- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Әбіш Кекілбаевтың "Үркер"...
Әбіш Кекілбаевтың "Үркер" романы туралы бірер сөз
Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде дүниеге келген. Алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрген. Оның көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Біз бүгін жазушының қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланған "Үркер" романына тоқталамыз. Романда кіші жүз руларының Ресей империясына қосылған кездегі жағдайы суреттеледі. Шығарма негізгі 4 бөліктен тұрады: Тығырық, Елшілік, Арбасу, Айқас.
Үркер романы - қазақ елі басынан өткерген аса ауыр кезеңдерді, XVII-XVIII ғасырларда орын алған ірі-ірі оқиғаларды тарихи деректерге сүйеніп жазылған, көп қанатты, тарих шежіресін жырлайтын тамаша туынды. Ол әдебиеттегі тарихи шығармалардың қатарында белді жерден орын алатын, көркемдік дәрежесі жоғары, айрықша орамды шығарма. Роман мазмұны, ең басты, нағыз өзекті мәселесі – қазақ елінің өз жері, өз бостандығы, дербес ел болып қалыптасуы үшін талай жылдар бойы табан тіресіп жүргізген күресінің жайы, айбынды асулары. Шығармада талай тар жол, тайғақ кешулер арқылы өткен өткелдер жалпы алғанда дәлелді де, әділетті де айтылған.
Шығарманың басты кейіпкерлері – Тәуке, Әбілқайыр, Бөкенбай, Тевкелев немесе бірдің емес бүкіл елдің атынан сөйлеген билер: Қазыбек, Төле, Әйтеке. Бұдан басқа персонаждар ойдан шығарылған адамдар емес, өмірде, тарихта болған, қоғам өмірінде өшпес із қалдырған тұлғалар, қайраткерлер. Бұл шығарманың басқа шығармалардан ерекше айырмашылығы мен артықшылығы – ол түгелдей өмірде болған оқиға желісінде жазылғандығы. Сондықтан да бұл шығарма шын мәнісінде тарих шежіресіне құрылған тарих жанрына жататын туынды. Мұның өшпес маңызы мен тарих төрінен алатын орны орасан зор. Қазақ хандықтарының Ресей империясына деген көзқарасы, бұған байланысты бұл мемлекетпен жақындасуға, мүмкін болса тіпті одақ жасауға бағытталған ниеттері мен әрекеттері әр жақты әңгімеленген. Бұл да, әлбетте, әбден орынды, екі ел арасындағы елшілік қатынастырды көрсету арқылы баяндалған. Бұл - тарихи шындыққа әбден жақын. Шығармада суреттелген шытырман жағдайларда, қазақ жері мен елінің тағдыры қыл үстінде тұрғанда, бостандығы мен дербестігінің сақталуы қауіпті жағдайда болып жатқанда, халық кемеңгерлігінің көрінісі керемет көрсетілген. Өмірлік мән бұл мәселелерде жан-жақты, орынды айтылған. Бұл арада ел ойы мен тілегі, замана талаптары тапқан Әбілқайыр ханның, оның толып жатқан жақтастарының әрекеттері жан-жақты талданып, барлық жақтарынан бірдей, қайшылықтарымен бірге баяндалған. Әбіш Кекілбаев алдымен кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге қосылу жөніндегі антын әр жақты сипаттап, қазақ елінің Ресейдің қол астына қарау процесін сипаттайды. Бұл – нағыз өмір шындығы.
Бұл роман қазақ елі өміріндегі аса қиын, асулы кезеңдерді қамтитын, әлеуметтік дамудың өзекті мәселелерін әңгіме ететін кең шығарма. Тарихи тақырыбы мен атқаратын идеялық рөлінің маңызы жағынан да, көркемдігі мен тіл тартымдылығы жағынан да "Үркер" романы қазақ әдебиетінің нағыз төрінен өзіне лайық орын алған құнды шығарма.
Сурет: alashainasy.kz
Ж. Исакаев