Күз туралы шығарма. Қоңыр күз – сағыныш

Күз туралы шығарма. Қоңыр күз – сағыныш
Фото: vk.com

Төрт мезгіл. Әр мезгілдің өзіне тән қасиеті бар. Бірі жаныңа жылулық сыйласа, бірі қайта туған жауқазындай бүршік атып жатады, ал бірі суығына үйретіп те үлгереді. Осы төрт мезгілдің ішінде ең кереметі күз болар.

Күз... Сарғайған жапырақтардың тал басында желге шыдас бермей жерге түскен сәті, көз алдыңда бүкіл әлем қоңырқай түске боялып, бейне бір салып қойған сурет секілді күйге енсе, аспанның шелегі тесіліп қалғандай әр күн сайын тамшылар тамып, жаңбыр жауса, көңілің құлазып тұңғиыққа еніп кетсең, біреуді сағынсаң, ол сені де сағынса, шіркін, міне, бұл күз ғой.

Күздің кереметі сағынышқа толы жүректі жұлып алып, әуеде әуелете ән салдырып, көңіліңді күңірентсе де ішкі жан дүниеңе шынайы бір сезім сыйлайтынында. Күзді сүю сағынышты аңсау деген сөз. Қаншама ақынның жырына, қаншама жазушының қаламына біткен осынау мезгілдің меңіреу тартып тұрса да, өзіне тарта беретіні өзінше бір құдірет.

Күз – адамзаттың сағыныш айы. Мектепке асыққан оқушының сағынышы, қара жерге асыққан жапырақтың сағынышы, егістіктегі мол жемісіне асыққан бағбанның сағынышы, алыстап кеткен достардың қауышуға деген сағынышы, бойжеткен мен бозбаланың махаббат сағынышы, ақынның қаламына, суретшінің күзгі эллегияға деген сағынышы... Байқайсыз ба, бәрі сағыныш.

Табиғат ананың көз жасын бұлап көк аспан да жетер. Құстардың саңқылы, тырналардың тырауы, қатарласа ұшқан тізбегі, қызарып атып, қызарып батқан күннің сәулесі, қара аспанның төсінде дөңгелене қалып, нұрын төгіп тұрған ай сағымы, бәрі дерлік бір суретшінің туындысы секілді. Бірақ бұл ешқандай сурет немесе жасандылық емес, бұл шынайы қанық түстерге боялған күз мезгілі.

«Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан, 
Күз болып, дымқыл туман жерді басқан». Абайдың айтпағы дөп түскен. Бұл осынау мезгілдің пейзаждық анық үлгісі. Сағынып сарсаң қуып, салыңыз суға кетіп жүрсе, қапа болмаңыз. Қалыпты жағдай. Мезгілдің мезгілінен тыс мазалайтын әдеті жоқ. Күзде жабырқауыңыз – сіздің біреуге деген сағынышыңыз. Ал сағыну деген керемет сезім. Аңсауға апарса армандап кететін, үмітке сүйресе үркімей үкілететін сіздің кеуде тұсыңыздағы бір түйір ғана жапырақ тәрізді жүрегіңіз бәріне куә.

Күздің күлімдей қарайтын кезі болса алданыш көріңіз. Ол оның шынайы мінезі емес. Бірақ сізге деген сүйіспеншілігі.

Әркімнің өзі табиғатына сай мезгілі бар. Мезгілдеріңіз мерзімінен бұрып келіп, сізді шаттыққа бөлесін. Ал мен сағынуға кеттім... сағыныш әнін айтуға кеттім...

М. Ақан