Ұлы Отан соғысының 70 жылдық Жеңісіне арналған «Ер ерлігі – ел есінде» атты балалар шығармашылығының республикалық байқауына жіберген Гүлсім есімді арудың шығармасын қабыл алыңыздар.
Әкесінен айырып балалардың
Мәңгілікке жүрегін жараладың.
Жетімектер көбейіп жер жүзінде
Бөлісерге зар болды қара нанын...
Өмірде тарих кезеңі үнемі жаңаланып отырады. Десе де, ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалар бар. Біз үшін Ұлы Отан соғысы да мәңгілік тарих. Ол біздің әкеміз бен аталарымыздың қанымен жазылған естеліктер. Өйткені олар адам айтса сенгісіз күндерді басынан өткерді. Аш та, жалаңаш та жүріп, қан майдандағы небір сұрапыл оқиғалардың басы-қасында болды.
Мына жарық әлемнен ғайып болған қайран әке түсіне кіріп, булығып жылап жатқан ұлын жұбатып, тәтті ұйқысынан оятып, бойына қайта бір күш-қуат құйып, ойын түзеп, еңселетіп, тұрғызып жіберетін. Күні бүгінге дейін рухымен жебеп келе жатқан, қан майданнан қайтпай қалған сол әкенің соңынан еңбектеп қалған талай ұлдар мына өмірдің әке сабақтап кеткен мәңгілік өлмейтін тамырынан нәр алып, өздері де елге аға болды. Осы төрт жыл талай жанды қыршынынан қиды. Ал біздің Ерейментау ауданы Загердзона ауылынан аттанған ағаларымыз аман-есен оралып, бейбіт күнде өз салаларымен еңбек етіп, жеңістің дәмін татқан болатын. Олар: Щербаков К.Н. Коваль Ф.М. Туканов Қ.Т. Нищеменко П.П, Гурба В.Н. Прищепин Г.И. Кызыров А .Кәрімжанов Х.Зорин К. Барлыбаев С. Молдашев Н. Подкич И.Г. Шахатов Қ.Ш. Ахметов Сартай. «Ел есімі – ер есінде» демекші, олардың өздері болмаса да, жұртшылық оларды еске алады. Біз бұл соғыс ардагерлерімен көздері тірі кезінде кездесу өткізіп, әр жыл сайын мерекелерімен құттықтап, үйлеріне көмектесіп, қызықты әрі қорқынышты әңгімелерін қызыға тыңдайтынбыз. Әр майдангердің өзі үлкен бір тарих болатын. Мектебіміз шағын, екі ауысыммен оқысақ та, әрбір кездесуді асыға күтетінбіз.
Бүгінде қатарлары сиреп қалған ардагер аталарымыз басынан өткен сонау бір дүрмекті кезеңнің дүбірі келмеске кеткенмен, зары өшкен емес, зардабы өшпек емес. Ол жылдардың жүрекке түскен жарасы, көңілде қалған наласы қаншама! Биыл сол ұлы мереке, ұлық той 70-ші рет атап өтілмек. Бүгінде ардагерлерге деген көмек, қолдау көптеп көрсетілуде. Әрине бұл ардагерлеріміздің ерен ерлігі мен еңбегінің өтемі бола алмасы анық. Дегенмен, мұның өзі егеменді елдің еркін ұрпағының қан майданда Отан үшін от кешкен батыр бабаларымызға деген шексіз алғысының бір көрінісі.
Елдік мұрат пен ерлік шежіресіне адалдық танытып, осы жолда өмір сапарларын ерте аяқтаған ардақты азаматтарымыз бен аяулы апаларымызға қандай құрмет көрсетсек те лайықты.
Кешегі жауынгер, бүгінгі ата-әжелеріміздің жеңіске жетер жолда жасаған ерліктері біздің жадымызда мәңгі сақталып, дастандай жалғаса береді. Төрт жыл бойы қарсы келген жауының бетін қайтарып, барлық қиыншылыққа төзе білген сол бір қарттарымыздың қатары жыл өткен сайын азайып барады. Ендеше, саусақпен санарлықтай ғана қалған ардагерлерімізге біздер тек Жеңіс күні қарсаңында ғана құрмет көрсетпей, өмір бойы көмегімізді аямауымыз қажет. Сондықтан еліміз аман, жеріміз тыныш болсын дегім келеді. Нұрсұлтан ері бар ел бақытты әрі баянды өмір сүреді деген сенімдемін.
Ақмола облысы, Ерейментау қаласы
№2 негізгі мектептің 9-сынып оқушысы
Нұрекешова Гүлсім