18 жаста не істей аламын?

18 жаста не істей аламын?
Фото: vk.com

Ертеректе «Он үште – отау иесі» деп, он үш жасқа толған балаға жауапкершілік артылатын. Сағат сырғып, уақыт жылжыған кезде бұл заман ағымымен таным да өзгерді. Кәмелет жасқа толған әрбір азамат өз құқығын қорғай алады. 18 жас – балалықтан арылып, есейіп толатын кезең. Бұл жаста кейбірі білім қуып жүрсе, бірі отбасын құрады. Қазіргі жастар 18 жаста не істей алады немесе не істей алуы керек? Бұл сұраққа Стэнфорд университетінің ғалымдары былай жауап берген екен.

1. 18 жаста бейтаныс адамдармен қарым-қатынас орната алу керек

ЖОО-ға түсіп, өз бетімен өмір сүруге бейімделіп келе жатқан жас неше түрлі адамдарға кезігеді. Оларды танымауы да мүмкін: факультет деканы, жалға алған үйдің иесі, жатақхана коменданты, дүкендегі сатушы, мейірбике, қоғамдық көлік жүргізушісі, сантехник – барлығымен тіл табыса алуы тиіс.

Кішкентайынан кіммен қалай сөйлесу керегін бойына сіңіріп өскен жеткіншек еш жерде тартыншақтап қалмайды. Осы сәтте «Таныс емес адамдармен сөйлеспеу керек» деген тыйымның мәнін ашып түсіндірген дұрыс. Адамды көзінен танып үйренген азамат кімнен қауіп төнетінін болжап отырады. Аялдамада, көшеде кез келген адаммен беталды сөйлесе кетудің қауіпті екенін айту керек. Ал жоғарыда аталған және солар типтес адамдармен өз қажеттілігі үшін тіл табыса алу керектігін ескерту керек.

2. 18 жаста бағытты дұрыс таңдау керек

18 жаста адамдар барлық жерде дұрыс бағыт таңдай алуы тиіс. Қай оқу орнында оқимын, қай қаланы таңдаймын, қай жерде тәжірибеден өтемін, қай жерде кім ретінде жұмыс жасаймын немесе ел асып, шетелде білім аламын ба деген сауалдарға жеке өзі нақты жауап беруі керек.

Ата-анасымен бірге жүрген бала қоғамдық көлікте келе жатып, айналасына, қай көшемен келе жатқанына мән бермеуі мүмкін. Бұл – қарапайым ғана мысал. Кішкентайынан «бір жерден екінші жерге жету үшін көшелер, ғимараттар арасымен жүру керек» деп ескертіліп отырса, есейгенде де бағыт таңдап, оған жету жолын іздеу балаға оңай тиеді.

3. 18 жаста тапсырманы уақытында бітіру керек, өз бетімен жұмыстың күрделілігін және аяқтау мерзімін анықтау керек.

Кей ата-ана үй тапсырмасын қай кезде орындау керектігін балаға ескертіп отырады. Тіпті кейбірі балаларының тапсырмасын орындап береді. Нәтижесінде бала жұмыстың ауыртпашылығын, оның орындалу және бітіру уақытын білмей өседі. Сол себепті, өз бетімен істі тындырып, нәтижеге жету үшін уақыт сыйымдылығына бағыну керек екенін меңгеруі тиіс. 

4. Он сегізінде үй тірлігін шыр айналдыру керек

Әкесінің жанында көліктің сомынды бұрайтын кілтін (гаечный ключ) тауып беретін ұл мен анасына қамыр жазып көмектескен қыз бала барлық іске үлгеріп өседі. Бауырларына жұмыстарды бөліп беріп, үй тірлігін шыр айналдыратын бала 18 жасында ештеңеден тарықпай өмір сүре алады. Мысалы, білім қуып, ЖОО-ға түсіп, жырақта білім алған жас өз тұрмысына жауапты бола алады, яғни, ешкімнің көмегінсіз бар істі бір өзі тындыра алады.

Жалғасы бар...

Г. Берік