Табиғатты аялайық

Табиғатты аялайық
Фото: mir-wallpapers.ru

Халқымыз тауды бұзып, тасты жарып, жерді терең қазып ел үшін біраз игі істерді жүзеге асырды. Ғылыми-техникалық революция болды. Көптеген өнеркәсіп іске қосылды. Сол кездерде мұның қызығын да көрді. Өкінішке орай, ғылым мен тех­никаның ғаламат жетістіктері және шап­шаң дамуы, адамзаттың барған са­йын ашкөздікпен табиғатты тонауы, айналадағы жаратылыстың тепе-теңдік заң­­дарын бұзды. Осылардың нәтижесінде жеріміздің ауасы тарылып, өзен-көлі бү­лініп, жайылымдардың топырағы тілініп, қоршаған ортамыз көз алдымызда азып-тоза бастады. Мұның соңы азынаған желге, ащы және улы жаңбырға, ор­мандардың мезгілсіз қурауына, ауа ра­йының бұзылуына, қоршаған ортаның әртүрлі улы қосылыстармен ластануына әкеліп соқтырды. Адамдардың ден­саулығы нашарлап аурулардың түрлері және саны көбейді. Енді табиғат адамнан араша күтіп тұр. Ал табиғатты қа­лай қорғауға болады? Бұл өте күр­делі мәселе. Осы мәселені шешу үшін ең ал­дымен, адамдардың та­биғатқа де­ген көзқарасын өзгертіп, тәр­­биелеу керек. Балабақшадан бастап, мек­теп­­терде, жоғары оқу орын­дарында, адамдардың таби­ғат­ты, қоршаған ортаны аялау керектігін түсіндіру керек. Қазіргі заманға сай экологиялық идеология қажет. Егер біз жас ұрпақты кішкентай кезінен бастап табиғатты сүюге тәрбиелемесек көп нәрседен ұты­латынымыз хақ. Әр­бір тәрбиеші, мұғалім, маман, басшы, экология негіздерін жақсы білуі қажет. Сонда ғана әрбір адамның миында, қанында, көзқарасында қор­ша­ған ор­таны бүлдірмеу керектігі туралы негіз қалыптасады. Адамдар сонда ғана туған өңір табиғатын қорғауда бел­сенділік көрсете алады. Газет-журналдарға мақала жазу, баяндама жа­сау, теледидардан мәліметтер беру, жа­зушылармен, ға­лым­дармен кез­де­­сулер өткізудің нәтижелері мол бола­ды. Адамдардың көздерін, адамды та­биғаттың бір бөлшегі екендігіне жеткізу өте маңызды. Экологияға  біз өте кеш көңіл бөле бастадық.  Әбден таби­ға­тымыз азып-тозғанда ғана бұл ғылым саласына бет бұрдық. Енді болашақта, экология саласында білім берудің аясын кеңейте түсу қажет. Ең негізгісі, “экология” пәнін балабақшадан бастап барлық мек­тептерде, орта және жоғары оқу орын­дарында ашылуын қамтамасыз ету қажет. Сонда ғана ертеңгі күннің белсенді табиғат корғаушыларын дайындауға мүм­кіндік аламыз.

Ж. Исакаев