- Негізгі бет
- Шығарма
- Мектеп – білім...
Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі
Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу.
Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер –ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады.
В.А. Сухомлинский
Мектеп... Шәкірт...Ұстаз...Осы үш сөз бір арнаға тоғысқандай. Бұл қаламның басы мен ұшы сияқты, егіз жүретін түсінік. Мектеп пен шәкірт... Ал, осы екі ұғымға жан бітіретін құдірет иесі әрине, – ұстаз. «Мектеп – білім тірегі, ұстаз оның жүрегі» деген тіркес осы сөздерімнің мәнін ұқтырғандай.
Ұстазды ақылдылық пен көрегенділіктің бейнесі деп білемін. Ұстаз – зор тұлға ол күннің құдіретті сәулесі іспеттес. Барша шәкірттің тұла бойына білімінің биігін сыйлай отырып, қаншама жанның жүрегінен орын алатын, өз өмірін өзгенің болашағына арнайтын ақылдың тозбайтұғын асылы. Бойындағы бар білімі мен ақылы, арман мен мақсаттарын орындай жүріп, шәкірт жүрегінде мәңгі сақталатын бейне де осы – ұстаздікі.
Алғаш қолыңа қалам беріп, сені білімнің тереңіне бойлатып, үлкен өмірдің қыр-сырын үйрететін алғашқы ұстаз кім-кімнің де жүрегінің түкпірінде қалатыныны даусыз. «Ұстаз» деген ұлылықтың қадір-қасиетін мен де сол алғашқы ұстаз арқылы жете түсіндім.
Бала шақтан болашаққа қанат қақтырған менің алғашқы да сүйікті ұстазым – Әбиева Дариға. Саналы ғұмырын осы жолға арнаған ұстазымның алдынан өтпеген шәкірт кемде-кем. Ұлағатты ұстазым – еңбек жолында кез-келген қиындықтарға төтеп бере алатын қайсар жан. Шәкірттеріне деген мейірімлігі, жұмысына деген ынта-жігері, өмірдегі болмысы кім-кімге де өнеге. Ұстазымның алғаш қолыма әліппе ұстатып, өзінің мейірімге толы дауысымен, әліпбидің алғашқы әрпін жұмсақ та нәзік қолдарымен дәптеріме жазғаны әлі көз алдымда. Сол кездегі толқыныс, сол кездегі ұстазға деген махаббат әттең, кері қайтпайтын өмірдегі ең ұмытылмас сәттер.
Кейін төрт жыл ұстазымның берген білімі мен бағыт-бағдарын өмірлік ту қылып ұстап, әріқарай үлкен өмір белестерінің бір бөлшегі – жоғарғы сыныптарға қадам бастық.
Ұстаз қызметінің нәтижесі де, таразысы да білім берген оқушылары десек, білікті ұстаздан білім алған әрбір шәкірттердің өзге де ұстаздар алдында беделі жоғары болады. Ұстазымның мерейін осылай көтергеніміз біз үшін үлкен мәртебе еді. Ол кісінің жайраң қағып жүргенінен артық ешнәрсе жоқ-тұғын.
Мен өз өмірімде білікті адамдармен тығыз байланыс орнатып, олардың жиған-терген өмірлік тәжірибелерінен үлгі алудың өзін үлкен жетістік деп санаймын. Жоғарғы сыныпқа келгесін көптеген ұстаздардан білім алып, алыптардың салған дара жолымен жүруге, «Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас» деп Боэций айтқандай, әрбір ұстазымның еңбек жолында саналы шәкірт болып қалуға тырыстым.
Мұғалімнің бүкіл мақтанышы – шәкірттерінде екені анық, өзінің тәрбиелеген ұрықтарының өсіп өнуінде. Мені талай сын-додаларға әзірлеп өмірде де үлгі-өнеге боп жүрген Нұрсәуле, Аяжан, Бұлбұл ұстаздарымдай жандардан тәлім-тәрбие алып жүргенім мен үшін де мақтаныш. Ұстаздарымның ақ пейілі, шәкірттеріне, жұмысына деген сүйіспеншілігі адам жанының еліктірмей қоймайды. Оған дәлел ретінде Л.Толстойдың: «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол нағыз кемел ұстаз» деген керемет сөзі тірек болатындай. «Ұстаз» деген ұлылықтың биігіне шыға білген жан «өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейілінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ер намысын ардақтайтын жақынға да жатқа да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы шарт болса, менің алтын ұя мектебімнің ұстаздарында да осы қасиеттердің барлығы тоғысып, қандай да бір істі бар ынтасымен атқарып жүрген мұғалімдердің саны көп. Осы орайда Д.Ушинскийдің: «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен – тарихтағы ең ұлы істің бірі.» деген дана сөзі ойға келеді. Шынымен де, ұстаз жолы қиын жол. Жан-жағындағы адамдарға қуат беріп, білімнің сар даласында дамыл таппай, ізденісте жүреді. Себебі, мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал, оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімділігі де жойылары хақ. Ұстаздың зор міндеті де сол – адамды қалыптастырады. Айта берсек ұстазға жүктелер міндет те, айтылар теңеу де көп. Десек те, ғылымды күшті меңгерген және оны сүйетін мұғалім ғана өз шәкірттеріне жемісті ықпал жасайтын болады.
Шыны керек, биылғы жыл мен үшін ерекше жыл. Алтын ұя мектебімнен түлеп ұшып, үлкен армандарыма қанат қағып, өмірдің алуан түрлі белестеріне қадам басамын. Осынау мектебімде өткізген соңғы жыл мен үшін әрине, қымбат болмақ. Осы уақытқа дейін рухани азық, көкірегіме адамгершілік нұрын құя білген ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Талай дарынды да дара саңылақтардың өмірден өз орнын таба білуіне ықпал болған ұстаздарыма өмірдегі бар жақсылықтарды, шәкірт мерейі, отбасы бақытын тілеймін.
Рысқалиева Балнұр
БҚО, Бөкей Ордасы ауданы
Қ.Сағырбаев атындағы ЖОББМ 11-сынып оқушысы
Ж. Жұмағұлов