Мен Ұстазбын

Мен Ұстазбын
Фото: vk.com

Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын осынау заманда ұстаздың шәкірт өмірінен алар орны бөлек. Кемелді ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында. Бұл факторды жүзеге асырушы субъект – ұстаз. Қай заманның ғалымын да, ақынын да, басшысын да, басқасын да «тұлға» ретінде қалыптастыратын бір-ақ дүние немесе педагогикалық методика. Оларды ұлттық құндылықтарға (ар-ұят, иба, т.б) сай тәрбиелеу. Бүгінгі қоғамның басты талабы – қолдан жасалған «ХХІ ғасырдың ғажайыптарын» тамашалау емес, еңселі ел тағдырын аманаттайтын тарландарды өсіру. Осы орайда, мен ең таңдаулы мамандық иесімін.

Мақсатым – ұлт болашағына алаңдайтын ұлы тұлғалар тәрбиелеу. Міндетім – тәліммен қоса тәрбиені де қатар беру. Еңбек еткен ұстаздық жолымда қанша шәкіртке бағыт-бағдар бердім. Білім бәйгесінде баптағандарым бүгінде бір отбасының ұйтқысы, бір елдің белді азаматы болып отыр. Мамандықпен мақтану әсте әбестік емес. Өйткені, мұғалімнің қашанда рөлі шынайы, болмысы биік. Педагогика мен психологияны қатар алып жүру кім-кімнің болсын қолынан келе бермейді. Ұстаздық жолында одан бөлек, қоғамнан да хабарың болуы маңызды. Демек, әлеуметтану да артықшылық етпейді. Философия да ұстаздың басты қаруы. Ұстаз – осындай әмбебаптықты талап ететін күрделі мамандық.

Мен Ұстазбын. Ертеңгі күннің еңселі ұрпағын саналылыққа қарай бағыттау басты міндетім. Ол үшін білім де, әдіс пен тәсіл де, арнайы дәреже де маңызды емес. Ең әуелі адамдықтың шынайы бейнесін шәкіртке көрсете білу қажет. Мейірімге мұқтаж мына заманда мұғалімнің берері мол. Қаталдық қағидасы бұл күнде өз мәнісін жойған. Себебі, бүгінгі қоғам тым күрделі. Оқушы психологиясы да соған сай қиындау. Ата-анамен дұрыс қарым-қатынас орнату, оқушымен тіл табыса білу, түрлі методика арқылы қызығушылықты арттыру – ұстаздың жетістігі.

Бүгінгінің білімгеріне жетіспейтіні – еркіндік. Сөз еркіндігін былай қойғанда, ой еркіндігі өткенмен салыстырғанда төмен. Қазақы болмысқа салынып, өз пікірін еркін жеткізуге ұялып жататын шәкірттер де аз емес. Мұғалім осындай жағдайдың барлығына екіжақты көзқараста қарауы тиіс.

Мамандығымнан бөлек өмірде де ұстазбын. Балама бағыт сілтер, қызыма иба мен инабат сіңірер ана-ұстазбын. Жарыма қандай жағдай болмасын, жақсылыққа жол сілтер ұстазбын. Шәкіртке білім мен тәртіпті ту етер ұстазбын. Өзіме тұлға ретінде қарауға баға беретін жеке ұстазбын.

Адам тәрбиелеу – ұлы міндет. Болашақпен бағытталып, келешекпен кемелденетін ұрпақты тәрбиелеу – жауапты жұмыс. Негізгі құрал – сабақ. Басты міндет – білім беру. Қалыптасқан қағида – қарым-қатынас орнату. 

Мен Ұстазбын.  Ұлы қызметтің даңғылында адалдықтан аттамауым керек.Осыны мәңгі есте сақтауым керек.

Ә. Жутаева