Сән-салтанатты «Қыз Жібек» жыры

Сән-салтанатты «Қыз Жібек» жыры
Фото: uskz.org

Қазақ әдебиеті пәнін мектепте оқыту үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Кейіпкерлер бейнесін талдай отыра, әлеуметтік ортасы мен өміріне тоқталып кетпей болмайды. Бірақ соңғы уақыттары қазақ әдебиетінде әлеуметтік теңсіздік немесе кейіпкерлердің қандай отбасыдан шыққандығы туралы мәліметтерді талқылау идеясы құпталмайды. Яғни, Кеңес Одағынан қалған «байлар мен кедейлер», «кедей тап өкілдері» деген ұғымдар кеңінен талқыланбайды. Бұл ескі сананың қалдықтары деп есептеленуде. Тіпті «ұнамды және ұнамсыз кейіпкер» түсінігі де артта қалып барады.

Жақында «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырының жанрлық ерекшелігі мен кейіпкерлер бейнесін 9-сынып оқушыларымен бірге талдадық. Кейіпкерлер бейнесі аталмыш жырда кеңінен суреттелген десем артық емес. 16 жасқа толған Базарбайдың ұлы Төлегеннің сонау алты арыс Шекті еліне аттанады. Ақжайықтың маңында небір сұлу да көркем аруларды сынаған Төлеген өзіне лайықты сүйіктісін 210 арудың ішінен таба алмайды. «Тұлпардан туған бір көк жорға атты алдырып, алтын-күміс тұрман жасатып, гауһардан тастар орнаттырып қасына сексен жігіт жолдас алып, қырық нарға азық арттырып, тоғыз түйеге ділдә, жамбы артып Наурыз айы туғанда жүрді дейді» деп сипатталады. Батырдың мұншалықты дәулеті мен сәулеті оның ауқатты отбасынан шыққандығы жырда бірнеше рет баяндалады. Базарбайдың Төлеген, Ерте туған көбеген. Сексен жігіт қосшы алып, Он бес жігіт басшы алып, Ақжайыққа жөнеген. Айдың өткен шешесі, Ай қараңғы кешесі, Падишадан кем емес, Ер Төлеген мүшесі. Жырда Төлегеннің ер тұлғалы сымбаты мен соншама қосшымен Ақжайық еліне аттанғанының өзі оның падишалық ғұмырының сән-салтанатын арттырып тұрғандай.

Әрине, басты тақырыбы екі жастың орындалмаған махаббаты деп ойлармыз. Алайда баласының шешіміне қарсы шыққан Базарбайдың Төлегенге келісім бермеуі-дәулетті қарт ақсақалдың қыңырлығын ғана аңғартады. Ия-ия, болмаса өз баласына теріс батасын беріп өзге елге аттандырған әкенің бұл іс-әрекетін басқаша түсіндіре алмаспыз. Тоғыз бірдей ұлынан айрылған қарт әкенің бір ғана қырсық мінезі-Төлегендей ердің жат елде қаза болуына алып келеді. Сондай-ақ Сырлыбайдың ақын уәзірі Қаршығамен алғаш кездескенде, екеуінің арасындағы диалогта Төлеген: «Ассалаумағалейкүм, Қаршыға-еке, Мен едім Базарбайдың Төлегені, Қозының ерте туған көбегені, Қаршы-екем араз ба еді бұрын маған, Қасыма танып тұрып келмегені. Мен едім Базарбайдың үлкен ұлы, Алланың шыныменен сүйген құлы, Қаршы-екем сәлем берсем қарамайды, Бар еді Төлегеннің неден міні?» - деп сипаттауында Базарбай байдың сүйікті де, жалғыз мирасқоры екенін дәлелдеп тұрғандай. Енді Жібек арудың салтанатты өміріне қарай ойыссақ. Жібектің елі былай сипатталады: «Шекті деген ел алты тайпа болады екен, һәммасының ханы Сырлыбай деген болады екен, ол Сырлыбайдың алты ұлы бар екен, ең кенжесі жалғыз қызы Жібек сұлу деген екен және Сырлыбайдың Қаршыға хабаршы деген ақын уәзірі бар екен. Қаршығаның ақылы зерек, өзі адал екен, ханның тоғыз мың жылқысы бар екен, (Қаршығаны) сол жылқының басына қойып, отарға жіберген екен. Отарда жатып Қаршыға Төлегеннің хабарын есітіп, мен Төлегенді көрейін деп ойлады. Егерде Төлеген маған ұнаса, оны Жібек жақтырар, Төлеген маған ұнамаса, өзі не қылса да мейлі деп жылқыддан бір бесеу атты алдырып мініп, Төлегенге жүреді. Төлегеннің Жібекпен танысуына қыздың ағасы, Сырлыбайдың ақылшы уәзірі Қаршығаның тікелей қатысы болады. 

Дәл осы Қаршыға Сырлыбайдың ұзын сонар көшінен сұлу да, теңдессіз аруды таып беруге ат салысады. 12 көштен 12 арудың сұлулығы бірінен кейін бірі асыра суреттеледі. Барлық аруды көріп шыққан Төлеген Қаршығадан: -Осы ма Жібек?-деп сұрайды. Қаршыға: -Бұл Жібек емес,-деп басын изей береді. «Көш алдына қараса, Бір қыз кетіп барады; Шытырма көйлек етінде, Нұр сәулесі бетінде, Бұралып кетіп барады, Перінің қызы секілді. Осы екен деп Қыз Жібек, Жетіп келді қасына – Базарбайдың Төлеген. Артынан келіп Қаршыға, Жібек емес деген соң, Онан өтіп жөнеген.» Соңында көштің басында кетіп бара жатқан жеке күймеде Жібектің бар екенін біліп, жүзін көруге батырымыз ынтық болады. 12 көштен өткен соң алдына қараса, Жібектің анасы кетіп бара жатыр екен. Көш алдына қараса, Бір бәйбіше нұр жүзді Көшті тартып барады. Көш алдында бәйбіше Сары алтынның жабдығы, Бір жүз түйе қазына Қызыл алтын сандығы Көрұғлы – сұлтан қатыны, Аға Жүніс перідей, Көркі раушандай – Жазығы қатын демесең, Қартайса да ілгері – Әлгі қыздан салдығы. Айдың өткен нешесі, Ай қараңғы көшесі, Жазығы қатын демесең, Қартайса да ілгері – Ілкі қызан мүшесі. Асылдай болып есіліп, Нұрдай болып шешіліп, Ақ маңдайы жарқылдап, Танадай көзі жалтырап, Алтынды кебіс сартылдап, Көшті тартып барады, Жібекті тапқан шешесі. «Сары алтынның жабдығы, бір жүз түйе қазына» деген тіркестер Сырлыбай бай-бағланның соншалықты дәулеті мен бақуаттылығын, жағдайын дәл сипаттап тұрғандай. Ары қарай Жібектің көшін: Көш сәулетін қараса, Асфаһанның жұпары, Стамболдың гауһары, Тамаша қылған адамның, Тояды көздің баһары. Есебі жоқ дүниені – Есептейік несіне?-деп арудың есепсіз дүние-байлығын сол кезеңдегі Асфаһан (Иран еліндегі ежелгі шаһар) мен Стамбол(Түркия елінің қаласы Ыстамбұл) қалаларына теңеп тұр. Төлеген Қаршыға арқылы Жібектің көш басында таңертең кеткенін естіп біледі. Көк жорға атын қамшылап күймеге әрең жеткенде, күйме ішінен Қыз Жібекті көре алмайды. «Сонда Төлеген үш рет дауыстап шақырды. — Бұл күймеде неғылған жан бар, сен еркекпісің, ұрғашымысың, тірі адам бармысың?-деп. Бұған Қыз Жібек еш жауап бермеді. Сонда Төлеген қапы болып тұрды. — Ай, дүние-ай, мынаның мені кемсінгені бөтен жұрттығы ғой. Өз жұртымда маған да еш кісі тең келе алмаушы еді,»-деп күрсініп жауап қатуында да, бөтен жанның Төлегенді еш кемсітіп көрмегені, өз жұртында оған тең келетін бай-қуатты жан болмағанын аңғартады. 

Жібек сұлудың ажарын көре алмай ынтызар болған Төлеген мырза Қаршығаның тапқырлығы арқасында арманына жетеді. Пәуескенің түймелері ағытылғанда, Жібек жарқ етіп бір көрінеді де жатып қалады. Сондағы Жібектің сипаты: Қыз Жібектің құрметі, Жиһаннан асқан сәулеті, Ләйлі, Мәжнүн болмаса, Өзгеден артық келбеті. Үш қызы бар қасында-ай, Өзі он төрт жасында-ай. Кебісінің өкшесі Бұхардың гауһар тасындай. Ақ маңдайы жалтылдап, Танадай көзі жарқылдап, Алтын шашбау шашында. Қыз Жібектің шаштары Қоғалы көлдің құрағы. Көз сипатын қарасаң Сегіз бейіш ішінде Хорлардың жаққан шырағы. Дүрі – гауһар сырғасын – Көтере алмай тұр құлағы. Қыз Жібектің ақтығы – Наурыздың ақша қарындай. Ақ бетінің қызылы – Ақ тауықтың қанындай. Екі беттің ажары – Жазғы түскен сағымдай. Білегінің шырайы – Ай балтаның сабындай. Төсінде бар қос анар – Нар бураның санындай. Оймақ ауыз, құмар көз, Іздеген ерге табылды-ай. Өткірлігін байқасаң, Ұсталар соққан кетпендей, Нұр тұқымын еккендей. Бір ауыз сөз сөйлескен, Мұрадына жеткендей. Тірісі түгіл, Жібектің, Өлігіне адам қайырылып, Бетінен келіп өпкендей. Ия, «Қыз Жібек» жырының өн бойында тұнып тұрған әдемілік пен дәулетті көрініс. Төлегеннің дәл осы Қыз Жібекті көз алдына елестеткендей перінің қызындай сұлулығы, сән-салтанатқа толы ортасына тап болады.

Әрине, Төлеген батырдың да дәулеті мен сәулеті бір басынан артылып тұр. Дегенмен, бұл жырдың суреттелуі басқа лиро-эпостық жырларынан ерекше, дара. Тіпті, «Қыз Жібек» көркем фильмін тамашалап отырып та қазақ даласында емін-еркін сүрген қыз-бозбала өмірін, оның ішінде бай-бағландардың өзгеше әдемі көрінісін көре аламыз. Сондықтан да аталмыш жыр – ең бағалы, сұлулық пен әсемдіктің нышаны, қазақ халқының мақтанышы, рухани ескерткіші. 

Майра Мырзахметова

Ж. Жұмағұлов