Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас

Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас
Фото: vk.com

Адамзатты тәрбиелеу өте ұзақ және күрделi процесс. Жеке бастың қалыптасуы, оның рухани жағынан дамуы бала кезден бастау алады. Жас шыбық иiлуге қандай икем болса, бала да тәрбиенi қабылдауға сондай бейiм. Отбасы тұлға қалыптастырушы бесік. “Азамат қалыптастырамын десең, бесігіңді түзе” – деп, ұлы ғұлама М.Әуезов бекер айтпаған. 

Қазіргі отбасы тәрбиесіндегі басты нысана баламен рухани үндестік пен үйлесімділікке ұмтылу, ата-баба мұрасын сақтауға ұмтылу, халықтың тәлімдік мұрасын сақтауға көңіл бөлу, туыстық, отбасылық қатынастарды бала кезінен қалыптастыру. Адам қарым-қатынас арқылы айналасындағы дүние жайлы мәлімет алады, еңбек пен тұрмыс дағдыларына машықтанады, адамзат жасап шығарған түрлі құндылықтарды меңгереді. Әрине, қарым–қатынас ақпарат алумен ғана шектелмейді, оның шебері аса кең, көп қырлы. Спектакль көрсек те, лекция тыңдасақ та, достармен сөйлессек те, осының бәрі – қарым–қатынастың сан алуан қырлары болып есептеледі.

Адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Өйткені оның психикасы тек айналасындағылармен қарым – қатынас жасау процесінде ғана қалыптасады. Кез келген адам дүниеге келісімен екінші бір адаммен қарым–қатынасқа түсуді қажетсінеді. Мәселен, нәрестенің анасымен «тілдесу» қажетін қанағаттандырмау – біртіндеп оның қатаң сезімді, мейірімсіз болып өсуіне, кішкентайынан айналасына деген сезімнің азаюына әкеліп соқтыратыны байқалып жүр. Сөйтіп, басқалармен қарым–қатынасқа түсу – қай жастағыларға болмасын, оған киім-кешек, баспана қалай қажет болса, айналадағы жұртпен араласып, дұрыс қарым–қатынас жасай білу де сондай қажет. Мәселен, адамды қамап, басқалармен араластырмай ұстау – жазаның ең ауыр түрі екендігіне шүбә келтіруге болмайды. Өзгелермен қарым–қатынас жасау – бұл тіршілікке аса маңызды ақпарат алмасу деген сөз.

Отбасындағы тәрбиенің тиімді болуы ондағы қарым-қатынас түрлерінің орнығуына байланысты. Отбасында түрлі қарым-қатынастар орын алады.

- ынтымақтастық қарым-қатынас, яғни отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы түсіністік пен көмекке бағытталған;

- ортақ мүддеге негізделген біріңғай қарым-қатынас;

- өзара жетістікке жетуді көздеген қарым-қатынас;

- бәсекелестік, яғни барлық жағдайда өзінің бәсекеде ұтуын көздеген қарым-қатынас;

- түрлі себептермен туындаған отбасындағы қайшылықты қарым-қатынас.

Әр отбасында жоғарыдағыдай түрлі қарым-қатынастың орнығуынан баланың жеке тұлғалық қасиеті қалыптасады. Кейбір отбасында отбасы мүшелерін бетімен жіберіп жатады. Мұндай жағдайда ешқандай қарым-қатынас болмайды. Ал кейбір отбасында бедел орын алған қарым-қатынас орнайды. Оның өзіндік ерекшеліктері бар, онда біреудің басқаларға басымдылық танытуы, бұйыруы баланың тұлғалық қасиетінің дамуына жағымсыз ықпал етеді. Қазіргі кезде заман ағымына қарай, отбасында демократиялық қарым-қатынасқа ұмтылушылық бар, яғни әр отбасы мүшесі тең құқықты қарым-қатынасты орнатуды көздейді.

«Ата-ана – бала» жұбындағы кез келген қарым-қатынас түрінің тәрбиелік маңызы бар. Тұлғаны қалыптастырудың маңызды факторы бола отырып, қарым-қатынас үлкен педагогикалық мүмкіндіктерге ие. Тәрбие мақсатына жету үшін ата-аналар әр түрлі әсерлерге жүгінеді: мадақтау және жазалау. Балаларды саналы түрде мадақтау нәтижесінде баланың тұлға ретінде дамуын жеделдетуге болады. Егерде жазалау қажеттілігі туындаса, онда оны тек қана қажетті жағдайда ғана қолдану керек. Өте қатал жаза нәтижесінде балада қорқыныш немесе өшпенділік болуы мүмкін. Кез келген физикалық әсер нәтижесінде балада өзіне ұнамаған жағдайды күшпен шешуге болады деген ұстанымды туындатады.

Өзіндік бағалауы жоғары жағдайда да адекватсыздық байқалады. Бұл баласын көп мақтап, кішкентай жетістіктері үшін де сыйлық беретін отбасында да кездеседі. Жоғары, бірақ шамадан тыс өзіндік бағалауы жоқ отбасында балаларға бағытталған көңіл бөлушілік қажетті деңгейдегі талапшылдықпен сәйкес келеді. Өзіндік бағалауы төмен балаларға отбасында шамадан тыс еркіндік ұсынылады, алайда бұл еркіндік ата-ана мен бала арасындағы қатынас бұзылуы нәтижесіндегі бақылаусыздық болып табылады.

Қарым-қатынас барысындағы қиыншылықтар эмоционалды қарым-қатынас бұзылуының нәтижесі болып табылады. Мектеп жасына дейінгі баланың сөзі мимика, жест және поза көмегімен жүзеге асырылады. Бала ата-анасы және жақындарының қарым-қатынас стиліне еліктей отырып, санасыз түрде соған бейімделіп кетеді. Сөйлеу мәдениетіне ие отбасы баласының бойына қолданылып жүрген қарым-қатынас стилін бейімдейді. Эмоционалды қатынастың бұзылуы нәтижесінде бала бойында үрейлілік дамиды. Жоғары үрейлілік тұрақты сипатқа ие болады. Егер оның бойындағы уақытша қиындықтарды ересектер тітіркендірсе, бір нәрсені қате жасап қою қорқынышы, үрейлілік туындайды.

Мұндай жағдай ата-аналар тым жоғары талап қойғанда да туындайды. Үрей мен оған байланысты төмен өзіндік бағалаудың өсуі нәтижесінде баланың танымдық жетістіктері төмендеп, сәтсіздік сезімі беки түседі. Өзіне деген сенімсіздік нәтижесінде келесідей ерекшеліктер де туындайды. Ересектердің нұсқауын орындау, үлгі бойынша ғана әрекет ету, өз ойын білдіруге қорқу, білімдер мен әрекет тәсілдерін ресми түрде меңгеру. Өз баласының оқу әрекетінің нәтижелілігінің төмендеуіне көңілі толмаған ересектер қарым-қатынас барысында аса үлкен көңіл бөле отырып, бала бойындағы эмоционалды дискомфортты үдете түседі. Балаға жақын ересек адамдар бала жетістіктерін байқап, оны қателіктері үшін аса қатал жазаламау арқылы оның үрейлілік деңгейін төмендетеді және сол арқылы оқу тапсырмасының сәтті орындалуын қамтамасыз етеді.

Мектепке дейінгі жас кезеңіндегі эмоционалды сәтсіздіктердің басқа формасы ата-ананың диктат болуы нәтижесінде пайда болады. Оларға қорқыныш – адам санасындағы нақты қауіпті сезінуі; үрей – болашақтағы қауіпке эмоционалды түрде тұрақталып қалу. Үрей қорқынышқа қарағанда әрқашанда теріс сезім емес, өйткені ол қуанышты қобалжу кезінде де орын алады. Қорқыныш пен үрейді біріктіруші– мазасыздық сезімі болып табылады. Оны баланың сасқалақтап, қажетті жауапты бере алмай, дірілдеген дауыспен сөйлеп, мүлдем үндемей қалуынан көреміз. Ол мүлдем көп қимылдарды жасайды немесе мүлдем қозғалыссыз қалады. Мұндай симптомдар ағзаның психофизиологиялық функцияларына шамадан тыс қысым түскенін білдіреді.

Қорқыныш жасқа немесе жүйке жүйесіне байланысты болады. Жасқа байланысты қорқыныштар эмоционалды сезімтал балаларда кеңінен көрініс табады. Олар келесідей факторларға байланысты болады: ата-анасында қорқыныштықтың болуы, баламен қатынастағы үрей, шамадан тыс қамқорлық және оны құрдастарымен қатынасынан оқшаулау, ата-ана тарапынан тыйымдардың көп болуы немесе шамадан тыс еркіндік және отбасындағы ересектердің көптеген қорқытулары, ата-ана арасындағы конфликтілік қатынас, қорқыныш сияқты психикалық жарақат, құрдастары және ересектерімен қатынастағы қорқынышты психиканы жұқтырып алу.

Жүйке жүйесіне байланысты қорқыныштың сипаттары: жоғары сезімдік және қысым жағдайында болу; тұлға және оның мінез-құлқының қалыптасуына кері әсер ету; басқа қобалжулармен байланыс, барлық жаңалықтан және таныс емес нәрседен қашу; қорқынышты жоюдағы қиындық. Сондай-ақ жүйке жүйесіне байланысты қорқыныш ұзаққа созылған шешімі күрделі қобалжулардың нәтижесінде туындайды.

Көп жағдайда сезімтал, отбасындағы қарым-қатынасты эмоционалды қиындықты басынан кешіретін, өзі жайлы көзқарасы отбасындағы қақтығыстар нәтижесінде өзгертілген балалар осындай қорқыныштарды сезінеді. Мұндай балалар ересектерге бедел және махаббат негізі ретінде сүйене алмайды.

Мектепке дейін ересектермен қарым-қатынас тәжірибесіне ие болмаған балалар олардың көңілінен шықпай қалуға, мектеп ұжымына бейімделуде қиыншылықты басынан өткізеді және мұғалімнен қорқады. Кейбір жағдайларда құрдастарымен қақтығыстарға түсіп, олардың тарапынан болатын агрессиядан қорқу (төбелесу, ұрып-соғу) мектептен қорқу себептерінің бірі болып табылады.

Мектеп жасына дейінгі балалардың бойындағы қорқыныштың нәтижесінде ұялшақтық сияқты мінез-құлық формасы туындайды. Ұялшақтық – бұл көптеген адамдарға тән, қарым-қатынас жасауда кедергі келтіретін ерекшелік.

Сонымен жоғарыда сипатталған бала тұлғасының негативті қырлары дискомфорттың (жайсыздықтың) салдарынан туындайды. Сондықтан ата-ана мен бала арасындағы терең және үздіксіз қатынас болуы қажет. Бұл тәрбиелеудегі негізгі талап. Қатынасты сақтаудың негізі – бұл бала өміріндегі оқиғалардың барлығына да қызығушылық таныту, оны түсінуге, оның өміріндегі өзгерістерге көңіл бөлу. Балалар мен ата-аналар арасындағы эмоционалды қатынас өзара түсіністік жайлы айтқанда бала мен ересек адамның арасындағы әрекеттестік, диалог жайында ой қозғалады. Зерттелініп отырған жас кезеңінде эмоционалды қатынас, дыбыстық қатынас өте маңызды болып табылады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ересектердің балалармен қарым-қатынасының мынадай принциптерін көрсете аламыз: баланы қаз қалпында қабылдау; эмпатия - ересек адам бала позициясын қабылдайды, туындаған мәселеге бала көзімен қарайды; конгрэнттілік - болған оқиғаға ересек адамның адекватты қатынасы.

Қорыта келе, отбасында орныққан қарым-қатынас түрі мен қалыптарына сәйкес баланың тұлғалық қасиеттері қаланады. Бала әрқашанда ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді, ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды. Бала үшін ата-ана игілік жасаушы, үлгі-өнеге көрсетуші және ақыл-кеңес айтушы болып танылады.

Ж. Исакаев