі
О. Сансызбай