- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Бестік бағаның құны...
Бестік бағаның құны қанша?
Мектепте төрттік баға алған кезде, көкейіңізде қандай сезім болды? Егер қатты мұңайған болсаңыз, сіз озат оқушы синдромына шалдыққансыз. Яғни мектеп қабырғасында өмірге қажеті жоқ білім нәрімен сусындағансыз. Аталған синдром сіз ойлағаннан да зиянды.
Бұл синдром қалай пайда болады? Әдетте оның оқушы бойында пайда болуына ата-аналар айыпты. «Математикадан неге төрт алдың? Сен бес алуың керек еді!» сынды сөздер баланың санасында «Ата-анам мені жақсы оқысам ғана жақсы көретін болады» деген ой қалыптастырады. Бір қызығы, ата-аналарымыз күнделіктегі баға мен бастағы біліміміз сәйкес келмейтінін білсе де, талапты күшейте береді. Тынымсыз еңбектенуге мәжбүрлейді.
Кейде бала бестік баға алған кезде ғана отбасының көзайымы болатындай жағдайға тап болады. Олардың ортасында осылайша ықыласқа бөленуді жөн көреді.
Сонда бұл синдром барлық озат оқушының бойында бола ма? Мүлдем олай емес. Өзіне деген сенімі мол балалар да сабақты беске оқуы мүмкін. Олар үшін айналадағылардың пікірі маңызды емес. Ал айырмашылықтары мынада:
Аталған синдромға шалдыққан оқушы төрттік немесе үштік баға алып қалса, ұстаз алдында жылап, бағаны журналға, күнделікке қоймауын өтінеді. Ал білімді оқушыға баға айтарлықтай әсер етпейді.
Синдромның зияны қандай? Ұйқысыздық мазалап, жүйкесі сыр береді. Кішігірім дүниелерге бола уайымдайтын болады. Ең бастысы, санасында айналамдағылар мені жақсы оқысам ғана құрметтейтін болады сынды ой қалыптасады. Күйзеліске бой алдырып, өзіне деген құрмет сезімін жояды. Мені айналамдағылар жақсы оқысам ғана құрметтейді деген оймен өскен бала, әркімге жалтақтап, сынға төзе алмайтын болады. Бірден жылап, үнемі мақтан сөз күтеді. Ал отбасылық өмірде жары жасаған істерін мақтамаса, жылап мазасы кетеді. Мақтан сөз жоқ болса, табыс та жоқ. Ал өздерін мақтап, қуантып отыруды мүлдем дерлік білмейді.
Ал Сіздің сыныбыңызда мұндай оқушы бар ма?
Сурет: Massaget.kz
Қ. Бүйенбай