ЭКСПО көрмесі – тұрақты дамудың биік үлгісі (эссе)

ЭКСПО көрмесі – тұрақты дамудың биік үлгісі (эссе)
Фото: ptour.kz

2017 жылы Астана қаласында өткізу мәртебесі бұырған халықаралық ЭКСПО көрмесінің мәні зор. Жүктелген жауапкершілігі мен артылған сенімін айтпағанның өзінде туристік тартымдылығы тұрғысынан танымал спорт жарыстарымен пара-пар.

Басты мақсат – отандастарымыз бен қонақтардың талғамын таразылап,таным көкжиегін кеңейту. Аз уақыт ішінде көрме орталығын тұрғызып, жолдар салу, елді жан-жақты дамыту. Халықтың тарихын, өнерін, мәдениетін бүкіл әлемге таныту жолындағы дамудан бөлек, ЭКСПО көрмесі бүкіләлемдік даму деңгейіне жеткізеді.

ЭКСПО көрмесі ең алғаш 1851 жылы Лондон қаласында өтті. Ең алғашқы телескоптар, ең жаңа тігін және тоқу станоктары, баспа машинкалары жаңалық ретінде осы көрмеде таныстырылды.

1855 жылы Парижде өткен көрме ауылшаруашылығына ден қойды, шөп кесетін қондырғылар, жанармаймен жұмыс істейтін алғашқы көлік, тіпті сөйлейтін қуыршақ – сол заманда қонақтардың таңдай қаға тамсанатын экспонаттары қатарын құрады. Ал Париждегі 1889 жылы ұйымдастырылған көрме арқасында қазір әлемге әйгілі Эйфель мұнарасы бой көтерді. У.Томсонның электр машинасы, Т.Эдисонның алғашқы лампалары да бар жанарды жаулады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1958 жылы Брюссельде жасалған көрме қайта қалпына келтіру кезеңін құрып, атом дәуіріне қадам басқанын көрсетеді. Көрме кезінде атомға арналған Атомиум монументі бой көтерді.

1962 жылы Сиэтл көрмесі алғашқы Imax кинотеатры, электронды кітапхана, қабырға теледидарының көзайымы болды.

1970 жылы Жапонияның Осака қаласында өткен ЭКСПО көрмесі – Азия халқына тиесілі алғашқы бастама. Батыс жұртына Шығыстың қақпасын айқара ашып, жаңа дәуірге қадам басып, алпауыт елдермен бәсекеге түсе алатынын дәлелдеді.

1992 жылы Севильяда өткен әмбебап көрме геосаяси өзгерістерге жол ашты. Көлік инфрақұрылымын жақсартуға көп көңіл бөлініп, жаңа әуежай, темір жол вокзалы салынды.

Көрме қалашығында жаз кезінде 40 градустан асатын ауа құрғатарлық аптап ыстықта келушілерге жайлы жағдай туғызу үшін микроклимат жасалды. Ол үшін көрме аумағында орталық көшелердің бойына қатарластыра орнатылған су микрофильтрлері бар арнайы ауа желдеткіштері қойылды.

2005 жылы Жапонияның Аичи қаласында өткен көрме керемет Жер шарын одан әрі жақсартуға бағытталды. Осы көрмеде тұңғыш рет Қазақстанның экономикалық жетістіктері, мәдениеті күншығыс елінің назарына ұсынылды. Есік қорғанынан табылған Алтын адам, ежелгі бағалы тастар мен әшекейлер, ұлттық тұрмыстық заттар жарты миллионнан астам адамның назарын аудартып, қызығушылығын тудырды. Немісті «Бионис» павильоны саяхатқа арналған ғажайып жолды жұрт назарына ұсынды. Онда тамшы пішіндес электромобиль арқылы сапар шегуге мүмкіндік жасалған.

Бертін келе 2010 жылы өмір сүру сапасын арттыруға бет бұрылды. Шанхай қаласында «Көмірқышқылды аз мөлшерде қолданып өмір сүру салты» көрмесі кеңінен танылды. Ондағы экспозициялар жел, жарық және жылу энергиясын өндіру жолдарын көрсетіп, атмосфераға зиянды заттар бөлмейтін автокөлік түрлері мен биоэнергетика қондырғыларын қонақтар назарына ұсынды.

166 жыл бұрын телескоптарға таңырқай, тосырқай қараған жұртты бүгінде барлығын өзі орындайтын Smart құрылғылармен таңдандырудың өзі қиын. Осы дәлелдерге сүйене отырып, ай аунап, жыл жылжыған сайын еліміз ғана емес, бүкіл әлем тұрақты түрде тоқтаусыз дамудың ең биік үлгісін көрсетті деп нық сеніммен айта аламыз.

Бүгінгі таңда жаһандық маңызы мол мәселе – тұрақты түрде энергия көздерімен қамтамасыз ету. Осы энергетика саласында сапалы өзгерістерге жету жолын табуды, энергияны күн көзінен алу секілді балама көздері және оны тасымалдаудың жаңа әдістерін көздегендіктен Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесі «Болашақ энергиясы» тақырыбымен ұйымдастырылды.

@. @assel_assanova