Бала жалқау болса...

Бала жалқау болса...
Фото: pixabay.com

Ата-ананы да, педагогтарды да жиі мазалайтын мәселенің бірі – бала бойындағы жалқаулық. Ол ерінбей үй тапсырмасын өзі орындауы үшін, үй шаруаларына өздігінен көмектесуі үшін, барлық істі өз қалауымен жасауы үшін не істеуге болады деп бас қатырады. Бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Ауруды емдемес бұрын оның пайда болу себебін анықтайды, сол секілді еріншек болу қайдан шығатынын ойланайық.

1. Шаршау, жалығу, эмоциялық ресурс пен физикалық күш жетіспеуі. Мысалы бала ауырып тұрса, не аурудан сауыққаннан кейін әлі толықтай өз-өзіне келмесе ұзақ уақыт бойы дұрыс демала алмаса (тоқсан аяғында не жыл аяқталарда),  эмоциялық қысым көп болса (бақылауға не емтиханға дайындық) бұл қалыпты жағдай.

2. Біздің "істеу керек" дегеніміз бен баланың "қалауы" сәйкес келмеуі. Егер бала белгілі бір іске мүлде қызығушылығы болмаса, оны орындау баланы қуантпаса, еш құлқы болмайды.

3. Бала бұл істі орындаудың пайдасын түсінбесе, өзіне не үшін қажет екенін білмесе, істегісі келмейді.

4. Қалай орындауды білмеуі. Мысалы мектепте өткен тақырыпты түсінбеген болса, үй тапсырмасын қалай орындауды білмейді де, орындағым келмейді деп сылтауратады. Картоптың қабығын тазарту үшін, пышақты қолдана білу керек.

5. Үнемі өз дегенімен жүруі. Егер бала істегісі келгенде істеп, жалқаулығы ұстағанда істемей, үнемі өз қалауымен ғана жүруге дағдыланған босла, оны бір сәтте еңбекке баулу, еріншектіктен арылту мүмкін емес.

6. Жұмыс көп, жоспар жоқ. Ересектердің басында да бұл жағдай болады, бір күнде істеп бітіруі керек тірлік көп, қайсысынан бастарын білмейді де, бірін де қолға алмайды. Сол секілді бала бір күнде бес пәннің үй тапсырмасын орындап, қосымша шығармашылық жұмыспен айналысып әрі кітап сөресін ретке келтіріп, анасына ыдыс жууға көмектесу керек деген шаруалар күтіп тұрғанын білсе, олардың бір де біреуін істегісі келмейді. Оны орындауды ойлаудың өзіне шаршап қалады.

7. Демалғысы келу. Мұның енді еш сөкеттігі жоқ.

8. Кейде жалқаулық депрессияның әсерінен тууы да мүмкін.

Себебі анықталған соң мәселені шешу де оңайлай түседі.

Алдымен қалай орындауды білмеуден бастайық. Мектеп оқушыларының 70-80 проценті осы себепке байланысты жалқау баладай көрінеді. Мұнда ата-ананың, мұғалімнің, тіпті логопед, дефектолог, психолог мамандардың, репетитордың көмегі керек. Балада білім іргетасы жақсы қаланып, қай істі қалай орындауды біліп тұрса, жалқаулық өздігінен жоғалады.

Психологтар мотивация болмауынан бала жалқаулыққа бой алдырады дейді. Балаға тапсырылған іске басқа қырынан қараңыз, оны дидактикалық ойын, тәжірибе, топпен жұмыс істеу, жоба ретінде қорғау түрінде ұйымдастырыңыз. Берілген ақпаратты игерудің пайдасын ұқтырыңыз.

Мақтау мен марапаттау да орынды болса, мықты мотивация болары сөзсіз. Ал бесінші жағдай себеп болса, баланы ақырын-ақырын еңбекке баулып үйретіңіз және бірден нәтиже шығады деп күтпеңіз, барлығы байыппен, уақытымен болсын.

Ал егер жағдай депрессияға дейін жеткен болса, психолог көмегіне жүгінген артық болмайды.

@. @assel_assanova