- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Оралхан Бөкейдің "Қар...
Оралхан Бөкейдің "Қар қызы" повесіндегі тіл көркемдігіне қатысты ой-пікірлер
Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Қатоңқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Әкесі Бөкей сөзге шешен, астарлап сөйлеп өз ойын дәл жеткізетін, рухы мықты, жаны таза адам болған. Анасы Күлия көреген, ділмар, үнемі топ бастап жүретін, қажет жерінде қиыннан қиыстырып өлең де шығаратын, әсем даусы бар әнші де болған. Отбасында бір ұл - Оралхан, бес қыз – Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия. Оралхан дүниеге келгенде сұрапыл соғыс жылдары әкесі Оралға еңбек майданына аттанған. Анасы Күлия әкесі майданнан аман-есен оралсын деп ырымдап, сәбидің атын Оралхан деп қойған екен.
Оралхан Бөкей – есімі дүние жүзіне танымал жазушы. Оралхан Бөкейдің шығармалары дүние жүзінің көптеген тілдеріне орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да ұлы халықтар тілдеріне аударылған. Біз бүгін жазушының "Қар қызы" повесіндегі тіл көркемдігіне қатысты ой-пікірлер туралы әңгімелегіміз келіп отыр. Алдымен повестің қысқаша мазмұнына тоқтала кетейік.
Жазушы өз естелігінде: "Менің "Қар қызы" деген повесім бар. Оның қысқаша мазмұны мынадай: ауылда мал азығы таусылып қалады да, үш жігітті тым шалғайдан трактормен шөп әкелуге аттандырады. Әкелері соғыста өлген, өздері соғыстан соң туған үш жігіт ДТ-54 деп аталатын трактормен 40 градус суықта, діттеген жеріне жете алмай қар шағылдардың арасында адасады, қар тұтқынында қалады. Сөйтіп, өмір мен өлімнің екі арасындағы мәңгі аяқталмас майдан басталады. Суыққа үсіп, ұйқы меңдеп енді-енді өлейін деп жатқанында повестегі бас кейіпкер Нұржанды Қар қызы келіп оятады. Олардың тірі қалуына себепкер болған - сол аңызға айналған Қар қызы. Ондағы Нұржан - өзім. Бұл болған оқиға, мектеп бітірген соң көп жыл тракторист болып істегенмін. Әрине, Қар қызын түсімде ғана көрдім, сыңсып салған әнін естігендей болғанмын. Бір ойдан оқушы бұл оқиғаға сенбеуі де мүмкін, ал мен сенемін", - дейді.
Жазушының «Қар қызы» повесінің көркемдік әдісі жөнінде әдебиет сыншылары арасында әртүрлі пікірлер бар. Мысалы А. Қодаров повесті философиялық-романтикалық шығарма қатарына жатқызады. Ал зерттеуші Ө. Көзбеков повестің реалистік сипатының басым екендігін анықтауда жазушы өз сөзіне жүгінгендігін дәлел етеді. Яғни, ол жазушының шығарма кейіпкері тәрізді тракторшы болып қызмет еткенін тілге тиек етеді. Повесте жазушының негізгі айтқысы келген ойы тракторшы жігіттердің еңбек жолы емес. Шығарманың идеялық-философиялық ойы тылсым күшке деген сенімі. Сол бір жұмбақ бейнені талмай іздеуі маңызды орын алады. Повестегі жас жігіттердің совхозға шөп жеткізу мақсатымен шаруашылық сапарға шығуы, жол қиындығы реалистік тұрғыдан суреттелген. Бірақ Нұржанның сол сапарға шыққандығы негізгі мақсаты – шөп жеткізу емес, Қар қызын көру еді. Романтикалық сипат шығарманың Нұржанның Қар қызымен кездесетін тұстарында анық көрінеді.
Повесте романтизм мен реализмнің байланыстары бар. Кез-келген өнер туындысында олар ажырамас бірлік. Сондықтан Оралхан Бөкейдің "Қар қызы" повесі ел арасында ерекше бағаланып, төл әдебиетіміздің дамуына, байуына мол үлес қосты деп ойлаймыз.
Сурет: aikyn.kz
Ж. Исакаев