- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- 2019 жылғы ҰБТ...
2019 жылғы ҰБТ жайлы 5 дерек
Ұлттық бірыңғай тестілеудің ережелеріне жыл сайын өзгерістер енеді. Мектеп түлектеріне оқу грантын ұтып алуға мүмкіндік беретін бұл сынақ 14 жыл бұрын енгізілгенімен, әлі де бір жүйеге орныққан жоқ. 11 қаңтар күні Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында 2019 жылы өтетін ҰБТ-ның ерекшеліктерін жазды. Вице-министр өзгерістерді негізгі 5 пунктке бөлген.
1) 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өтеді. Бұл тесттерді түлектер қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында тапсырады. Қаңтардағы, наурыздағы және тамыздағы ҰБТ-ға қатысқан талапкерге сертификатпен ЖОО-ның тек ақылы бөлімдеріне ғана түсуге құқық береді, ал тестіге қатысу ақылы болады.
Осы үш тестілеудің нәтижесі бойынша, басқа үлгідегі сертификаттар беріледі және де олар грант алуға жарамайды.
Егер талапкер мемлекеттік грант алғысы келсе, онда ол міндетті түрде маусымда ҰБТ тапсырып, тек соның қорытындысы бойынша ғана грант байқауына қатыса алады және де жоғары балл жинаған кезде ғана бюджет есебінен білім ала алады.
Ақылы бөлімге түсу үшін талапкерлерге 4 ҰБТ-ның біріне қатысып, шекті балл жинаса жеткілікті.
Мысалы, талапкер қаңтардағы тестілеуге қатысып, 120 балл жинайды – енді ол 1-ші ақпанда ЖОО қабылдау комиссиясына барып, бірден шартты түрде ақылы бөлімге тіркеле алады, ал егер соңынан грант алғысы келіп, маусымда ҰБТ-ға қатысып 50 балл жинаса, онда ол қаңтардағы 120 балл жинаған сертификатын көрсетіп, грантқа үміттене алмайды. Грант үшін түлектің маусымдағы нәтижесі ғана жарамды.
2) Қаңтарда ҰБТ-ға 3 санаттағылар қатыса алады:
1. 11 немесе 12 бітіруші сыныптардың оқушылары;
2. қыркүйекте ЖОО-на шартты түрде оқуға түскендер;
3. шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысып жатқан студенттер. Наурызда ҰБТ тек 11 немесе 12 бітіруші сыныптардың оқушылары ғана тапсырады.
Маусымда грантқа үміткер барлық санаттар тапсыра алады. Ал тамызда ақылы бөлімге түсетіндер және осыған дейін қажетті балл жинай алмағандардың барлығы.
3) Дайындық бағыттарының жаңа топтаушысы
Жаңа топтаушының енгізілуіне байланысты гранттар білім беру бағдарламалардың топтарына бөлініп таратылады.
Мысалы, «Ақпараттық технологиялар» секілді топ бар, оның құрамына Информатика, Ақпараттық жүйелер, Блогчейн, Биг дата және т.б. ақпараттық бағдарламалар енеді.
Айталық, бұл топқа 1 000 грант бөлінді делік, бұл гранттарға байқау осы топты көрсеткен топтар шеңберіндегі үміткерлер арасында өтеді. Үміткерлерге осы топ бойынша грант үлестірілген соң, ол университетке қабылданады және осы бағдарламалар топтарының шеңберінде нақты бағдарламаны өзі таңдайды. Яғни, егер Ақпараттық технологиялар бойынша грант ұтып алса, кейін Биг дата немесе осы топ ішіндегі басқа да бағдарламаны таңдай алады.
4) Шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысқысы келетін студенттер екі салалық пән бойынша емтихан тапсырулары керек. Себебі олар шығармашылық мамандықтарға оқуға түскенде салалық пәндер бойынша тестілер тапсырмаған, сондықтан бұл мамандықтардан ауысу кезінде осы айырмашылықты тапсырулары тиіс.
Барлық түлектерге сертификаттармен бірге ақпараттық парақшалар беріледі. Онда құжаттар тапсыра алатын білім беру бағдарламаларының тізімі, ағымдағы жылы бөлінетін гранттар саны, өткен жылдардағы гранттық байқаулардың нәтижелері және өткен жылдық жартылай шекті баллдары көрсетілген. Бұл құжатқа назар аудару керек.
5) Биылғы ҰБТ ережелеріне толықтырулар енгізілгенімен форматы өзгерілмейді. Пәндердің саны бұрынғыдай 5 және тест тапсырмалары – 120, максималды баллдар саны – 140.
Талапкер 3 міндетті пәннен тест тапсырады. Олар:
- Қазақстан тарихы,
- математикалық сауаттылық,
- оқу сауаттылығы,
- 2 таңдау пәні.
Жоғарыда хабарлаған ақпаратқа сәйкес, қаңтардың 15-20 аралығында елімізде ақылы негіздегі ҰБТ басталады. Тестілеуге қатысуға ниет білдірген талапкер 2242 теңге төлеп, бағын сынайды. Тестілеуден өтуге қажетті құжаттар пакетінде: форма бойынша өтініш (ҰБТ өткізу пунктінде беріледі), 3х4 сантиметр көлеміндегі фотосурет, жеке тұлғаны куәландыратын құжаттың көшірмесі, талапкер оқитын орта білім беру мекемісінен анықтаманың екі данасы және тестіге қатысуға төленген өтемақының түбіртегі болуы керек. Қазіргі уақытта ҰБТ-ға өтінім қабылдау жүріп жатыр.
А. Қажиев