Қашаған Күржіманұлы дастандарындағы халықтың көне тарихы мен шежіресі

Қашаған Күржіманұлы дастандарындағы халықтың көне тарихы мен шежіресі

Қашаған Күржіманұлы 1841 жылы Түрікменстанның Ташауыз қаласының маңында туған. Ол жалшы отбасында дүниеге келіп, жастай жетімдік, жоқшылықтың тауқыметін ерте тартқан.

Қашағанның шығармалары тұңғыш рет 1935 жылы «Әдебиет майданы» журналында (№5) жарияланды.

Қашаған өз өлеңдерінде надан, дінбұзар, дүмше молдалар мен сараң байларды аяусыз әшкерелеп («Есқали сұпыға айтқаны», «Оразалыға»), адамгершілік, ізгелік қасиеттерді («Берекет ақынға», «Сақыпқа айтқаны») дәріптейді, елдік пен ерлікті, халық мұратын («Ізім шайырмен айтысы», «Ізбасқа айтқаны») жырлайды. «Атамекен», «Топан», «Адай тегі», «Әзірет Ғали» дастандарында халықтың көне шежіресі мен тарихын, Атырау өңіріне үлкен қасірет әкелген табиғат апатын толғайды. «Атамекен» дастанының сюжеті тарихи оқиғаға негізделген. Дастандағы қазақтардың басқыншылыққа ұшырап, батысқа көшуіне, Адайлардың Маңғыстауға бет алуына, сондай-ақ жырда аталатын хандардың өмір сүрген дәуіріне қарағанда, шығарма, негізінен XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы жоңғар басқыншылығын, "Ақтабан шұбырынды" кезеңіндегі елдің ауыр тұрмысын суреттеуге арналған. Сол дәуірдегі батырлар бейнесін ашқан. Жоңғар басқыншылығы көрініс тапқан. Халықтың басынан кешкен тағдыры баяндалады. Дастандағы жер-су аттары қазір де бар.

Қашаған Күржіманұлының «Топан» дастаны төрт бөлімнен тұрады. Бұл шығармасында табиғат сұрапылына ұшыраған Атырау елінің қыруар малы мен жаны, мекен-жайы суға кетіп, баспана, азық-түліксіз калған қайғылы ел көп қиындық көргені баяндалады. Ақын ел басына түскен сол ауыр күндердің куәсі болып, халық мұңына ортақтасып, осы дастанын жырлаған.

«Адай тегі» шығармасы аңыз хикаяға құрылған.

Толығырақ мына сілтемеден жүктеп ала аласыздар!

Қашаған заман сырын сезіне алды, халық келешегіне сенді, әйел-ананың қоғамдағы рөлін түсінді, дүниенің мәңгі дамуда екенін, уақыттың өтпелілігін ұғына білді. Ол халық тарихын, дін-шариғат қағидаларын мол білген. 

Ақынның құрметіне Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде табылған мұнай мен газдың алып кен орнын Қашаған кен орны деп атады. Бұл кен орны әлемдегі соңғы 40 жыл ішінде ашылған ең ірі кен орындарының бірі болып табылады.

Өмірі мен шығармашылығы А.Жұбановтың «Қазақ композитарларының өмірі мен творчествосы» (1942),Қ.Сыдиықұлының «Ақын-жыраулар» (1974), Х.Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиеті.XIII-XIX ғ.ғ.» (1981) деген еңбектерінде және «XIXғ. қазақ ақындары» (1988) деген зерттеулер жинағында қарастырылған. Қашаған - І.Жасүгіровтың «Көбік шашқан» поэмасының басты кейіпкерлерінің бірі. Қашаған шығармаларын өз айтуынан естіп, хатқа түсірген – ақынның немере інілері Көшен Өсербаев пен Шәдіман Үсембаев сияқты жыршылар мен Темірғали Күнтуғанов секілді жинаушылар. Әсіресе ақынның мол мұраларын жинақтауда, қағаз бетіне түсіртуде әрі ҚР ҰҒА-ның қолжазбалар қорына өткізуде ақын Сәттіғұл Жанғабылұлы көп еңбек сіңірді.

Қашаған Күржіманұлы - өз кезеңінің  белді, дәуірінің әлеуметтік мәселелеріне үн қоса білген кең тынысты ақыны.Ол 1929 жылы Маңғыстау  түбегіндегі Қырықкез деген жерде қайтыс болған.

Қашаған Күржіманұлы айтқан екен...

***

Дауылұлы Шаубай деген байдан Қашаған соғымдық мал сұраса, ол арық лақты ешкі беріпті. Ақын оны саудагерге әкеліп, Шаубай сараңдығын жиналған көпке айтып береді:

Саудагер жігіт, кұлақ сал,

Мынау Шаубай бай берген қара ешкі,

Әр жері шұбар ала ешкі.

Аузын ашып қарасам,

Дауыл түгіл, оның әкесі

Ержанның тұсында да бар ешкі.

Соңында бар лағы,

"Шек"дей келіп ақырсам,

Тіпті есітпейді құлағы.

Сатайын деп екеуін,

Өзіңізге келіп отырмын.

Екеуі төрт кез матадан

Артыққа міне өтпейді,

Бес кез матаға жетпейді.

Шаубайдың берген жәбірі

Тіріде естен кетпейді.

Сояйын десем, жануар,

Борбайында дымы жоқ,

Сорпаға шығар шыры жоқ.

Қабыртқалары қасықтай.

Омыртқалары асықтай,

Жей алмай тұрмын жасықты-ай.

Талай топқа салармын,

Тұра тұр, Шаубай, асықпай.

***

Қашаған бірде Мұрынқұл байдың ауылына келеді. Ауыл-аймақ жиналып, жыр айтқызады. Түн бойы жырлаған ақынға сараң бай шай-су да бермейді. Сонда Қашаған байды былай деп састырыпты:

Көбентайдың Мұрынқұл,

Бүгін емес, бұрынғың.

Мырза емесіңді білемін,

Таң атқанша жыр айттым,

Аз да болса, ырым қыл.

***

Жаяулық тауқыметін тартқан Қашаған тапқанын беріп, бір ат сатып алады. Саудагердің мақтап сатқан аты аяғын баспайтын шабан боп шығады. Сонда айтқаны:

Қуаңдаған қу Бисен,

Өтірікші су Бисен,

Маған сатты бір атты,

Шәртік қарын сұр атты.

Қазанаттай қампитып,

Түріменен тоқ қылды.

Он бес күннің ішінде

Үш қамшымды жоқ қылды.

***

Өкшесі ойылып, табаны сойылып, қой артында азап шегіп, қарыны ашып, қойшы бала Қашаған таяғын жерге шаншып, шапанын күрке етіп жата қалса көзі ілініп кетеді. Баланы бір шал түсінде қолынан тартып тұрғызып: 

- Дорбалап аласың ба, қапшықтап аласың ба? - деп сұрайды. 
-Бергеніңді аламын дейді Қашаған. Қара кісі қолын жайып бата береді. 
-Өнер бердім, елге шаш дейді. Қашаған осыдан кейін суырып салма ақын болады.¬ Қашаған ұйқыдан атып тұрса, жүрегі кеудесіне сыймай бір нәрсе керіп бара жатады, ал қой болса ұзап кеткен екен. Алқына жүгіріп мал шетіне жете бергенде, жел айдаған бір түйеқарын қойды дүрліктіре үркітіп, ұзатып әкетеді. Ызаланған Қашаған осы жерде іле шала түйеқарынға өлең шығарады: 

-Ассалаумағалейкум, түйеқарын! 
Адасқан ақылынан сен бір жарым. 
Келдің де қия шеттен қойды үркіттің, 
Алдыңда білмейсің бе қойдың барын? 

Және түйеқарын болып іле жауап береді: 

-Уағалейкумассалам, түйеқарын! 
Адасқан ақылынан дейсің жарым 
Жол жүріп алыс жерден келе жатсаң 
Алдыңда білер ме едің ненің барын?!

Сурет: өңделген

О. Сансызбай