Өмірде қандай оқушының жолы болады?

Өмірде қандай оқушының жолы болады?

"Сабағыңды жақсы оқымасаң, ертең еден жуушы боласың» деген сөздерді сіз де естіген шығарсыз. Әдетте үй тапсырмасын орындамай, жалқауланып жатқан кезде, осылайша ұрыс естиміз. Ата-аналар балаларын дәл осылай қорқытса, ұстаздар болашағының қайыршының күнімен пара-пар екенін айтып жүрексіндіреді. Жасы үлкен ағаларымыз мектептегі бағаның болашақ өмірімізге айтарлықтай әсер етпейтіндігін әлдеқайда ертерек түсінген болатын. Білімге қызығушылықтарын арттыру үшін осылай айтатын болар.

Менің бір мұғалім танысым басынан өткен оқиғасын баяндап берді:

Супермаркеттің ішінде жүргенімде қарсы алдымнан сұлу, киімі судай жаңа, бойы ұзын жігіт шықты. Ол маған ұзақ уақыт күлімсіреп қарап тұрды. Маған неге күліп қарап тұр? Артынша жүзі таныс екенін байқадым. «Сәлеметсізбе, Сәбиля апай!» деп айтқан кезде, бірден есіме түсірдім. Бұл менің ең бұзық, сабақ оқымайтын, үнемі мұғалімдердің алдында қызарып тұратын оқушым еді. Қылықтары Қожадан кем түспейтін.

- Қалайсың, Жаһаншах? Не істеп жүрсің?

- Жақсы, Сәбиля апай! Барлығы ойдағыдай жүріп жатыр.

- Тау-кен ісі мамандығын тәмамдадым. Енді мұнай компаниясының инженерімін. Жұмыс қызықты әрі жалақысы да жоғары. Барлығы жақсы десем де болады.

Шәкіртім сөзін аяқтап-аяқтамай жатып жалақысы туралы сұрадым. Шыдай алмай кеттім. Ол жалақысын айтқан кезде, мен өзімді жайсыз сезіндім. Мектеп партасында екі сөздің басын құрай алмай, үй тапсырмасын еш уақытта орындамайтын Жаһаншах үшін қуанарымды немесе жыларымды білмедім. Екілік баға алатын талай Жаһаншахты білімге құмартуға бар күш-жігерімді салсам да, одан 15 есе аз жалақы аламын.

Басынан өткен оқиғасын баяндаған ұстаз құрбымды тынышталдырып қойдым. Біреу оқушыларды оқытуы керек қой... Ал өзім сыныбымыздың мақтанышы болған, спортшы, белсенді, өте білімді құрбымның дәл қазір ауруханада санитар болып қызмет жасап жүргенін еске алдым.

Өмірде барлығы біз ойлағандай жүзеге аспайды. Мектепте жолы болмаған баланың өмірде де ісі оңбасы анық. Бұған көп мысал келтіруге болады. Кейде керісінше болып жататын жағдайлар да бар. Мысалы, Исаак Ньютонды еске алайық. Ол сыныпта өте нашар оқыған. Алайда сыныбында одан да нашар оқитын оқушы болған. Әлгі оқушыға дәрігерлер «ақымақ» деген диагноз қойып, мектептен шығарады. Осылайша Ньютон «ең нашар» оқушыға айналады. Математика мен физика пәндерін меңгере алмай қиналады. Мұнымен қатар, өте жалқау болады. Кейін өсе келе әлемге әйгілі ғалымға айналады. 

Жоғарыда келтірілген мысалға қарап, мектепте алған бағамыз еш нәрсені шешпейді деп ойлайтын шығарсыз. Бұл пікірмен келіскен болсаңыз, қатты қателесесіз. Бастысы, баға емес, сапалы білім екенін ескеріңіз. 

Ал Сіз қалай ойлайсыз? Өмірде қандай оқушының жолы болады?

Жалғасы бар...

Сурет: voxpopuli.kz

Қ. Бүйенбай