Кейбір жасөспірімдер өтпелі жастан ойдағыдай өтсе, енді біреулері қиналады. Бұл жаста бұған дейін жақсы тәртібімен көзге түсіп жүрген оқушы, бұзықтық жасап, дөреке мінезін көрсетеді. Кейде, тіпті, ашуланшақ болып кетеді. Ата-аналар өтпелі жастың 3 кезеңнен тұратындығын және әр кезеңде балаша түрліше қажеттіліктерді талап ететіндігін білуі тиіс.
Бірінші кезең 10-11 жас аралығын қамтиды. Бұл кезеңде бала өзін тұлға ретінде қабылдап, айтқандарына құлақ асқанын қалайды. Барлық жұмыстарын өзі ғана шешкісі келеді.
Екінші кезең 12-13 жас аралығын қамтиды. Бұл кезеңде бала отбасында ғана емес, мұнымен қатар әлеуметтік ортада өз орнын иеленгісі келеді. Жасауға міндетті істермен қатар құқықтарын білуге тырысады.
Және соңғы кезең 15 жаспен тұспа-тұс келеді. Жасөспірім бұл кезеңде өзін қалыптастырып, өмірін жаңа арнаға бұруға тырысады.
Жоғарыда келтірілген мәліметтер ұл балаларға да, қыз балаларға да ортақ. Адам өміріндегі ең қиын әрі ең маңызды кезең. Бұл балалық шақтан ажырап үлкен өмірге қадам басуға дайындық. Осы уақытта жасөспірімнің түрлі армандары мен таңдаулары пайда болады. Өкінішке орай, олардың барлығы бір-біріне қарама-қарсы. Яғни, ақ пен қараны ажырату құбылысы басталады. Бар өмірі осы ажыратуына байланысты.
Өтпелі жас жасөспірімдік кезеңге ұласады. 12-21 жас аралығында орындалады. Дәл осы уақытта өмірге деген көзқарас қалыптасып, психологиялық әрі физиологиялық өзгерістер пайда болады.
Ата-анасына, ұстаздарына, достарына қарсыласу арқылы өзіндік «МЕН-і» туындайды. Тәуелсіз болуға ұмтылады. Ата-анасының шамадан тыс қамқорлығынан арылуға тырысады. Олар бұны түсінбеген жағдайда жағдай ушығып кетуі мүмкін. Дәл осы уақытта оған ақылшы немесе бақылаушы емес, сырлас дос керек. Егер ата-аналары бақылау жүргізгенді қоймаса, балалары болашақта ынжық, өз бетімен шешім қабылдай алмайтын, жауапкершілігі төмен болып ер жетеді.
Ал сіз өтпелі жастан қалай өткеніңіз есіңізде ме?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: bashny.ru