- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Бестік бағаның құны...
Бестік бағаның құны қанша? #2
Мектепте төрттік баға алған кезде, көкейіңізде қандай сезім болды? Егер қатты мұңайған болсаңыз, сіз озат оқушы синдромына шалдыққансыз. Яғни мектеп қабырғасында өмірге қажеті жоқ білім нәрімен сусындағансыз. Аталған синдром сіз ойлағаннан да зиянды.
Озат оқушы синдромына шалдыққан балалар әрдайым табысты болуға ұмтылады. Үнемі өздерін ретке келтіріп, алдындағы асудан өту үшін барын салады. Мысалы, қызметте бастығының көңілінен шығу үшін жұмыс уақытынан кеш кетіп, мақтан сөз естиді. Бастығы бір ай бойы мақтаса да, артынша өз уақытында кеткен жұмысшысына көңілі толмайтын болады. Ал аталған синдромға шалдыққан қызметкер мақтан сөз есту үшін өзін қинап, жүйкесі әбден тозып кетуі де мүмкін. Мұнымен қатар, мұндай оқушылар қателік жібермес үшін нар тәуекелге бармайды.
Оның көңіл күйі айналадағылардың көзқарасына тікелей тәуелді болғандықтан, тоққа сұғылып тұрған компьютердей үздіксіз жұмыс істей береді. Ақырында жүйкесі тозып, денсаулығы күрт нашарлайды. Қанша жерден жолы болды десек те, үнемі өзін мақтай беретін жар, басшы, дос жолықтырмайтыны анық.
Аталған комплекс сыныптасымыздың бойында болса ше? Мұндай жағдайда не істейміз? Жұмыстың нәтижесін емес, оның барысын талқылаңыздар. Мысалы, әдебиет сабағынан қандай баға алғанын емес, қандай роман оқығанын, музейде қандай экспонаттар көргенін, қызығушылығы артып-артпағанын сұраңыз. Егер балаңыз бірнәрсе айтқысы келсе, оның жеңістері үшін емес, ерекше талпынысына қуаныңыз. Балаға өмірде табыспен бірге сәтсіздіктің де қатар жүретіндігін айтыңыз. Сәтсіздіктің нәтижесінде кемшіліктерімізді анықтап алуымызға болады.
Балаңыздың бәрібір де алған бестік бағасы үшін мақтанып жатқанын көрсеңіз, оны қолдай түсуден сақ болыңыз. «Сенің талпынысыңа ризамын. Кеше бұл өлеңді екі сағат бойы жаттаған едің. Еңбегіңді ұстазың да дұрыс бағалаған екен» деп айтыңыз. Сіздің мақсатыңыз – балаға бағадан білім маңызды екенін түсіндіру.
«Университет мәселесі ше? Бүгін екілік, үштік бағаларды ала беретін болса, ертең аттестат алуы да қиындайды. Ақылы бөлімде оқытуға шамам жоқ» деп айтатын боларсыздар. Көп жағдайда ата-аналар баламды бақыламайтын болсам, олар бетімен кетіп, сабақ оқымайды, бақылауды парталасынан көшіріп, сабақтан қашады деп ойлайды. Шындығында оқушы ата-анасының өзіне сенетіндігін білген кезде, жауапкершілікті өз мойындарына алады. Болашақта күнделігі толған бес болмаса да, одан әрбір ісі үшін жауап бере алатын тұлға өсіп шығады. Дәл осындай оқушылар үлкен өмірде табысқа қол жеткізеді. Айналаңызға зер салсаңыз, беделді қызметкерлердің алтын белгі немесе қызыл диплом иегері емес екендігін көресіз.
Тәжірибеміз көрсетіп отырғандай шынайы өмірде табысқа мектепте үштік бағамен оқыған оқушылар жететіндігін байқаймыз. Өйткені олар біреуді қанағаттандыру үшін емес, тәжірибе жинақтау мақсатында ғана білім алады.
Егер озат оқушы синдромына өзіміз шалдыққан болсақ ше? Бұл – тұқым қуалайтын «ауру». Ата-әжесі алған екілік баға үшін шыбықпен сабап, үй ішінде шықпыртып жүгірткен ата-аналар өз балаларына сондай қарым-қатынас танытады. Өзі көрген қатал тәрбиенің салдарынан екілік бағаны көрсе, ашулана кетеді. Артынша баласын «жөнге салуға» тырысады. Қанша жерден бағаның маңызды емес екенін түсінсе де, баласының бестен басқа баға алып келгенін естіген кезде, өз эмоциясын бақылай алмай қалады. Есіңізде болсын! Әр адамның екі қыры болады. Соның бірі – жақсы мінез танытып, мейірімді болу. Балаңызға жанашырлық таныта біліңіз. Оны үнемі құшағыңызға басып, «сенің бұл өмірде барың үшін қуанамын» деп айтыңыз.
Шамды ойлап тапқан Томас Эдисон мектепте небары төрт жыл ғана оқыған. Ол: «Сіздер мен мектепте оқысам, сол шамнан артық ойлап табатын едім деп ойлайсыздар ма?», - деп білімді өз бетімізше ала алатындығымызды меңзейді. Осы секілді Альберт Эйнштейн де Цюрихтегі білім ордасын "әрең" тәмамдаған. Ал Билл Гейтс көп сабақты жіберіп, жақсы нәтиже көрсете алмағаны үшін Гарвардтан шығарылған.
Қалай ойлайсыз? Бұл адамдар озат оқушы синдромына шалдыққан болса, біз өмір сүріп отырған әлем қандай болар еді?
Құрметті оқырман, жоғарыда жазылған материалды оқып отырып, оқымай-ақ данышпан болуға болады екен деген ойға қалған шығарсыз. Бұл ойыңыз қате. Мәселе баға үшін емес, сапалы білім алу үшін оқуда болып тұр.
Ал сіздің сыныбыңызда мұндай оқушылар бар ма? Мүмкін олардың бірі өзіңіз шығарсыз?
Сурет: nis.edu.kz
Қ. Бүйенбай