Мағжан Жұмабаев шығармаларының тіл көркемдігі

Мағжан Жұмабаев шығармаларының тіл көркемдігі

Мағжан ақынның табиғаты өте күрделі, жұмбақ, сырға толы. Оның сыры неде, талайды аузына қаратып тамсандырған ақын феноменін қалай түсінуге болады? Дарын табиғатының көрінісі бұлақтай мөлдір поэзиясынан көрінеді. Мағжан ақын қазақ поэзиясында кездесе бермейтін өрнек тауып, рухы мықты жалынды жырлар мен үлбіреген нәзік әуез әкелді.

Мағжан нені айтса да, бейнелеп айтады. Ол үшін даланың тауы да, суы да, желі де ғажайып. Ақын өлеңдерінде адам мен табиғат астасып жатады. Қай шығармасында да Мағжан осы екі ұғымды бірлікте алып жырлайды. Бір өлеңінде анасына, жарына, жалпы адамға деген махаббатын туған жерге катысты сезімімен ұштастырып жатса, енді бір жырларында сол табиғаттың асыл жемісі – адамды бәрінен жоғары кояды. Бұған дәлел – «Сен сұлу» өлеңі.

Өлеңде сұлулықтың көркіне көз тоймай, айналасына таңырқай көз салған ақынның бейнесі бар. Ол айрықша тебіреніс үстінде. Оның көңіліне қуаныш, мактаныш сезімін ұялататын кең даланы гүлге ораған көктемнің арайлы күні, күміс табақтай көкте жүзген сұлу ай, жібектей есіп, жанды жадыратар жел, асқар тау, көлде жүзген аққулар, көк аспанда нұрын шашып тұрған күн. Ақын осы көріністің тамаша картинасын жасайды. Табиғаттың әр құбылысынан, туған жердің әр тынысынан сұлулықтың тамаша белгілерін көреді. Ақын туындыларының басты ерекшелігі – уақыт сынына төтеп берерлік тіл құнарлығы мен ой тереңдігі, сөз қолдану шеберлігі мен көркемдігі.

Мағжан Абайдан кейінгі қазақ әдеби тілін дамытушы, көріктендіруші суреткер. Сәбит Мұқанов: «Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетіне жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейінгі тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ»,- деп, ұлы ақынның даралығын ерекше атап кеткен болатын.

Ақын поэзиясында эпитеттер символ­дық бейнелермен қоса өріліп, тілдің стильдік ерекшелігімен, контекстегі эстетикалық мағыналық қырларымен дараланады. Мағжанның әсерлі эпитеттерді «тауып» қолданғанының нәтижесінде әдеби тілімізге асыл қазына болып қосылған жаңа тіркестер пайда болды. Мысалы: «Сұлу сағым, мәңгі мұнар, сұм боран, сорлы бұлт, жүйрік жүрек, жібек түн, алтын сәуле, жалқау жел, күміс көбік, ерке бұлақ, тәтті улы бал» деген эпитетті тіркестер ақын поэзиясында өзгеше қырымен танылады.

«Алтын» сөзі қазақ поэзиясында көп қолданылатын дәстүрлі эпитеттердің бірі болғандықтан, мағынасы барынша терең, бояуы қанық болып келеді. Келтірілген бейнелі тіркес «алтын күннің» сары түсін ғана емес, сұлулығын, көз тартар әсемдігін де білдіреді.

Мағжан «алтын» эпитетін өлеңдерінде «күнмен» мейлінше жиі тіркестірген.

Алтын күнді, қара жерді сағындым,

Жан жолдасым, жүйрік желді сағындым.

немесе,

Міне, алтын таң атты,

Күншығыстан ағарып,- деп жырлаған.

Халықтың бас бостандығын, бақытты тұр­мысын, тәуелсіздігін аңсаудан туында­ған эпитеттер – ақынның рухани әлемінен туындаған тілдік бейнелеулер. Күн мен Айды, Отты жақсылықтың белгісі ретінде алып, түрліше мағына беріп, жаңа ұғым қалыптастырады. «Айды» сұлулықтың, тіршіліктің, арман мен үміттің символы ретінде сан құбылтып қолданады.

Тұрсың сен, мейірімді Ай, нұрың шашып,

Бұғып жүр қараңғылық бетін басып

Қайғылы Ай көкте тұрсың нұрың шашып

Қайғылы, жер жүзіне нұрың шашып...

Айдан мұң мен шер, қайғыны көргендей болады да, өзінің ішкі сырын ақтаратын сырласы етеді.

«Жүрек» сөзі адам сезімінің, көңіл-күйінің сан алуан қатпарына байланысты қолданылғандықтан, оған берілген «ессіз, жынды, сұм, нәзік, отты, жас, сорлы, сезгіш» деген сияқты эпитеттер ешқандай жасандылығы жоқ шынайы, санаға сіңімді, көңілге қонымды. Жүрек қылын шертетін Мағжанның асқан ақындық шеберлігін, сырлы да, сезімді суреткер екендігін көрсететін осындай образды жолдарды көптеп кездестіреміз.

Табиғат көрінісін адам әрекетімен астастыра бейнелеу Мағжан Жұмабаевтың өзіндік бір ерекшелігі деп танимыз. Автор табиғат сұлулығын, оның тылсым күшін кейіпкердің көңіл-күйімен алмастырып, адамның ішкі әлемін, сезім иірімдерін ашуға пайдаланады. Ақынның балалық шағы мен құрбы-құрдастарымен көңіл сырын бөліскен жері – Сасықкөл. Мағжан үшін ол жұмақпен бірдей. Одан көркем, одан сұлу жер жоқ. Сондықтан болар ақын көл суретін ерекше шабытпен суреттейді.

Ақынның нәзік жүрегі, қымбат сезімі туған өлкенің тағдырымен бірігіп, біте қайнасып кеткен "Табиғатты Мағжаннан көп, онан артық суреттеген қазақ ақыны кем де кем шығар", – деп жазды Ж.Аймауытов. "Табиғат қойнында туып, табиғат анасының бауырында өскен жігіт табиғатты дәріптеген соң, оның қойнындағы елді, жұртты айтпай тұрсын ба?".

Мағжан қаламы арқылы келген жаңа­лықтар жеке ақын тұлғасына тиесілі. Расында, Мағжан қолданысындағы табиғат кейде таңдай қақтырып, бойыңды ерітіп, жүрегіңді лүпілдетіп неше түрлі күйге бөлейтін сурет болып көз алдыңа орнай қалады, кейде сол табиғат безбүйрек, қатал, ызғарлы. Яғни, лирикалық қаһарманның көңіл-күйіне қарай табиғат та жүз құбылып, мың құлпырып отырады. Ақынның салған пейзаждары құбылмалы, қимыл-қозғалысқа толы.

Ақын тау туралы толғансын, не дархан даланың кеңдігін жырласын, бірінші кезекте өзінің дүние түсінігі, ішкі жан-күйі тұрады, сонымен әлемді бірге толғандырып тебіренеді.

Мағжан сезімнің, сұлулықтың, інкәрліктің жыршысы ретінде әсем де, әсерлі, маржандай тізілген эпитеттерді құлпырта қолданады. Меруерт көбік, күміс кәусар су, алтын бу, меруерт қар, тарғыл тастар, бұйра қою қарағай, ерке жаз, ерке бұлақ, қасиетті сәуле, сары сайран дала т.б. тіркестерді махаббат, туған жер тақырыптарында молынан келтіреді.

Әлемдік поэзияның сырлы бояуын барынша қабылдап, оны дамыта түскен ірі дарын иесі Мағжан Жұмабаев өзіндік қолтаңбасымен қазақ поэзиясының алтын қорынан өз орнын алды. Рухани асыл қазынаға өлшеусіз мол поэзиялық өрнек әкелген Мағжан қазақ әдебиетін жаңа сапаға көтеріп, қазақ әдеби тілін жұмсақ та, нәзік, көркем етіп қалыптастыруға мол үлес қосты.

Сурет: thenews.kz

Ж. Исакаев