Ұстаз деген – ұлы да ұлағатты есім. Бастауыш сыныпта бір ғана мұғалім сабақ берсе, 5 сыныптан бастап сабақ беретін ұстаздардың саны көбейеді.
Мектеп өмірінде бір емес, бірнеше мұғалімді кездестіресіз. Олардың барлығы да әр түрлі. Біреулерін әділдігі мен ыстық ықыласы үшін жақсы көріп, екінішілерін сабақ сұрай бергені үшін жек көріп кетуге болады. Оқушының сабаққа қуана баруы мен өтірік ауырып қашуының барлығы ұстазға байланысты. Сол себепті ұстаздармен қарым-қатынастың жақсы болғаны дұрыс. Жаңа ұстазға ұнау үшін міндетті түрде 5–ке оқып, барлық тапсырмаларды жаттап келудің қажеті жоқ. Ұстаздар бар ықыласы кітапта ғана болғандықтан, тым жақсы оқитын оқушыларды ұната бермейді.
Ұстазыңызбен қарым-қатынасыңыз қандай? Жақсы болған жағдайда, сізге деген көзқарасы да ұнамды. Ал жаңа келген ұстаздардың көзіне түсу үшін төмендегі ережелерді пайдалануыңызға болады:
1. Сабақ үстінде тыныш отырыңыз
Ұстаз жаңа тақырып түсіндіріп жатқан кезде жан-жаққа қарап немесе басқа іспен айналысып отыру -мүлдем орынсыз қылық. Бұл қылығыңызды өзін сыйламағандық деп ойлап қалуы мүмкін. Болашақтағы сабақтарда түк түсінбедім десеңіз, «Сабақ үстінде тыныш отыруың керек еді!» деген жауап алуыңыз ғажап емес. Бұдан кейін амандасудың өзі қиынға соғады. Қиын тақырып шешілмейтін мәселедей қалып қояды. Ал бір тақырыпты түсінбеген оқушы, өзге тақырыптарды алып кете алмайды.
Мектепке ойнау үшін емес, сабақ оқу үшін баратындығыңызды ұмытпаңыз. Сіздің сабаққа деген ынтаңыз, өзгелердің, әсіресе, ұстаздардың сізге деген сенімін арттырады.
2. Өтіп жатқан тақырыпқа байланысты бір нәрсені түсінбей қалсаңыз, қайталап сұрауға ұялмаңыз
Алайда бастапқыда өзіңіз ойланып көргеніңіз жөн. Жауабын өз бетіңізбен табуға тырысып, кітаптардағы көмекші жаттығуларды орындаңыз. Ережені бірнеше рет қайталап оқып көріңіз. Ұстазға сұрақ қою үшін нақты мысалдарды пайдаланыңыздар. Ұстазға маған қарамадың, дұрыс түсіндірмедің деп ренжудің де қажеті жоқ. Сыныпта оқушы саны көп болғандықтан, сабақтың соңынан барып сұраңыз.
Ұстазды ұр тоқпағы бар қатал адам ретінде қабылдаудың қажеті жоқ. Сіздің жетістігіңіз, бестік бағаларыңыз бен мәдениеттілігіңіз олардың да жетістігі. Сол себепті әрдайым мақтанышы болуға ұмтылыңыз. Өзінің еңбегінің еш кетпегендігін көрген ұстаз, марқайып қалады.
3. Сенімнен шығып қалудан қорқыңыз
Мысалы, ұстазыңызға сабақтан кейін бір тапсырманы түсіндіруін өтініп, мектепте қалғыңыз келмегендіктен кетіп қалсаңыз, ұстазыңызды ренжітіп аласыз. Алтын уақытын сізге арнауға дайын тұрған ұстазды ескертпестен кетіп қалғаннан кейін, ары қарай қарым-қатынастарыңыздың жақсы болмайтындығы анық. Олар өтірікші оқушыларды жақсы көрмейді.
Кейбір оқушылар сабақ оқып келмеген күндері сіңлімді қарадым, қарындасымды балабақшадан алуға бардым, басым ауырды сынды сылтаулар айтады. Бұл өтірігіңізді алдынан күніне 100 оқушы өтетін ұстаз бірден байқайды да, сізден көңілі қалып қалады. Келесіде шындықты айтсаңыз да, сізге сенбейтін болады.
4. Мектепте жүргеніңізді ұмытпаңыз
Сабақтардан қашпаңыз. Бұндай қылықтарды ұстаздар бассыздық деп қабылдайды. Ұстаздар оқушылардың кейбір қылықтарын өзіне қарсы жасалып жатқан әрекет деп қабылдауы мүмкін. Ол сіздің сүйікті мультфильміңізді көруге асығып кеткеніңізді білмей, өзіне деген қарсылық деп түсінеді. Бұл мектептегі өміріңізді қиындатады.
5. Ұстаздың да адам екенін ұмытпаңыз
Ұстаз да анаңыз бен әжеңіз секілді қиындықтарға тап болуы мүмкін. Күйзеліп жүргендігіне қарамастан, сабыр сақтай білетіндігі - сыйлауға тұрарлық қасиет. Сабақ үстінде әдейі жынына тимеңіз. Қиын жұмысына түсіністікпен қараңыз.
Сіздің де анаңыз секілді ұстаздың да басы ауырып қалуы мүмкін екендігін елестетіп көріңіз. Сіз шулап отыр екен деп сабақтан кетіп қала алмайды. Ұстазыңызды осындай ақылға сыймайтын қылықтарыңыз арқылы ашуландырып алмаңыз. Бірден сөз қайтарып еркелеудің орнына, жақын адамдай түсіністікпен қараудың да пайдасы бар.
6. Сенім мен құрметті лезде жоғалтып алуға болады, ал оны қайтару қиын іс
Кейде сенімге кіру үшін ұзақ жылдар қажет. Сол себепті кикілжіңнің алдында бұл адам мен үшін қаншалықты қымбат деген сұраққа жауап беріп алыңыз. Ал байқаусызда ұрсысып қалған жағдайда, тығырықтан шығатын жолды бірден іздеңіз. Уақыт өткен сайын татуласу қиынға соғады. Түсіндіру арқылы немесе ұзақ уақыт бойы жақсы жағынан ғана көріну арқылы көзіне түсе аласыз.
Ұстазыңыз жау емес, өмірдің ыстық-суығына төзе білуге үйрететін ақылшыңыз...
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: arka-ajari.kz, shygysdaryny.kz, kargoo.gov.kz