Шәңгерей поэзиясындағы философиялық ой-түйін

Шәңгерей поэзиясындағы философиялық ой-түйін

Шәңгерей ақын 1847 жылы ескі  Батыс Қазақстан облысының қазіргі Орда ауданында, Жасқұс құмында – хан ордасында дүниеге келген. Атақты Махамбет ақын кектенген Жәңгір ханның немересі. Ақын өзінің бір өлеңінде «Алпыс бөлме, жүз есік» көк орданың ішінде дүниеге келгенін айтады. Өнерге, өлең сөзге жас кезінен әуестенеді. Ордадағы медресені бітіріп, мұсылманша білім алғаннан кейін Астраханьдағы училищиге түседі. Одан кейін Орынбордағы Кадет корпусында екі жыл оқиды. Орыс тілін үйреніп, орыс әдебиеті, мәдениетімен танысып, Лермонтов, Гогольді сүйіп оқыған. Оның өлеңдері қуатты болғанымен де, қазіргі таңдағы көп оқырманға жете таныс емес.

Шәңгерей - өзіне тән стилі мен көзқарасын қалыптастырған ақын. Оның өзіндік философиялық ой-толғамдары, өлеңдеріндегі иірімдер оқырманды өмірлік сұрақтар мен үлкен ойларға жетелей түседі. Біз тақырыбымызға сай, шама-шарқымызша ақын өлеңдеріндегі пәлсапалық ой-толғамдарға баса назар аудардық. Шәңгерей Бөкеевтің «Құйрық атып құлия» өлеңінің:

Құйрық атып құлия,

Түлкідей қашқан жымия.

Қараңды үзіп барасың,

Бізден де қайран дүния, - деген бірінші жолдарынан-ақ айтар ойы айқындалып тұрғандай. Түлкі бұлғаңға салып бұлғақтаған өткінші өмірге өкініш айтып, жұртта қалған иттей ұлиды. Өмірінің соңғы жылдарында жазылған бұл өлеңі сол кездегі қазақ даласына алғаш келіп жатқан көптеген жаңалықтарға тосырқай қарағаны еді. Бұл Шәңгерейдің жаңалықты қабылдай алмағандығынан емес. Оның халқының орыс отарына айналып кету қаупінен туындаған тосырқау болатын. Бұл өлеңінде ол өзі арқылы халқының мұң-зарын жеткізіп тұрғандай. Өзін күміс көлге, алып бәйтерекке теңеу арқылы болашаққа пайым жасайды.

Сондай бір көл суалса,

Бұлағы кеуіп құм алса,

Ақыры оның не болар?

... Күні өткен бәйтерек,

Желмен құлар әлсіреп,

Іріп-шіріп жатумен

О да қара жер болар.

Заманы өтсе жастағы,

Сонда білер кей адам

Лауықта маңдайына жазғанын, - деп, тек адамның қартайып, белі бүгілген шағын емес, елінің елдігін де қоса жырлағандай...

Адамның аманатын Алла алады,

Ажалға ақыл, ажар не қылады?

Алабы асыл сулар суалғанда,

Аңғарын айдын көлдің шаң алады.

Алайда аңсыраған алғыр тұйғын,

Абайсыз аңқып ауға шырмалады.

Жоғарыда келтірген өлеңімізде Шәңгерей ақын «Алланың аманаты» деп адамның жанын айтып отыр. Ажалға ақыл да, айла да, ажар да ешнәрсе қарсы тұра алмайтынын жырлаған. Түптің түбінде барлық адам ажал құшағына енетінін көркем тұрде керемет жеткізе білген.

Алабы асыл сулар суалғанда,

Аңғарын айдын көлдің шаң алады, - деп ауылдың қарттары кетсе, халықтың қаймақтары қалқып алынса халық шөл алған даладай болып қала берерін астарлап жеткізіп отырғандай.

Жұмбақтың бір аты – поэзия. Сөздің құдіреттілігі де сол оны оқып отырған адам өзінше қабылдайды. Өзінің дүниетанымымен, сол шақтағы көңіл-күйімен қабылдап, оқылып отырған бір өлеңге мыңдаған мағыналар сыйып кетіп жататыны сондықтан.

Жалпы ақынның мінезін, өмірін танығың келсе өлеңінде тұнып тұр. Шәңгерей Бөкеев кім десең, бұл сұраққа ақын өзі-ақ жауап беріп кеткен:

Ағасың, ақылы артық асқармен тең,

Асылдың арқар ұранды тіреуі сен.

Ала ту, Абылайдың ала аттансаң,

Аламан артыңдағы біреуі мен.

Иә, бәріміз де Шәңгерейдей Абылай артындағы аламан бола білуіміз керек. Ала ту көтерілгенде арқырай атқа қонатын ұрпақ болғанда ғана, қазақ қазақтығын сақтап қала алмақ...

Сурет: spinnerette1.rssing.com

Ж. Өрісбай