Зейін Шашкиннің монолог пен диалог құрудағы ізденістері

Зейін Шашкиннің монолог пен диалог құрудағы ізденістері

Жазушы, дәрігер және драматург Зейін Жүнісбекұлы Шашкин 1912 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Бозшакөл ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 1920 жылы болашақ жазушы Павлодар қаласында тұратын ағасы Сағынбайдың қолына келіп, сонда орта мектепте білім алады. Мектепті тәмамдағаннан соң Зейін 1930 жылы Мәскеу тарих, философия және филология институтына түсіп, оны 1933 жылы үздік аяқтаған.

Зейін Шашкин 10 жылдан астам уақыт қуғын-сүргінде өмірін өткізсе де, қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосты. Өз шығармашылық жолын қалыптастырды. Шығармаларынан да тың ізденістерді байқауға болады. Сын жанрында да қалам тербеп көрді. Драмтургияны да шет қалдырмады. Әдебиеттік қызметін өлең жазудан бастап, кейін сын-зерттеу саласында еңбек еткен Зейін 1937 жылы жер аударылып, елуінші жылдардың орта кезіне дейін шығармашылық үзіліске тап болды. Осыдан соң әдебиет өміріне қайта оралған ол ерекше бір белсенділікпен жұмыс істеп, эпикалық прозада көптеген шығармалар тудырды. Олардың ішінде "Ұядан ұшқанда" (1957), "Тоқаш Бокин" (1958), "Темірқазық" (1959), "Теміртау" (1960), "Доктор Дарханов" (1962), "Өмір тынысы" (1964), "Сенім" (1966) сияқты романдар мен повестер бар. Бұларда автор қазақ жеріндегі әлеуметтік өзгерістер мен халық өмірінің маңызды оқиғаларын көтерді. 

Зейін Шашкиннің алғашқы пьесасы Тоқаш Бокин өмірімен байланысты жаңа заманның тууы кезінің оқиғаларына құрылған. Онда жазушының осы тақырыптағы романының ізі сақталған. Ал, «Ақын жүрегі» пьесасы кешегі жаппай қуғын-сүргін оқиғаларын еске алып, соған қатысқан адамдардың әрқилы тағдырын бейнелеуге арналған. Талай сахналық шығармалар салған жерден диалогган ақсайды. Бірінің бетін бірі жыртып, ұрсып, айқайлап қоя беретін кейіпкерлер сөзін естігенде, мазасыз, кесірлі үйге еніп кеткендей боласың. Өмірден көріп, біліп ұшырасып жүретін адамдарыңа мүлде ұқсамайтын шар-қаяқ, бар сырын, бар ашуын қолма-қол ақтарып тастайтын даукес, қызыл өңеш персонаждар мезі еткендіктен де шығар, жұмбағы жан түкпірінің тереңіңде жататын, ашынса да кісіліктен арылмаған қаһармандарға бірден іш тартасың. «Ақын жүрегі» драмасы ең алдымен психологизмге ден қоюмен қызықты. «Теміртау» романы болса Зейіннің ғана емес, сол тұстағы қазақ әдебиетінің бағалы табыстарының қатарына кіреді. Жазушы онда жеке адамға табынушылықты сынағаннан кейінгі заман рухын, осы кездегі өндірістегі жұмысшы адамдардың ұжымдық өмірін, олардың қарым-қатынасын жаңаша танып бейнелейді. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ прозасының көрнекті бір өкілі - Зейін Шашкиннің кезеңдік әрі дәрігерлер өмірі туралы тұңғыш роман ретінде орынды бағаланған «Доктор Дарханов» туындысы қазақ әдебиетінде «хрущевтік жылымықтан» кейін іле-шала дүниеге келген шығармалар көшін бастаған еді. Өзі де ұзақ жылдар бойы сталиндік жазалау лагерінде азап шеккен автор аталмыш романында сол заман ақиқатын доктор Дарханов бейнесі арқылы айқын ашып береді.

Суреткерлік талапты, әсіресе роман жанрында айырықша танылған Зейін Шашкиннің шығармашылығына тән сипат форма жаңалығын қарастыру, бұрын қарастырыла түсе қоймаған тақырыпты өзге қырынан алып бейнелеу талабы драмалық шығармаларында да жиі ұшырасады. Әсіресе жазушының шығармаларында монолог пен диалог құрудағы шеберлігі айрықша. Ішкі монолог туралы Зейіннің өзі айта кеткен ой да бар. Мұны Шериаздан Елеукенов еңбегінен кездестіруге болады. Онда прозашы: «Монологсыз образ қан-сөлсіз шы­ғады. Тіпті қатып-семген қуыршақ тәрізді болады, характері өзгеріп өспейді деп айтар едім. Бұл – бір. Екінші, жағымды бас кейіпкердің ішкі монологы авторлық шегіністі ауыстыра алады. Сонысы тиімді. Авторды орынсыз уағызшыл­дықтан бой тартқызады. Ол шығарма оқиғала­рына араласа берсе, оқушысының сенімінен айырылып қалуы мүмкін» - дейді. Осыдан-ақ талантты тұлғаның монолог пен диалог құруда тың ізденістерге барғанын бағамдауға болады. Шығармалары да осы ойдың аясын аңғартады.

Сурет: өңделген

Ө. Сансызбай