- Негізгі бет
- Алтын ұя
- Өтпелі жас ұл...
Өтпелі жас ұл балаларда қалай көрініс табады?
Өтпелі жас ұл балаларда қалай өтетіндігіне тоқталайық. Ұл балаларда ең алғаш 11-12 жас аралығында көрініс табады. Гормондық деңгейде ағзасы өзгере бастайды. Иықтары кеңейіп, белдері жіңішкереді. Дауыстары өзгереді. Қыздар мен ұлдар даусының жіңішкелігіне қарамастан, уақыт өте келе ұл балалардың даусы жуандай бастайды. Артынша, ең жаманы – даусының бірде жуан, бірде жіңішке болып тұрақсыздануы. Бұндай метаморфозға үйрене алмаған ұлдар әңгімелесу барысында сөйлемеуге тырысады. Тері өзгеріп, құрғақ теріні май басуы мүмкін. Еріннің айналасын түк басады. Құрбы-құрдастарымен жанжалдасып, ата-аналарына талап қояды. Тез ренжігіш, ашуланшақ мінезге ие болады. Ұл балалар өтпелі жастан ойдағыдай өтсін десеңіз, белгілі бір іспен шұғылдануына жағдай жасаңыз. Әдетте, еш қызығушылығы жоқ балалар жаман ортаға түсіп, шылым шегу секілді зиянды әдеттерге ие болады. Аптасына бір рет ішіне толған энергияны жаттығу залына барып шығарып тұрса, нұр үстіне нұр болып мінезі баяу өзгереді. Спортты ұнатпаған жағдайда музыкамен, шет тілдерін үйренумен, сурет салумен, бимен шұғылдануына болады. Ең бастысы ақымақтық жасауға уақыты болмауы керек.
Жасөспірім үшін ең маңыздысы – сыртқы көрінісі болып табылады. Сол себепті ұлдардың 12-13 жасында сыртқы көріністеріне көңілдері толмай, ұялшақ, өзіне сенімсіз әрі күйзеліске бейім болып ер жетуі ғажап емес. Бала әкесіз өскен жағдайда бар ашуын анасынан алады. Бұнымен қатар ерегескенді жақсы көреді. «Ұқыпты бол» деп ақыл естісе, керісінше шашын өсіріп, тазалыққа мән бермеуі мүмкін. Бұндайда психолог маманға бірге жүгінген дұрыс.
Психолог мамандардың айтуынша, бұл уақытта жасөспірімдер өмірден түңіліп, құбылыстардың барлығын жағымсыз қабылдайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әрбір оныншы бала өзін-өзі өлтіруге ұмтылады. Сол себепті жүйкесіне салмақ салмай, барынша түсіністікпен қарауға тырысу керек.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: beon.ru
Қ. Бүйенбай