12 жасында студент атанған вундеркиндАбзал Мырзаш туралы алдыңғы материалдарда да жазған едік. Ол қазір Қазақ-Британ Техникалық университетінің 1-курсында оқып жатыр. Алғашқы сессиясын түгел бестікпен жауып, үздік аяқтады. Осы қуанышты жаңалық қарсаңында әкесі Дәуренбек Нысанов пен Абзал Мырзаш редакциямызда қонақта болып, сұхбат берді. Ұстаздан шәкірті озса, ұстазы үшін одан асқан бақыт жоқ. Зеректігін ерте байқап, жетілдірген әкесіне бүгінде баласы ағылшын тілін үйретіп жүр. Отбасымызға ағылшыннан сабақ жүргізіп, тапсырма беріп, талап қояды. Ол кезде Абзалдың бала екенін ұмытып, мұғалім ретінде қабылдаймыз, дейді вундеркиндтің әкесі. Сұхбат мәтіні: Абзал, сені алғаш сессияны үздік аяқтауыңмен құттықтаймыз. Өзің туралы айтып берші. Мен 2005 жылы 19 наурызда туғанмын, 12 жасымда мектеп бітіріп, университетке түсіп, студент атанған баламын. Мектепке 5 жасымда бардым. 1, 2, 3-сыныптарды толығымен оқып, үздік бітірдім. Басқаларға білімімді көрсетіп, 4-сыныптың кітаптарын алдын-ала оқып шығып, емтихан тапсырып, 5-сыныпқа өттім. Осылай басқа сыныптарды да секіріп өтіп, мектепті үздік бітірдім. Кішкентай кезімнен әкем сияқты дәрігер болуды армандадым. Әкем: Сен жай ғана бізге еліктеп, дәрігер боламын деп жүрген болуың мүмкін. Басқа мамандықтар туралы іздестіріп көр, мүмкін, өзіңе ұнайтын мамандық тауып аларсың, деді. 9-сыныпта оқып жүргенде маған ақпараттық технологиялар мамандығы ұнай бастады, осылай ойымды өзгертіп, Қазақ-Британ Техникалық университетіне түстім. Осы ЖОО-ны бітіріп, Құдай қаласа, АҚШ-тағы Массачусетс университетіне барғым келеді. Қазақстанның ғылымын кемсітпеймін, әрине. Бірақ АҚШ ғылымы, білімі, мәдениеті барлық жағынан дамыған ел. Сондықтан АҚШ-тың ең мықты университеттерінің бірін таңдадым. Ғылым игергеннен кейін АҚШ-та қалып қоймай, Қазақстанға оралып, жұмыс істегім келеді. Дәуренбек аға, Абзалдың бауырлары туралы айтып өтсеңіз. Абзалдың інісі Сұлтан 11 жаста, 7-сыныпта, қарындасы Іңкәр 9 жаста, 5-сыныпта оқиды. Олар да мектепке 5 жасынан барған. Екеуі де үздік оқушы, Абзал ағасы сияқты түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлдегер болып жүр. Олар да қабілеттері жоқ емес, бар. Бірақ дәл Абзалдай емес, алдағы уақытта өздерінің ерекшелігін көрсете жатар деген ойдамын. Сұлтан Абзалмен бірге бокске қатысады. Қарындасы домбыра үйірмесіне, хореографияға қатысады. Олардың да осындай өзіндік талпыныстары бар. Ұлыңыздың есте сақтау қабілеті ерекше болуына не әсер етті деп ойлайсыз? Есте сақтау қабілетіне бір нәрсе әсер етті деп басып айта алмаймыз. Абзал екі жасқа толмай жатып есте сақтау қабілеті жоғары екенін байқадық. Содан соң қызықтап әріптерді үйреттік, триллионға дейін санауды, әріптерді қосып оқуды үйреттік. Ары қарай өзі алып кетті. Үш жасында газет-журналдарды оқитын, төрт жасында үш таңбалы, төрт таңбалы сандарды ойша көбейтіп-бөле беретін. Түрлі кітаптарды қызықтап әкеп берумен болдық. Ұлттық ертегі кітаптары, әлемдік ертегілерді, әртүрлі энциклопедияларды, баланың танымын, білімге деген қызығушылығын арттыратын оқулықтарды әкеп бердік. Абзал бір оқыған кітабын бірден есте сақтайды. Баланың есте сақтау ерекшелігін ары қарай дамыту үшін оған ықпал еттік. Абзал, өзің қалай ойлайсың? Қатарыңнан озық болуыңа не әсер етті? Кейбіреулер қалжыңдап айтады, дәрі алғансың ба, бірдеңе ішкенсің бе деген сияқты. Бірақ олай емес. Кішкентай кезімнен мені табиғаттың құрылысы қызықтырды. Жай ғана ата-анамнан сұрай бергеннен көп нәрсе шықпайды, сондықтан олар маған көптеген энциклопедиялар сатып әперіп, мені оқытып отыратын. Мектептегі сабақтардан жаратылыстану ғылымдары физика, химия, биология және басқа да сабақтар мені өте қызықтырды. Альберт Эйнштейннің Салыстырмалылық теориясы кейінгі кезде біршама қызықтырып жүр. Басқа да жаратылыстанушы ғалымдар көп, соларға ұқсағым келеді. Аға, Абзалдың сізге қойған қызықты сұрақтары, ерекше қылықтары есіңізде ме? О баста мектепке бармай тұрып қызық сұрақтары болатын. Ең бірінші қойған сұрағы әлі күнге есімде. Жер сілкінісі қайдан пайда болады? деген. Сол кезде Абзалға өзіңді қызықтыратын сұрақтарға жауапты өзің іздеп, тауып оқып үйренгін дедім. Менің айтқан жауаптарым сені қанағаттандыратындай болмауы мүмкін. Бұрмалап айтуым мүмкін, бір жерін айтпай қалуым, дұрыс анықтама бермеуім мүкін. Сондықтан нақты жауап алу үшін өзің ізден. Көбірек оқып, ізденіп тапқан сайын ой-өрісің де кеңейеді. Әрқашан мен сенің қасыңда жүре бермеймін. О бастан сондай бағыт-бағдар бергем. Менің түсінгенім балаға ешқашан Сен әлі кішкентайсың, Саған әлі ерте, Уақыты келгенде үйреніп аласың, Мектепке, ЖОО-ға барғанда оқисың деп, кей ата-ана Менің басымды қатырма деп айтып тастауы мүмкін, ол дұрыс емес. Кішкентай баламен үлкен адам сияқты сөйлесу керек. Оған Менің уақытым жоқ деген әңгімені айтпау керек. Баланың бетін қайтарып тастасақ, оның қызығушылығын жоғалтамыз. Сондықтан кез келген ата-ана ұл-қызына кішкентай екен демей, сұрақтарына нақты жауап беруге, болмаса дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысу керек. Өзі ағылшын тілін білмейтін ата-ана баласына қалай көмектесе алады? Балаға оқу құралдарын алып беріп, тілді игеру үшін жағдай жасау керек. Мәселен біз Абзалды арнайы ағылшын тілін оқытатын курстарға оқыттық, керекті оқу құралдарын алып бердік. Соның нәтижесінде Абзал мектеп бітірген кезде ағылшын тілінен деңгейі Upper-Intermediate болды. Кез келген ата-ана қызығып, баласын шет тілдері курстарына берсе, көмегі тиеді. Абзал қосымша француз тілін оқымақ болған. Мен Абзалға асықпа, алдағы уақытта керек кезде үлгересің, қазір бір тілдің өзін жеткілікті түрде игеруге тырыс дедім. Алдымен өзіңнің ана тіліңді, ата дәстүріңді, тарихыңды жақсы білуің керек. Ең алдымен өз ана тілін білуі керек, содан кейін басқа тілдерді оқып үйренсе, ол жақсы. Абзал, сабақ оқығысы келмейтін балаларға не айтасың? Ол балаларға ата-анасының, мұғалімдерінің тарапынан көмек керек деп ойлаймын. Белгілі бір сабаққа қызығушылығын туғызу қажет. Бала математика жағынан не тілдер жағынан мықты болуы мүмкін. Оның сабақ оқуына кедергі келтіретін факторлерді шеттету керек. Барлығы адамның қызығушылығынан туады деп ойлаймын. Сондықтан ата-анасы баланың қасиетін анықтауы керек.