Қашаған Күржіманұлының «Адай тегі» дастанын талдау

Қашаған Күржіманұлының «Адай тегі» дастанын талдау

Қашаған Күржіманұлы – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезіндегі үлкеннен естігенін ойына тоқып, түйсігіне түйген, Махамбет сарындас ақпа ақын.

"Адай тегі" – аңыз хикая. Шығармаға негіз болған атадан балаға көшкен аңыз-шежіре сүрлеуі. Ақын әуелі Кіші жүзге жататын Жанарысұлы Алаудан, оның ұрпағы Алшыннан бастап, Адай әкесі Қыдырқожаға дейін толғайды. Қашаған ата-бабалар шежіресін тарата бермей, тек Адай тегі туралы аңызды ғана нақты сюжеттік желімен өрбіте жырлаған. Бұл хикаядан ауыз әдебиетіндегі лиро-эпостық жырлардың әсері айқын сезіледі. Қыз-келіншектердің сейілге шығуы, Қанбибінің күтпеген оқиғага кездесуі, баланы далаға тастауы, Бай мен Төренің оны тауып алуы. Байдың үрейлене қарауы сияқты оқиғалар шығарма желісін ширата, шиеленістіре түседі. Әспенбетке жорытып, той қылуы – шығарманың шешілу, аяқталу сәттері. Жырдағы Бай, Төре, Әспенбет, Қанбибі өз дәуіріне сай наным-сенімдегі бейнелер. Мұны әсіресе Төре мен Әспенбет монологтарынан айқын аңғарамыз. Жырда табиғат көркінің тәуір суреттері, Алғи, Нұр, Түркістан, Құндыздың қара теңізі, Әзіреттің Алатауы сияқты мекендер аталады. Бұған қарағанда; ақынның халық тарихы хақындағы әңгіме-аңыздардан хабары мол. Автор оқиғаны бастан-аяқ өзі ғана баяндай бермей, кейіпкерлерді де сөйлетіп отырады. Бұл жайлар ақынның мол біліп, көп жырлаған ауыз әдебиетіндегі этикалык жырлардың сюжет, композициялык құрылыс шеберліктерін меңгергендігін танытады.  (Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ)

Тарихты тірек сөз етіп, сюжетті оқиғаны баянданған автордың тілдік қолданысында шеберлік жатыр. XV-XVIII ғасырдың жырауларынан қалған сарын – 7-8 буынды, кейде шалыс, кейде кезекті ұйқасқа негізделген дастан. Көркемдік әдіс-тәсілдерді пайдалануда асқан шеберлікпен, ұйқасты құрауда ұтымдылықпен ерекшеленген. Дастанның тарихи аңыздық желісі қазақтың ататек-әулет негіздерінің тарихымен сабақтастығына құрылғандығы айқынырақ байқалады. Біз естіп жүрген Кіші Жүз, Он екі Ата Бай Ұлы туралы «Адай мен Таз тел емген, Адай мен Таздың ары бір» деген сөздер осы жырдан қалса керек. Автордың тағы бір ерекшелігі – дастандағы географиялық атаулардың дәл берілуі. Жайық, Жем, Маңғыстау өңірлерінің пейзажын дастаннан көруге болады.

Осы бір сөздер көңілімде

Бұрынғы өткен үлкеннен

Қағида болып қалынған,

Шежіре болып жазылған.

 

Тілім түзу бағытты,

Көңілім зерек қалыпты,

Аңдаған жақын, алысты,

Болжаған кисық-шалысты.

Бұрынғы қарт атамның сөздерін.

Құлағым естіп, көз көргенін

Осындай құралды жерге келгенде

Шығарып жүрмін жарыққа, –  деген жолдарынан ата-бабасынан естіген оқиғаны жыр қып жазып, өткенге аманат қып бергенін көруге болады. Поэтикалық фразеологияны қолданғанын «Шығарып жүрмін жарыққа» деген тармағынан байқаймыз. Бұл дегеніміз, өлеңнің белгі бір ұйқасқа телінуі үшін «жарыққа шығару» фразеологиялық тіркесін инверсиялық әдіспен икемге келтірген.

 ...Үйде ұйықтаса жүдеген...

 Қылышын тасқа білеген...

Дат тілеген Құдайдан,

Тіл таңбалы Адайдан,

Атағозы келеді...

Бұл шумақтағы ойды беруде Қашаған жырау гиперболалық әдісті пайдаланған. Көзге оттай басылған «Тіл таңбалы Адайдан» деген күрделі эпитет осы бір шумаққа дәм берердей.

 «…Ұйқыға көзі ілінді.

Ұйықтап көзі ілінсе

Байдың қызы Қанбибі,

Шымырлаған бір нәрсе,

Тұла бойға білінді,

Төмен қарай жүгірді,

Құрсағына кідірді...»

Ал, мына шумақта баяндау әдісі жедел өткен шақ формасымен дәл берілген. Сюжет бірінен-соң бірі төгіліп келе жатады. «Ұ» дыбысының ассонансы мен «т» дыбысының аллитерациясын көре аласыздар.

Қанбибі шошып оянды,

«Не болды, — деп, — ой, Алла-ай?»

Жан-жағына қарады,

Қарап тұрса нәрсе жоқ,

Көңілін қасірет қамады.

Хазірет қызыр пайғамбар

Қыдырып жүрген күн екен

Қанбибі жатқан шамадан.

Одан хамила болынып,

Құдіретке жолығып,

Біздің асылымыз содан жаралған».

Мына жолдардан алдыңғы шумақпен тізбекті байланысты кезіктереміз. Мәтін байланыстылығы мен тұтастығын біріктіре отырып, алдыңғы ой мен келесі ойды жалғастыруды ұтымды пайдаланған. Сөзімізді қорытындылай келе, ақын-жырауларымыз қазіргі біз бен сіз айтып жүрген көркемдік әдіс-тәсілдердің терминдік атауын «мынау – метафора, мынау – эпитет» деп танымаса да, қазіргі таңда талдау мәселесіне арқау болып жүр. Көп ешкім біле қойматын, тарих пен шындық астасып жатқан «Адай тегі» дастаны көзі ашық, көкірегі ояу оқырманын күтіп тұрғанын естеріңізге сала кетеміз.

Сурет: bilimland.kz

Е. Жұмабайұлы