- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Қатал мұғалім –...
Қатал мұғалім – жақсы мұғалім бе?
Осы сұрақты студенттерге қойғанымда, Айгүл деген ұяң қыз айтты: «Мен бітірген мектепте физикадан сабақ беретін апайымыз болған. Қыбыр еткізбейтін. Қолымызды қозғасақ та, «тыныш отыр!» - деп ұрысатын. Ол сабақта тәртіпсіз бала болмайтын. Тәртіпке қатты қараған дұрыс сияқты».
Осыны айтты да, көз алдына қатал апайының сұсты жүзі елестеп кетті ме, Айгүл көзін тайдырып, төмен қарады. Әп-әдемі қыздың жасқаншақтығы жараспай тұр. Бұл баланың байқалған тағы бір әдеті – сабақты орнынан тұрмай айтса, еркін сөйлейді. Тұрғыздың дегенше, қысылып-қымтырылып, ойын байланыстыра алмайды. Шын көңілден тыңдауға дайын екеніңді білдірмесең, үн-түнсіз отыра беруге бар. Оңаша әңгімеде айтқаны: Орнынан тұрған кезде бір қорқыныш билейді, буын-буыны қалтырап, не айтайын деп тұрғанын ұмытып қалады. Айгүл екеуіміз бұдан былай: «Мұғалім де мендей адам!» - деп жиі қайталап тұратын болдық.
Өз ойындағысын еркін айта алмайтын жасқаншақтық біздің қазақ балаларында жиі кездеседі. Ата-бабадан келе жатқан бағыныштылықтың әсері ме, әлде өзінің қадірі болмай, басқа тілді еркін меңгере алмаудан жасып қалған ба? Оның үстіне мектептегі әміршіл-өктем тәрбие де басып тастаған болар.
Студенттің айтқаны:
«Бала кезімде біздің мектепте бір қатал мұғалім болды. Есіктен кірмей жатып, бір кемшілігімізді тауып ала қоятын. «Ал, Пәленшеев» жаңа сен коридорда жүгіріп жүр едің, сабақты қалай білер екенсің, көрейік!» - дейді ызғарланып. Бала байқұс сабақ басталмай жатып іске алғысыз болып қалғанына қиналып, партадан әзер сүйретіліп шығады. Мұғалім жаңылысқан жерін іліп алып ұрсып, тұқыртумен болады.
Ол кісінің тағы бір рақаттанатын жұмысы – кімнің сабақ айту керек екенін журналдан іздеп табу. Сызданып, көзімен лайықты оқушыны іздеп, ұзақ үнсіз қалатын. Тышқанмен ойнаған мысықтай, ойша әрқайсымызды бір алып, бір салып, сынай бағып, уақытты ұзарта түсетін.
Кішкентай жүрегіміз қорқыныштан дір-дір етіп, ауыр үкім еститіндей, қиын минөтті бастан кешіретінбіз. Оқымай келгендіктен емес, мұғалімнің ызғарынан қорқушы едік.
Сонда бір қызымыздың айтқан сөзі есімде қалыпты: «Осы мұғалімге ерегіскеннен өзім де мұғалім болып, баласы менің қолыма түссе, «екіден» көзін аштырмас едім!» - деген.
Өзін мықты маманмын деп есептейтін ағайымыз сабағын бәрінен жоғары қойып, сол арқылы беделін қанша көтермелегенмен, осы сабақты жек көріп кеттік. Мұғалімді жек көру арқылы, біздің жүрегімізде кінәсіз пәнге қарсы тұрақты аллергия қалыптасты».
Алма Қыраубайқызының "Жаным садаға" кітабынан
Ал Сіз қалай ойлайсыз? Мұғалімнің қатал болғаны дұрыс па?
Сурет: voxpopuli.kz
Қ. Бүйенбай