Өз таңбаңды қалдыр!

Өз таңбаңды қалдыр!
Фото: youtube.com

24 қараша күні Meloman холдингі ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы "Chaplin MEGA RealD" кинотеатрында Disney/Pixar студиясының "Ақылды динозавр" ("Хороший динозавр") атты мультфильмінің жабық көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл мультфильм желісінде Жер ғаламшары комета, астероидтан аман. Динозаврлардың ойлау қабілеті мен өмір сүру бейімділігі артқан, ал адамдар алғашқы қауымдастық жүйесінде өмір сүріп жүрген шақ.

Генри мен Ида есімді динозаврлар өз алдына шағын бір мемлекет. Адам секілді жер жыртып, дән егіп, егін суарып, қыстық азықтарын жүгерімен қамдайды. Олардың «шаңырағында» Либби, Бакки және кішкентай Арло атты динозаврлар дүниеге келеді. Алғашқы екеуі пысық, іске икемді, ал соңғысы екеуінен әлдеқайда өзгеше, Арло – қорқақтау, әлжуаз.

Балаға тәрбие беру, оны жігерлендіру, жүрегіне сенім ұялату, отбасыдағы сыйластық, балалар бауырмалдығы, ата-анаға деген құрмет, досқа көмек – осы динозавр жанұясынан танылады. Авторлар жұмыла көтерген жүктің салмағы жеңіл болатынын әдемі суреттеген. Әкенің "Әркім өз таңбасын қалдыруы керек!" деген қағидасы балаларына жігер береді. Ата-анасы өздері жасаған қоймаға белгі қою үшін, тасқа таңба қалдырады. Балалары "Біздің де белгіміз тұрсын" деп оқтала бергенде, аналары "Таңба қалдыру үшін лайықты еңбек сіңіру қажет, әркім жасаған ісіне сай болуы тиіс" деп табыстың, жетістіктің оңай жолмен келмейтінін түсіндіреді.

Ағасы мен әпкесі өзінен бұрын белгі қалдырғанына Арло өзін емес, қорқақтығын кінәлайды. Оның бойындағы қорқынышты байқаған әкесі оған "Сұлулықты көру үшін алдымен үрейді жеңе білу керек" деп тәлімді өсиет айтады.

Мультфильм желісінде Арло кішкентай баламен кезігеді. Олардың алғашқы жүздесуі өкінішпен аяқталған еді. Арло бұл үшін балақайға кінә артқанымен, алда тіл табысып, адал досқа айналатынын білмеді.

...Қатты дауыл тұрып, жауын басталады. Баласының найзағайдан қорыққанын көрген әке кері қайтуға беттеген сәтте дауыл қаһарына мінеді. Тау арасымен көзге көрінгенді жайпап келе жатқан сел әкені өзімен бірге ала кетті...

...Арлоның бойындағы үрей әкеге деген сағынышпен жалғасқандай. Бар жауапкершілікті мойнына алып, анама қолқанат болам дегенінде әлгі бала тағы да жолығады. Қатты булыққан Арло оны ұстап алмақшы болып қуып жүріп, абайсызда ағып жатқан өзенге түсіп кетіп, қатты ағыспен кете барады. Жыраққа шығып көрмеген бала Арло үреймен арпалысып, үйіне қайтар жолды іздейді. Әкесінің "жолдан адассаң, өзен бойымен жүр" дегені есіне түсіп, өзен жағалап үйге бет алады. Қажып, шаршаған, ашыққан, шөлдеген Арло табиғаттан алары, үйренері көп екенін байқайды. Кенет әлгі балаға тағы да кезігіп қалғаны. Ол Арлоға көмектескісі келіп, азық болады дегендерді алдына әкеліп береді. Екеуі қалай дос болып кеткендерін де байқамай қалады.

Бірде екеуі келе жатып, мүйізтұмсыққа кезігеді. Ол кішкене балаға, оның тірлігіне, ептілігіне таңдана қарап, оны меншіктегісі келіп еді – Арло оған жол бермеді. Осы сәтте ол "Дос зат емес" деп, досын ешкімге қимайтынын дәлелдейді. Әкесінің өліміне кінәласа да, қиын сәтте көмектесіп, өмірге бейімделуге, өмір сүруге үйреткен досына ризашылығы көп. Отбасының, өмірдің, достың құндылығын танытқан балақайға қатты бауыр басқан еді...

Үйге қайтар жолда бұл екеуі біраз соқпақтан өтіп, жанкештілікпен, төзіммен, батылдықпен бар қиындықты жеңіп шықты. Жолда келе жатып неше түрлі қызықтарға тап болып, достықтары сынала түседі. Тіпті, балақай өзі тектес ағайындарын кезіктіргенде де, тартыншақтап серігін қимай тосылып қалады. Дәл осы сәтте "Жанардан жас шықса, сезімнің ақталғаны» деген қанатты сөздің мәнін ұғынасыз. Екеуінің бір-бірін қимай қошқасқаны көрерменді толқытатыны сөзсіз. Көп ұзамай динозавр да үйіне оралып, анасының құшағына еніп, бауырларымен табысады.

Бұл мультфильмнің тәрбиелік мәні жоғары. Отбасы тұтастығы, дос қамқоры, жігерлік пен қайраттылық басты орынға шығады. Дисней мен Pixar студиясының бірлескен жұмысы өз еңбегін ақтағандай. Бір қызығы, мультфильмде авторлар адамды емес, жануарды сөйлетеді. Табиғат-Ана мен адамзат баласының, жануарлар әлемінің бір тұтастықта екені тағы да дәлелденгендей.

Г. Берік