- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Ерасыл Мирасбек: "Өмірде...
Ерасыл Мирасбек: "Өмірде өз таңбаңды қалдыр"
Бүгінгі заманның ағысы зымырап ұшқан құспен тең. Көзді ашып-жұмғанша кеш батып, таңның қалай атқанын байқамай қаламыз. Әрқайсымыз алдымыздан самалдай есіп келген жаңа дәуірдің лебін сеземіз. Бұл қандай дәуір? Біздіңше, бұл - атақты әлеуметтанушы Э.Тофлер айтқан «Үшінші толқынның» санамызға кіріккен дәуірі. Яғни адамдардың ақпаратты білуге құмартып, технологияны меңгерген дәуірі. Қаймана жұрттың қамын ойлап, ел басына күн туғанда етікпенен су кешкен батырлардың ұрпағы - осы дәуірдің өкілдері. Олардың уақыттары шектеулі, әр минуты санаулы, қолдарынан ноутбук, смартфон, планшет түспейді. Ғаламтор арқылы барша әлеммен қарым-қатынасқа түсіп, әлемнің түкпірлерінде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып отырады. Және кез келген қиын-қыстау кезеңде дұрыс шешім тауып, жан-жақтылығын көрсетеді. Солардың бірі біздің кейіпкеріміз – Ерасыл Мирасбек. Ерасыл Алматы қаласында дүниеге келген. Бүгіндері Мүслім Базарбаев атындағы №138 мектеп-гимназиясының 11 «А» сыныбының оқушысы. Биыл алтын ұядан қанат сомдап, үлкен өмірге қадам басады.
- Ерасыл, ҰБТ-ға дайындығыңыз қалай?
- ҰБТ-ға дайындық жаман емес. Мектеп қабырғасында сыныптастарыммен бірге қосымша пәндік курстарға қатысып жүрмін. Арасында бір-бірімізге көмектесіп отыратын әдетіміз де жоқ емес. Бұйырса, 125 баллды қанжығама байлауды жоспарлап отырмын. Білімімді жетілдіріп, тестілеуді ойдағыдай тапсырмын деген ойдамын. Ұстаздарымыз көмектесіп, біздерге дұрыс бағыт сілтеуде. Ол кісілерге алғысым шексіз!
- ҰБТ-да 125 балл алудан өзге қандай арман-мақсаттарыңыз бар?
- Адам баласының арманы таусылмайды ғой, шіркін! Сол секілді көкейімді кернеп жүрген талай арманым бар. Әлемдегі барша мемлекеттің өркениетімен танысып, салт-дәстүрімен бақыласам деймін. Ұшақтан парашютпен секіріп көргім келеді.
Зертханада қызықты зерттеулер жүргізу сәті
- Қай саланың маманы болуды жоспарлаудасыз?
- Болашағымды ғылыммен байланыстырғым келеді. Қазіргі таңда ғылымсыз ілгерілеу қиын. Ғалымның хаты өлмейді демекші, жасаған еңбегімнің адамзат мен өзге тіршілік иелеріне пайдасы болса екен деген ниеттемін.
Божанова Ақмарал Мелияқызы (ұстазы):
- Әр халықтың, әр ұлттың адамзат қоғамының ертеңгі күнге үміт артар сенімі де, серігі де, өмірі де - балалар. Бүгінгі оқушы - ертеңгі ұрпақ жалғасы, біздің болашағымыз. Қазіргі кездегі технологиялық жаңалықтар, адамдардың әлемді қабылдауы, күшті ақпараттық ағымдар гиперактивті индиго балаларға тәрбие, білім беру жаңаша бағытты көздейді. Әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, индивидуалды қарым-қатынас жасауға тырысамыз. Болар бала алысқа қарайды демекші, Ерасылдың өзіндік ерекшелігі бар екенін жастайынан байқайтынбыз. Биология пәнінен Республикалық олимпиаданың жеңімпазы, Халықаралық оқушылардың ғылыми жоба жарысында күміс жүлдегер атанып, "Үркер" алтын төс белгісінің иегері болды. Гимназияда "Жасұлан" балалар ұйымының ұлан басшысы болған Ерасыл небары 14 жасында Алматы каналындағы "Балдаурен" атты балаларға арналған бағдарламаның видео инженері болып жұмыс істеді. "Ералаш" сынды балалар фильмін түсіруге ат салысты. Өзгелері буыны қатпай, босаңсып жүргенде, бұл оқушымыз жеке бизнесін де ашып үлгерген еді. Әр істің ұстасы, әр ұстаның ұстазы бар демекші, оқушыларымыздың арасында осындай қайратты ұлдың болуы бізге қанат бітіреді.
Ерасылдың жетістіктері
2014 жылғы "Үркер" төс белгісінің иегерлері: Әсел, Ерасыл, Азиза, Адия
"Үркер" алтын төс белгісімен марапаттау рәсімі
- Ақмарал апайыңыз жеке бизнесіңіз туралы айтты. Сол туралы баяндап берсеңіз.
- Жеке бизнесім бар деп айтуға әлі ерте. Себебі, бұл тек бастамасы ғана. 2012 жылдың 10 қазанында «Myer production» атты шығармашылық студиямды аштым. Қазір 6 адам жұмыс істейді.
- Бизнес сіз үшін хобби ме, табыс көзі ме?
- Сұрағыңыз өте күрделі екен. Бүгінгі таңда жақсы мен жаманның парқын ажыратпай жатып, пайым шығаруға құмармыз. Үнемі жалақысы жоғары жұмыс іздейміз. Әрине, табыс туралы мүлдем ойламау керек демеймін. Десе де ақшадан да жоғары құндылықтар, жан сарайымызды кәусар бұлағына шомылдыратын игі істер бар екенін ұмытпауымыз керек. Менің ойымша, біріншіден, адам өзі сүйетін іспен айналысуы керек. Сонда ғана оның еңбегі нәтижелі болады. Екіншіден, таңдаған мамандығы туған елінің кәдесіне жарауы тиіс. Тіпті шетелге барып білім алып келсе де.
- Ұстаздарыңыздың сөзіне сенсек, сіздің бос уақытыңыз жоқ екен. Сол рас па?
- Енді... (аз ойланып) ол кісілер өтірік айтады дей алмаймын, бар болғаны сырт көзге іскер адам болып көрінетін шығармын. Өйткені, үнемі жоспарымды орындап, жылдам әрекет етуге тырысамын. Жиі болмаса да, аптасына бір-екі рет бос болатын кездерім болады.
Бізге Ұлы Гэтсби фильмінде ойналатын "Lana Del Rey" атты туындыны орындап берген сәті
- Ал осы уақытта немен айналысасыз?
- Жаным жақсы әуенді сүйеді. Гимназия қабырғасында фортепиано класын тәмамдағанмын. Аздап гитарада ойнаймын. Мұнымен қатар, бос уақытымда сурет өңдеп, монтаж жасауды ұнатамын.
- Уақытты барынша үнемдеуге тырысатыныңыз байқалады. Мұның барлығын сізге кім үйретті?
- Әке-шешемнің маған жақсы тәрбие бергені үшін жаратқанға ризамын. Өйткені, ол кісілер жұмысбасты болса да, біздің, ең алдымен, мейірімді, жан-жақты тұлға болып қалыптасуымызға көңіл бөлді. Әрдайым қолдау көрсетіп отырды. Мысалы, бастауыш сыныпта оқып жүргенімде сыныптастарымды суретке түсіріп, анама ол суреттерді шығарып беруін өтінетінмін. Артынша анам берген суреттерді сыныптастарыма сатып алғашқы тиын-тебенімді тапқаным бар. (Күлді). Дәл сол сәтте баланың ойыны деп көңіл бөлмей қойса, дәл бүгінгідей бизнеске жақын болмас едім деп ойлаймын. Мұнымен қатар, кітап оқуға баулып, өзгелерге пайдамды тигізе білуге үйреткен ата-әжеме алғысым шексіз. Ал уақыт мәселесіне келсек, оның үнемделуін де ата-анам қадағалап, білгендерін үйретіп отыратын. Және тайм-менеджмент туралы кітаптарды көп оқуға тырысамын. Ол жерде баяндалған кеңестерді әрдайым пайдама асырамын.
- Адамды қанаттандыратын шабыт. Ал сіз шабытты қайдан аласыз?
- Әке көрген оқ жонар демекші, қай істі бастасам да, әкемнің байсалдылығына, мақсатына жетпей тынбайтын мінезіне қарап шабыт аламын. Мұнымен қатар, көңіліме жағатын әуенді естігенімде, табиғаттың тылсым көріністерін көргенде ерекше шабыттанамын.
- «Қимас досың сұраса, қимасыңды бересің» деген сөз бар. Мұндай жағдай басыңызда болды ма?
- Шүкір, қиын-қыстау кезеңде өзіме демеу болып, қуанышымды егіз қозыдайын бөлісетін достарым бар. Олар үшін бар асылымды құрбан етуге дайынмын. Бірақ, еш уақытта қимасымды сұраған емес. Тек техникаға жақын болғандықтан, арасында бейнебаянға түсіру сынды өтініштерін орындаймын. Жақында Болат Срымов есімді досымның тойына арнап махаббат бейнебаянын түсірдім. (Ол досымды сіздер де танитын шығарсыздар. Өзі мықты суретші). Оны сіздер де тамашалап көре аласыздар.
- Ер жігітті спортсыз елестету қиын. Оның қай түрлерімен айналысасыз?
- Бастауыш сыныпта тениспен шұғылдандым. Кейінірек таэквандо үйірмесіне қатыстым. Қазір фитнеске барып жүрмін.
- Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
- Абай атамыз айтқандай, өз-өзіңе сену. «...Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап». Ең бастысы, Отанды сүю, елге адал қызмет ету. Айналаңа мейрімділік танытып, ортаңа әділ болу. Өмірде әрқашан әрекет жасап, көздеген мақсаттарға жету.
Барша қазақстандық түлектерге ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, әрқайсысы өздері қалаған ЖОО-ға түссін деп тілеймін. Іске сәт!
Сурет: ©Қарлыға Бүйенбай, Ерасыл Мирасбектің жеке архиві
Қ. Бүйенбай