Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады.
"Сіздерді Ұстаздар күні – кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл әрқайсымызға өте жақын, мейірім мен ізгілік шуағы төгілетін мереке. Өйткені ұстаз – бұл жай ғана мамандық иесі емес, адам жан-жүрегімен таңдаған аса жауапты, өте қадірлі қызмет. Мұғалімнің мақсаты – білімді әрі зердесі ояу, қазіргі заманға лайық саналы ұрпақ тәрбиелеу. Біздің балаларымыздың бойына жақсы дағды мен қатар білімге деген құштарлық пен өз-өзіне сенімділікті, іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау қасиетін сіңіру бүгінгі күнде маңызды болып отыр. Біз қазақстандық ұстаздарды шын жүректен мақтан тұтамыз. Бүгінгі мереке – бұл барлық оқушыларға, қазір оқып жатқан оқушыларға да, мектеп түлектеріне де өз ұстаздарына ризашылығын жеткізудің тамаша мүмкіндігі. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және жаңа табыстар тілеймін! Оқушылар өз жеңістерімен және жетістіктерімен қуантсын!", - деді Сенат Төрағасы құттықтау сөзінде.
Айта кетейік, алғаш рет "Дүниежүзілік мұғалімдер күні" 1994 жылдың 5 қазанында тойланған. Содан бері барлық мерекелік кеш, мектепшілік іс-шаралар дәл осы күні аталып келеді.