Не себепті "үштік" баға аламын?

"Үштік" алатын оқушы міндетті түрде бұзық болады деген ұғым қалыптасқан. Алайда мамандар бұл пікірдің қате екендігін дәлелдеп отыр.

Зерттеушілер 5 жыл бойы 7 мектептің 350 оқушысын бақылаған. Нәтижесінде, ол бағаға шын мәнінде лайық болмаса да, ұстаздардың сабақ барысында тыныш отыратын оқушыларға көтерме баға қоятындығы анықталған.

Ал бұзақы оқушылар озат оқушылармен мүмкіндіктерінің тең екендігіне қарамастан, "үштік", тіпті, "екілік" бағалар ғана алатын болған. Ал келесі бір зерттеулер бұзақы оқушылардың білім деңгейі озат оқушылармен бірдей екендігін көрсеткен. Мамандар ұстаздарға бағаны оқушының мінезімен байланыстырмай, жеке қабілеттеріне қарап отырып қойылсын деп кеңес береді.

Мінез-құлқы жағынан озат оқушылар бір-біріне ұқсас. Ал "үштіктердің" мінезін баяндау қиынға соғады. Көп жағдайда эмоцияға берілгіш, бұзық болып келеді. Қыздардың шашындағы бантикті жұлу, «Менің атым Қожа» фильміндегідей әрекеттерімен ұстаздарды ренжіту, "Жантастарды" ұрып-соғу дегендерден алдына жан салмайды. Мүмкіндіктерінің бар екендігін ескерместен, көп уақытын ойынға жұмсайтындықтан оқу бағдарламасынан қалып қояды. Және ұстаздарымыздың оқушы психологиясын жетік біле бермейтіндігі, бағаны өзінің оқушыға деген көзқарасына байланыстырып қоятындығы тағы да бар.


Не себепті "үштік" баға аламын?

"Үштіктер" мамандар сұрау жүргізу барысында өздерінің не себепті үштік баға алатындығын үш түрлі себеппен байланыстырған. Біріншісі – ата-ананың білімсіздігі, баласына жағдай жасамауы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың төмендігі. Екіншісі – расымен де интеллектуалдық қабілеттің жоқтығы. Үшіншісі – оқушының сабақ барысында созылмалы ауруға шалдығып күйзеліске төтеп бере алмауы. Төртіншісі – қанша өзгеруге тырысса да ұстаздардың өзгеріске мән бермейтіндігі. Аталған факторлардың барлығы оқушының психологиясына әсер етіп, ішінде алапат күштің бұғып қалуына себеп болады. Яғни, тұлға болып қалыптасуы тежеледі. Мұнымен қатар, «Болашақта көресіңдер, мен бәрінен де мықты боламын!» секілді кекшіл көзқарас туындайды. Осының әсерінен мектепті бітірген соң бар күш-жігерін жинап, болашақта үлкен табысқа жетеді. Ал көп бөлігі өмірден өз жолын таба алмай адасып кетеді. Мамандар осының барлығын ескере отырып, оқушылар мен ұстаздардың, ата-аналардың мектеп партасында отырып алған бағаның қаншалықты дұрыс екендігін түсініп, білім сапасын арттыруы үшін жағдай жасауы тиіс екендіктерін айтады. Мұнымен қатар, озат оқушы немесе "үштік" оқушы жоқ деген көзқарас туындамауы керек. Ең бастысы - себебін анықтап отыру.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: megalife.com