«Аққан жұлдыз» - тарихи роман. Тіл көркемдігі

«Аққан жұлдыз» - тарихи роман. Тіл көркемдігі

Сәбит Мұқанов - әдебиетіміздің ірі өкілі, барлық жанрда бірдей ең көп жазған жазушы, ол - қоғам қайраткері, ғалым, академик.

Кеңестік қазақ әдебиетінің соңғы дәуіріндегі қазақтың тарихи романында тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін негізге ала суреттеу дәстүрі қалыптасты. Сәбит Мұқановтың Шоқан Уәлихановқа арнаған «Аққан жұлдыз» (1967-1969), Ж. Молдағалиевтің Ыбырай Алтынсарин туралы «Алғашқы қоңырау» (1978), Д.Әбіловтың «Сұлтанмахмұт» (1965-1971), С. Жүнісовтың «Ақан сері» (1971-1978), З. Ақышевтің «Жаяу Мұса» (1981) романдары әдебиет тарихында елеулі мән-мағынаға ие болған туындылар. Бұлардың бәрі де ғұмырнамалық мәліметтер негізінде жазылған. Қоғам өмірінде анық ізі қалған оқиғаларды іріктей отырып, нақты заман кейіпкерінің қыры мен сырын ашуға ұмтылды. Алайда көркемдік ізденістері жағынан олар біркелкі емес. Олардың ішінде ұзын сонар баяндауларға, тарихи оқиғаларды тізбелеуге құрылған, характерлік мінездеуден гөрі әңгімелеп түсіндіруге тырысқан туындылар да кездеседі. Дегенмен, тарих сырын тануға, қазақ халқының ұлы тұлғалары жайлы мәлімет алуға пайдалы еңбектер болғаны даусыз.

Сәбит Мұқанов қазақтың 19 ғасырдағы ойшыл-ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын ұзақ жылдар бойы терең зерттеді. Омбының, Ленинградтың (Санкт-Петербор) мұрағаттары мен кітапханаларында болып, Шоқан өміріне қатысты материалдар жинаған. Соның нәтижесінде оның қаламынан «Шоқан Уәлиханов» пьесасы мен «Жарқын жұлдыздар» атгы зерттеу еңбегі туды. Сәбит Мұқанов өмірінің соңғы жылдарында Шоқан өмірінен «Аққан жұлдыз» романын жазып, оның екі кітабын шығарған. Жазушы 4 том ретінде жоспарлаған бүл роман аяқталмай қалған. Ол осы тақырыпта "Ш.Уалиханов", "Қашқар қызы" деген пьесалар да жазды.

Сәбит Мұқанов Шоқан Уәлиханов өмірі жайлы деректерді көп жинап, ол туралы пьеса да, ғылыми еңбек те жазған жазушы. Ал, романды ол үш том етіп, кең көлемде жоспарлаған. Онда Шоқанның ата-бабасы, ол дүниеге келмей тұрған кездегі қазақ тарихына қатысты мәліметтер де мол қамтылады. Оның балалық, жастық шағын, оқып, қоғамдық іске араласуын тәптіштеп ұзақ суреттейді. Шығармада қазақ-орыс қатынасының жиілеуіне байланысты оқиғалар, патшалық Ресейдің ел билеу жүйесіне кіруі, оған қатысты адамдар тағдыры жайлы мәліметтер де мол. Қазақтың ел билеуші жаңа қауымы Есеней, Шорман, Зілқара, Шыңғыстардың Сперанский, Курагин, Потанин, Госфорт, т.б. жайында да әңгімеленген. Шоқан осы ортадан білім алып өседі, оған ХІХ ғасырдағы орыстың демократтық ағымының әсері тиеді. Сонымен бірге жинақтаудың жетіспеуі, ұзақ-ұзақ баяндаулар романның елеулі олқылығы ретінде көзге түседі. Роман сүйегіне сіңіспей тұрған оқиғалар да баршылық. Шоқанның ел билеу ісіндегі кемшіліктерді өзгертуге ұмтылысы, жаңа реформа жасаудағы талпынысы, жасаған саяхаттары нәтижесінде жинаған еңбектерін жүйелі жинақтап баспаға беруі, өлкетану, этнография, әдебиет, өнер саласын зерттеуі кең түрде қамтылып жазылған. Шоқанның жеке өмірінде отбасы, ата – анасы, туыстары, сүйген қызы Айжанмен, қарапайым халықпен қарым – қатынасы шынайы суреттелген.

Сурет: kaz.tengrinews.kz

Ө. Сансызбай