Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз», «Хаулау» өлеңдері

Жаяу Мұсаның  «Сұрша қыз», «Хаулау» өлеңдері

ХІХ ғасырдың екінші жартысымен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақтың белгілі ақыны, әнші–сазгері Мұса Байжанұлы 1835 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасында дүниеге келді. Мұса ауыл молдасынан 5 – 6 жыл оқып хат таниды. 15 жасында Қызылжар қаласына келіп, әр түрлі жұмыс істеп жүріп орысша үйренеді. Сол қалада бірнеше жыл жүріп білім алады. Кейін Омбыда жүріп, бос жүрмей музыка жанрларын өз бетінше түсінуге тырысады.

Жаяу Мұсаның әлеуметтік теңсіздікті әшкерелейтін «Хаулау» және махаббат, сүйіспеншілік үлгісінде жазылған «Сұрша қыз» сынды әндері бар. Жаяу Мұса композитор, әнші ғана емес, өз әндеріне лайықтап, өлең шығарған ақын. Көптеген мысқыл өлеңімен қатар мысалдары да бар. Жаяу Мұса көңілге түйгендерін орысша, қазақша қағазға түсіріп отырған. Қазақ коғамының әлеуметтік істеріне белсене араласып, ұлт мәдениетіне елеулі үлес косқан. Жаяу Мұсаның көптеген қолжазбалары Алматы, Қазан, Санкт-Петербор, Омбы мұрағаттарынан табылған.

Ол өз шығармалары арқылы заман шындығын, қоғамдық-әлеуметтік теңсіздікті, әділетсіздікті шыншылдықпен жырлай білді. Өз дәуіріндегі әлеуметтік теңсіздік пен адамдар арасындағы әділетсіз қарым-қатынасты суреттеуде Жаяу Мұсаның есімі ерекше жарқырап көрінеді.

Өмірдің көп тауқыметін бастан өткеріп, еліне оралған Жаяу Мұса әлеуметтік-саяси теңсіздікке арналған әндер шығаруды одан әрі жалғастырады. Ақмола уезіне карасты Құлбай деген байдың немере қызы Сапармен көңіл жарастырып, ұрпақ құрып, саясатшылықпен айналысады. Жаяу Мұса казақтың ән өнерін мазмұн, түр жағынан байытып, шығармашылық жаңалықтар енгізіп, әуен сазын жаңа биіктерге көтерген аса дарынды композитор. Ол өз шығармаларында қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өз заманының арман-аңсарын әнмен бедерлей білді. Оның әлеуметтік көзқарастары, азаматтық ұстанымдары сол кездің демократтық-ағартушылық озық идеяларымен астасып жатты. Жаяу Мұса әндерін күні бүгінге дейін халық сүйіп тыңдайды. Оның алуан нақышты асқақ әндері Қазақстан композиторларының көптеген шығармасына арқау болған.

Сурет: panoramio.com

Ж. Исакаев