- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Орынсыз сын айтатын...
Орынсыз сын айтатын сыныптастар туралы
Адамның өзіне немесе ісіне көңіліміз толмаған кезде, сын айтамыз. Яғни барлығы бір нәрсені ұнатпаудан басталады. Ал нақты не нәрсені ұнатпаймыз? Сын қандай кезде айтылады? Мысалы, chery-parts.com.ua сайты қытайлық автомобильдерге көңілі толмайтындықтарын жазады. Мерзімі жетпей істен шығып қалатындықтан, өзіміз де қытайлық тауарларды сапасызға балаймыз. Осы секілді бір индивидтің екінші бір индивидке сын айтуының себебі бар. Психолог мамандар олардың негізгі үшеуін атайды.
1. Өзгені төмендету арқылы өзімізді жоғарылату
Есіңізде ме? Ақ бантигімізді тағып, түнімен көз майымызды ағызып сабақ оқып барғанымызда, ұстаздарымыз барлық баланың алдына шығарып мақтайтын еді ғой. Бойымыздағы табандылық, ақыл, сыпайылық, тазалық сынды қасиеттерімізді айтатын. Сол кезде Жантас секілді қызғаншақ сыныптасымыз суырылып шығып: «Апай, негізі ол өте тәртіпсіз оқушы. Оның сіз жоқ жерде өзін қалай ұстайтынын білсеңіз», - деп сынын айтып қалатыны бар. Іштей оған не істедім, мені неге ұнатпайды екен деген ойға қаламыз. Енді осы әрекеттің себебін анықтайық.
Жантас секілді оқушылар өзгелерді сынау арқылы өздерінің дәрежесін көтеріп қойғысы келеді. Яғни ол жоғарыда: «Апай, мен Томирис секілді жақсы оқымасам да, көшеде жүргенде өте тәртіптімін. Адамды тек сабақ үлгеріміне қарап бағалауға болмайды ғой!» - деп айтқысы келген болатын. Айналамыздағы сыныптасымыздың барлығы жақсы болса, біздің еш қадір-қасиетіміз қалмайды. Көптің бірі болып жүре береміз. Ал ұжым ішіндегі Қожалардың арқасында өзіміздің беделімізді көтеріп қойсақ болады. Жантас секілді оқушылар сыныптасын сынап, оның ең жаман деген қасиеттерін беттеріне басып, іштей масаттанып қалады. Өзіне деген сенімділігі де арта түседі.
2. Өзінің мүддесі үшін өзгені құрбан ету
Бұл әдетте сынып ішіндегі жақын құрбылар немесе ата-ана мен бала, ұстаз бен оқушы арасында жүзеге асып отырады. Адамдар жасы ұлғайған кезде өздері жете алмаған дүниелерге балалары қол жеткізсе екен деп ойлайды. Бұл – балаларына немесе оқушысына көңілі толмау емес, өткен өмірлеріне деген өкініштері.
3. Жауапкершілікті өзге адамның мойнына арту
Бала кедей немесе ата-анасы жанжалдаса беретін отбасында дүниеге келгені үшін кінәлі емес. Алайда оған осының барлығы соққы болып тиеді. Ұстазының «Неге сабақ оқымадың?» сынды сауалына ата-анасын айыптағысы келеді. Жасы кіші болып оларға дөрекі сөз айтуға батпайтындықтан, сыныптасын айыптауға кіріседі. Арада кішігірім түсініспеушілік болған жағдайда, қарсыласына ауыр сөздер айтады. Шындығында бұл оқушылар өз бақыты үшін күресіп көрмеген.
Өздеріңіз көріп отырғандай кез келген сынның астарында көреалмаушылық пен қызғаныш, өкініш жатыр. Мұның барлығы сын айтушы оқушының жолы болмай жүргендігімен байланысты. Бұған тек өзі ғана кінәлі. Мойындап, жауапкершілікті мойнына алуға қорқатындықтан, өзгелерді айыптайды.
Ал Сіздің сыныбыңызда орынсыз сын айтатын оқушылар бар ма?
Сурет: nis.edu.kz
Қ. Бүйенбай