Сәкен Сейфуллиннің «Жайлауға көшу», «Сыр сандық» өлеңдеріне талдау

Сәкен Сейфуллиннің «Жайлауға көшу», «Сыр сандық» өлеңдеріне талдау

Сәкен қазақ топырағында туған дарындар арасында өзінің өнерімен де, тұлғасымен де ерекшеленіп тұратын қайраткер. Бір адам басына соншама дарынды үйіп-төгіп бере салған құдайдың құдіретіне шүбәсіз бас иесің. Ақын, жазушы, композитор, саясаткер... Таң қалмасқа шараң жоқ. Сейфуллин ең алдымен - ақын. Өзіне тән өлең өрнегін қалыптастырып, поэзиядағы өз орнын ойып тұрып алған – қазақ. Жазушылыққа барғаны сол, ХХ ғасыр басындағы көп зиялыларымыз өз-өздеріне құрбандық жасаған. Олар ақын болып келіп, қазақ әдебиетіндегі кенжелеп отырған жанр прозаны дамытамыз деп, халқы үшін, халқының болашағы үшін қара сөзге барды. Сәкеннің "Жайлауға көшу" өлеңін оқып отырып ауылға сағынышың оянады. Қазақтың көші көз алдыңа келіп, сол кезде тумағаның үшін бір өкіндіріп өтіп, көз алдыңа сөзбен салынған сурет әкеліп қоя салғандай күй кешесің. Өлеңнің:

Өз-өзімен әлек болар кеп жастар,

Көшке мінген асаулары туласып.

Көш артында қыз-келіншек іркіліп,

Бір жүруге біріне-бірі қарасып, − деген жолдарынан жастықтың жалынын аңғарып, көш кезіндегі қызықтарға қарық боласың. Шығыс қыздарына тән наздылықты әсем жеткізген. Қыздардың бетіне тіке қарамай, жәй ғана сылтау тауып алғандай, қатар жүру үшін аттарының бастарын іркіп отырғаны, бұл − нағыз қазақ қызына ғана тән қасиет. Осындай көш үстінде талай қыз жігіттерге ұрлана қарап, талай жігіт ұнатқан ғашығына жүрегін жайып салған. Осы өлеңді оқып отырып, қазақ танымында көш тек бір жерден екінші жерге қоныс аудару ғана емес, бір мейрам екеніне көзің жете түседі.

Сәкеннің ақындық поэзиясындағы тағы бір шоқтығы биік өлең − "Сыр сандық". Осы өлеңді оқып бола салысымен өз жүрегіңе терең бойлап, сен де көңіліңнен сыр сандық іздейсің. Сол сыр сандықты тауып алып оны ақтарар адам іздеп сарсаңға түсер жайың бар. Өлең басында ақын айтқандай ол сыр сандық кез-келгенге ашылуға тиіс емес. Адам көңілінің нәзік қылын шерте білген өлең десек те болады. Әсіресе соңғы тұсы:

Сыр сандықты ашып қара,

Ашып қара, сырласым.

Сым пернені басып қара,

Басып қара жырласын!

Сұлу сымда перне әуені,

Перне әуені жыр айтар.

Көніл ашар тербеу әні,

Тербеу әні сыр айтар.

Шыққанбыз дос, шыңға талай,

Талай сырды ойланып,

Ақтарарлық алтын сарай,

Алтын сарай қойманы.

Кез-келген адамның кеудесінде шың, сол шыңның құзар басында Сәкен айтқандай сыр сандығы болады. Оның ішінде алтын да, күміс те бәрі бар. Сұлу сандық. Талай сол шыңға шығып, сым пернелерді басып қарап біраз ақтарыстырасың. Бірақ ол сандық та адамның жеке ақтаруын қалайды. Жаныңда жаныңды түсінер адам болса... Және жоғарыда айтқанымыздай ол сандықты екінің біріне ақтаруға жол берген адам бақытсыз...

Сурет: azattyq.org

Ж. Өрісбай