Кеше мен бүгін: оқушының сипаты

Кеше мен бүгін: оқушының сипаты
Фото: ontustik.gov.kz

Әр ғасыр жүз жылды құрайды. Жүз жыл бір адамның ғұмыры. Сонау мың жылдықтардан бастап бүгінге дейін келе жатқан ғасырлар тоғысындағы айырмашылық үлкен емес. Бір-бірінің жоғын түгендеп келді. Тек ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың арасындағы жүз жыл ішінде үлкен өзгерістер мен ерекшеліктер орын алды. Адамзаттың даму сатысы жоғарлаған сайын оған кедергі келтіретін ешкім болмады. Тіпті ақыл мен сана шарықтап кетті.

Екі ғасырға салыстармалы түрде қарауға, үлкен айырмашылықтарды табуға болады.

ХХ ғасырдың оқушылары қандай болған?

Басты мақсат – білім

ХХ ғасыр енді технологиялардың дамып, енді қалыптасып келе жатқан шағы. Ол кездегі технологиялардың жұмыс күші адамдардың көңілін қанағаттандырған жоқ. Сондықтан адамзат алдындағы басты мақсат білім алу болды.

Талап – кітап оқу

Ең басты талап, сол кезеңде өмір сүрген оқушылар үшін кітап оқу еді. Жай ғана оқу емес, тәжірибе жүзінде жүзеге асыру. Себебі түрлі жаңалықтардың беті әлі ашылмаған. Сондықтан болар оларға бәрі қызық болды.

Ерте есейді

Соғыс, түрлі қиыншылықты көрген оқушылар мектептен гөрі үй жұмысына көп мән берді. Ата-аналарына көмектесу, тіпті майданда соғысқа кеткендері де бар. Содан болар өмірдің заңдылықтарын ерте түсінді.

Ұстаз – ең ұлы адам саналды

Мектептердегі кітаптардың жетіспеушілігі ұстаздардың білімді болуын талап етті. Оқушылар ұстаздарының айтқан әрбір әңгімесін мұқият тыңдап, жерден жеті қоян тапқандай қуанатын. Әрі ұстаздың сөзіне қарсы келу деген мүлде болған емес. Себебі олар үшін ұстаз – ең ұлы адам болып саналды.

ХХІ ғасыр оқушылары не дейді?

Басты мақсат – жұмысқа орналасу

Мектеп оқушылары үшін қазір білім алу маңызды емес. Себебі қазір оқушылардың ата-аналары да олардың білім алғанынан гөрі, жақсы маман болып, жақсы жұмысқа орналасуын қалайды. Талап білім болған кезде, тәрбие білім арқылы келген кезде үлкен айырмашылық болар еді.

Талап – заманнан қалыс қалмау

Түрлі мәдениет тоғысында өмір сүріп жатқан ХХІ ғасыр оқушылары заманнан қалыс қалмау үшін бәріне барады. Кітап оқу басты талап емес. Басты талап мазмұнын білу, айтып беру, сөйлеу, бағасын алу. Бұл бір сөзбен айтқан кезде еңбектің бетін ғана сүзіп өту.

Ақыл жетілгенімен, еңбек күші қалып қойды

Қазіргі оқушылар іштен біліп туады. Бұл ата-анасының өмір сүріп жатқан қоршаған ортасына тікелей әсер етеді. Бала айналасын тез таниды. Өмірге бейім келеді. Бірақ еңбек күші, жұмыс істеу әрекеті азайды. Бәрі барынша ақылмен жұмыс істеуге, бастық болуға, орындықта отыруға дағдыланып алды. Өскенде бастық болуға талпынатын ұрпақ өсіп келеді. Ал қара жұмысты білімі жоқ адамдар істейді дейтін түсінік қалыптасты.

Ұстаз – ең әлсіз адам

Ұстаздың орны мүлде төмендеді. Оқушылардың құқықтары алдыға шығып, қандай жағдай болмасын ұстаз кінәлі болып саналды. Себебі білімді беруші ұстаз, ал білімді ала алмағаны үшін бала кінәлі болмады. Тіпті екеуара түрлі сөзге келу әрекеттері жүзеге аса бастады.

Қорыта келгенде, екі ғасырдағы адамдардың өмір сүру ортасы күрт өзгеріп кетті. Ал бұл қоғамның бір бөлшегі болып табылатын оқушыларға да әсер етті. Тіпті олар өздеріне бәрін тікелей қабылдай бастады.  Бұл ХХІ ғасырдың оқушылары жаман, анау жақсы деген сөз емес, дегенмен өткен ғасырдағы оқушыларға қарағанда, тәрбиенің көзі әлсірегені анық.

Мектеп – қай дәуірде болмасын мектеп болып қала береді. Ұстаз да сол секілді. Ең ұлымын деген адам ұстаздың алдынан өтеді. Ендеше кішпейілділік таныту, ізеттілік көрсету кез келген оқушының міндеті. Ал «оқушы» деген сөзді қай жаста болсын атауға болады. Себебі ұстазыңыз бар. 

М. Ақан