Мектеп қабырғасында оқитын оқушыларды бағдарлама бойынша минутқа оқыту – білім саласында дәстүрге айналған үрдіс. Бастауыш сынып оқушылары орта есеппен минутына 90-150 сөз оқуға міндетті. Ал, 300 сөзден артық оқи алған оқушы ойлау деңгейі жоғары адамдардың қатарына кіреді. Ғалымдардың пікірінше дауыстап оқығанға қарағанда іштен оқу арқылы уақытты тиімді пайдалануға болады.
Француз қолбасшысы Наполеон Бонапарт өте жылдам оқыған. Минутына 2000 сөзді оқуға қауқары жеткен реформатор әлем әдебиетін сүйіп оқыған. Тіпті, ұйқыға бар-жоғы 4 сағат қана уақытын бөлген. Қызықтысы, Францияның жалауын көтерген қолбасшы француз тілінде еркін сөйлей алмаған. Он жасына дейін тек итальян тілін қолданғандықтан, француз тілін үйрену қиындық туғызған. Француз императоры атанған қолбасшының бойы 167 см болыпты.
Кеңес Үкіметінің негізін қалаған В.И. Ленин де өте жылдам оқушылардың қатарында. Кітаптың толық бір бетін оқу үшін небәрі жарты минут кетірген. Көз арқылы есте сақтау қабілеті мықты болған.
Ал, Сталин кітап оқу кезінде үнемі қалам, қарандашты қолданған. Осылайша, керек сөйлемдер мен өзіне ұнаған сөз тіркестерінің астын сызып отыруды әдетке айналдырған. Өзінің жеке кітапханасында орыс әдебиетінің шығармаларын көп жинаған. Әсіресе, Пушкиннің кітаптарын және Пушкиннің өмірі жайлы жазылған шығармаларды сүйіп оқыған. Гитлер кітапты таңдап оқыған. Бір кітапты оқымас бұрын бірінші мазмұнын қарап, оқуға тұрарлық кітап болса ғана оқуды бастаған. Көбіне бір шығарманы толықтай оқымай, ең негізгі бөлімдерін ғана оқитын болған. Жеке кітапханасынан адам құндылықтары және классикалық бағыттағы шығармалар мүлде табылмаған екен. Адами тұрғыдан қатыгез болуының себебі, мүмкін осыдан болар.
АҚШ-тың тұңғыш Президенті Джордж Вашингтон дауыстап оқуды ұнатқан. Маңайындағылардың оқыған мәтіні жайлы пікірін білу үшін осындай амалды қолданған. Көбіне таңғы уақытта шығатын газетті оқып болғаннан кейін, қасындағылардан өзі оқыған жаңалық рас па, әлде өтірік пе деп сұрайтын.
Дайындаған: Аслан Қажиев