Мектепте нені оқытпайды?

Мектепте нені оқытпайды?
Фото: Atkritka.com

Қыркүйек айы бастала салып, оқушы біткен мектепке асығады. Бірі мектеп табалдырығын енді аттап жатса, бірі бітіріп түлек атанады. Өмірдің он бір жылын мектеп қабырғасында өткізетін әрбір оқушы алға қойған мақсатты «білім алсам» деп бастайды. Бұл тек оқушының арманы ғана емес, ата-аналардың да қалауы. Бірақ мектеп түгел білімнің көзі немесе бастауы деген ұғымға негіз жоқ. Себебі мектепте біз сізге беретін ақпаратты үйретпейді.

Компьютер 

Мектеп бағдарламасындағы «Информатика» сабағы сізге компьютердің қыр-сырын тануға үйретпейді. Ол тек белгілі бір алгоритмдерге негізделген жүйе ғана. Тіпті мектеп қабырғасында әлеуметтік желіге отыруға тыйым салады. Себебі бала білім алмайды, уақытын сонда құртады деп түйеді. Айналып келгенде еркін ойлайтын, ақылды, саналы оқушы әлеуметтік желіні немесе компьютерді толыққанды меңгеріп, жастайынан өмірлік тәжірибеге дайын болуы мүмкін. Мұны мектеп әкімшілігі де, ұстаздар да дұрыс деп таппайды. 

Уақытты басқару 

Адам өміріндегі ең керемет, құнды дүние – уақыт. Ал мектеп үшін ең құнды дүние – білім. Олар сізге уақытпен жұмыс істеуді, оны басқара білуді үйретпейді. Себебі өздерінің уақыты жетпейді. Айналдырған қырық бес минут ішінде сізге қырық түрлі ілім мен уақыттың қадірін білу туралы ақпарат берудің орнына, мәнісі жоқ дүниелерді айтуы мүмкін. Бұл баланың уақытпен санасуына зиянын тигізеді. Баланың психологиясында «бастысы 45 минут отырып кетсем болды» деген түсінік пайда болады. Бұл уақытты басқарудан бұрын, қайта оған тәуелді екенін көрсетеді.

Ақылмен оқыту

Мектептегі білім жүйесі, соның ішінде еліміздегі білім беру жүйесінің басты мақсаты баланы оқыту. Бірақ оны ақылмен емес, мектеп бағдарламасымен ғана оқыту. Жоспарға сай жұмыс жасау ғана. Баланың еркіндігін, ойлау жүйесін, оның өз көзқарасын тарылтып тастауға асықпыз. Өйткені шәкірт ұстаздан озып кетпеуі керек. Себебі қазір қоғам аса ақылды адамдарды да ұната бермейді. Баланы бала күніне ақылға бейімдеу әрі ақылмен оқыту керек. Нені оқу керек, нені оқымау керек – осыған назар салған жөн. 

Ақшаны басқару 

Мектеп бағдарламасында жалпы ақшаның құндылығы, оның қасиеті туралы пән жоқ. Тіпті оны қалай үнемдеу керек, қалай ұстау керек, қалай табу керек деген нәрсе оқытылмайды. Бұл болашақтың еншісі деп қалдырады. Керісінше, балаға жастайынан ақшаға әуес қылмай, одан қалай алыс жүру керектігін, алыс жүріп қалай табуға болатынын үйрету керек.

Өмірмен күрес 

Біз «өмір» деген үлкен әлемде тірлік кешіп жатырмыз. Ал мектеп сол өмірдің бір бөлшегі ғана. Қызығы мектеп қабырғасында өмірдің өзі туралы сабақ өткізілмейді. Бұл балаға ауыр деген сылтаумен ғана жабық күйінде қалдырады. 

Жан дүниемен сырласу

Оқушы мектепте жүріп өзімен-өзі жұмыс жасамағандықтан, іштей қалып жан дүниесімен сырласа алмағандықтан, есейген кезде өзіне-өзі қол жұмсау тәрізді қылмыстық әрекеттер орын алады. Ал мұндайды мектеп бағдарламасында арнайы атап өтпейді. Себебі түсіндіру жұмысын жүргізуге қорқады. Қорыққанан бұрын, нақты маман жоқ. «Өзін-өзі тану» сабағында айтылатын ақпараттар мүлде басқа бағытта жұмыс жасайды. 

Белгілі ғалым Жан Жак Фреско: «Мектеп үйретуге емес, бағынышты болуға үйретуші алғашқы саяси орта» деген еді. Сондықтан мектеп қабырғасында жүріп, мектеп бағдарламасымен ғана жүріп, білім алу ғана өмірдегі ең маңыздысы емес. Мектеп, шама келгенінше, әрбір баламен жұмыс жасайтын үлкен орда болуы керек.

М. Ақан