- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Ұстазбен қарым-қатынасыңыз қалай?...
Ұстазбен қарым-қатынасыңыз қалай?
Ұстазбен қарым-қатынасыңыз қалай? Мұғаліммен түсініспеушілік көп бола ма?
Мектеп қабырғасында жүрген әр оқушының өзіндік пікірі бар. Біреу жаратылыстану бағытына бейім болса, біреу гуманитарлық пәндерге қызығады. Математиканың есептерін оңай шешетін баланың әдебиетке әуестігі болмауы әбден мүмкін. Сәйкесінше, әдебиетке жаны жақын, поэзияны сүйетіндердің математикаға құлшынысы болмауы ықтимал. Тіпті математик күндердің күнінде әдебиет жолын таңдап кетуі де ғажап емес. Барлық пәннен бірдей керемет көрсеткішке ие болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осы орайда мұғаліммен арада түсініспеушіліктер орын алып жатады.
Мұғалім өзі беретін пәннен тапсырманы орындатуға толықтай құқылы. Оқушы да қырық бес минуттың ішінде тәртіпке бағынуға міндетті. Сіздің әңгімеңізді тыңдаушы тарап құлаққа ілмей отырса, қандай күй кешесіз?! Ешкімді кінәлай алмайсыз. Мұғалім де дәл сондай ыңғайсыздықты бастан өткереді. Сыйластықтың жоғалуы осындай ұсақ-түйектен басталады. Сол себепті де, әр пәннің басқа қырларына жүгініп отыруды үйренуіміз керек.
Математика мен физика есептерін шығаруға әуесқой емессіз бе?! Бүгінгі таңда есеп шығарудың түрлі тәсілдері қарастырылған. Ментальды арифметикадан бастап, компьютерлік бағдарламалардың көмегімен бар есепті шығаруға болады. Бұл тұрғыда сізге информатиканың қажеті бар. Есепті бағдарламалар арқылы шығару кез-келген адамның қолынан келмейді.Сіз шығаруды меңгерсеңіз, өзіңізге де жақсы, мұғалімге де абырой.
Жай ғана баяндаудан тұратын география мен биология пәндері қызықсыз ба? Бұл сабақтардан да көмекке ғаламтор жүйесі келеді. Өтілетін әр тақырыпқа сай арнайы бейнематериалдар бар. Мысалы, Мариана шұңғымасы, Анд тау жүйесі, Гренландия аралы, Бермуд үштағаны, Амазонка ойпаты сынды тақырыптарға түсірілген бейнелермен бөлісу де еңбек. Ескере кететін жағдай, тақырыптан ауытқымау керек. Әр тақырыпқа сай өзекті нәрсе табуыңыз шарт.
Әдебиетке қызықпайсыз ба? Мектеп бағдарламасындағы "Қыз Жібек", "Бандыны қуған Хамит", "Менің атым – Қожа", "Көксерек" сынды туындылардың төңірегінде арнайы фильмдер бар. Осыларды көріп, рецензиялық пікір жазып немесе оқырмандық көзқарас ретінде салыстыру тәсілдерін орындасаңыз, сіздің де зейін ашылады, өзгеге де қызықты болары сөзсіз. Өзге тақырыптарға "Келбет", "Сәуле" сынды бағдарламалар бар. Соларды да өз қажетіңізге жаратуыңызға болады.
Дене шынықтыру, Технология, Өзін-өзі тану секілді пәндерге менсінбеушлік басым тұрады. Алайда, аталмыш пәндер өмірге бейімделудің алдыңғы тәрбиелеушісі екенін ескеріңіз. Сондықтан, кез келген пәнді өзіміз үшін меңгеруіміз керек. Ұстазбен сыйласа білу – өз адамдығымыз. Адамдықтан аттау ұлттық болмысқа нұқсан келтіреді!
Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі – болашағымыз. Ана тіліне қызықпасаңыз да, оқуға міндеттісіз. Өйткені, сауатты ұрпақ біздің қоғамға қашанда қажет. Өзге тілді меңгеру – өзіңіз үшін. Пайдасы тимесе, зияны ешқашан тимейді.
Ұстазбен қарым-қатынасыңыз болашақ өмірге қадамыңыздың басты көрінісі. Пәнге қызығушылықтың жоқтығынан ұстазға ренжу – зор қателік. Кінәні өзіңізден іздеуге тырысыңыз. Бұл – жақсы қасиет.
Ә. Жутаева