- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Біздің ештеңеге уақытымыз...
Біздің ештеңеге уақытымыз жоқ
Адамдар арасында ең көп айтылатын сөздің бірі – «уақытым жоқ». Ананы айтса да, уақыт жоқ, мынаны айтса да, уақыт жоқ. Сонда уақытымыздың барлығы қайда кетіп жатыр?!
– Ата-анаға, дос-жаранға хабарласып, жағдайын білуге, ауырғанның халін сұрауға уақыт жоқ.
– Іні-сіңлілеріміздің, балаларымыздың сабағына қарап, тәрбиесіне көңіл бөлуге уақытымыз жоқ.
– Кітап оқуға, тіл үйренуге уақыт таба алмаймыз.
– Күнделік жазуға, өзімізге есеп беруге уақыт артылмайды.
Ал телефондағы «аса маңызды» шаруаларға міндетті түрде уақыт табамыз. Қай жерде жүрсек те, инстаграм беттерін парақтап, көрген-көрмеген суреттерімізге лайк басып үлгереміз. WhatsApp желісіндегі әртүрлі топтардан келетін хабарламаларды оқып, қызықты-қызықсыз видеоларды көріп, мәз болып отырамыз.
Бұрын еріккеннің ермегімен айналысатын тек санасыз жастар еді. Қазір, өкінішіке орай, ақыл айтар ағаларымыз бен жол көрсетер жеңгелеріміз де құнсызға құмартып алды.
Инстаграм парақтау орнына бала тәрбиесіне қатысты бір материал оқысақ, пайдасыз видеолар «тамашалағанша», шағын бір әңгіме оқысақ, тым құрығанда әдеби шығарманың аудионұсқасын тыңдасақ, пайдалырақ болмас па еді?
Тіпті тамақ ішкенде, достармен әңгімелескенде, не айтып, не қойғанымызды назарда ұстап, әр сәтті пайдаға асырсақ жарамас па еді?
Кез келген ортада әңгіме айтқанда «Ұсақ ойлар адамдарды талқылайды, орта ойлар жағдаяттарды талқылайды, ұлы ойлар жаңа идеяларды талқылайды» деген сөзді жадымызда тұтсақ, отбасы-ошақ қасындағы қысыр әңгімелерден неғұрлым бойымызды аулақ ұстар едік.
@. @assel_assanova