Үй тапсырмасын көшіруге бересіз бе?

Үй тапсырмасын көшіруге бересіз бе?

Әлем ғалымдарының зерттеуі бойынша, көшіруге қатаң тыйым салынатын мектептері бар мемлекеттер жемқорлықтан бейхабар екен. Яғни табысқа таныс-тамырдың көмегімен жету сынды әдет жоқ. Барлығы әділетті түрде жүзеге асады. Әрі барынша адал өмір сүруге тырысады.

Осы күндері оқушылардың сабақ барысында бір-бірінен көшіріп отырғанын жиі байқауға болады. Мұндай жағдай тіпті басымыздан да өткен болар. Ал көшіруге бермейтін озат оқушыларды барлығы «өзімшіл» деп келеке қылады.

Бұдан былай көшіруге бермейтін болсақ ше? Әрине, бұл қылығымыздың жат көрінері анық. Алайда ар-ұятыңыздың таза болатындығы туралы да ұмытпаңыз.

Ар-ұят бағадан қымбат па?

Көрші Ресей мемлекетінде Америка білім жүйесіне сәйкес білім беруге дағдыланған мектептер бар. Сол мектептердің біріне келген американдық ғалым оқушылардың бір-бірінен көшіріп отырғанын байқаған кезде талып қала жаздаған екен. Себебі, олар мұндайды көрмеген. Артынша осы әдетті жақсысымен алмастыру мақсатында үндеу жариялайды. Осылайша балалардың санасына сіңіп қалған әдеттен арылуға әрекет жасайды. Үндеуді қолдаған мектеп директоры: «Балаларды көшірмей, өз бетінше сабақ оқуды үйрету қолымыздан келді. Бүгін олар бір-бірінен көшірмейді. Және балаларда бұрынғыдай емтихан алдындағы күйзеліс жоқ».

Енді біздің оқушыларымыздың шетелдегі жағдайын қарастырайық. Ағылшындық профессор Кэрол Шанин шетелден оқуға түсуге келген студенттерге «Көшіретін болсаңыздар, оқудан шығарамыз!» деп қатаң ескерту жасайды екен. Бір қызығы, біздің оқушыларымыз бұл ескертуге назар аудармайтын көрінеді. Яғни, шын мәнінде шығарып жіберуі мүмкін деген ой тумайды.

Батыстың менталитетін көзімен көрген адамдардың айтуынша, ол жақта әркім өзі үшін ғана жауап береді. Бір адам екінші адамға қасқырлығын жасауы әбден мүмкін. Ал бізде жағдай өзгеше. Мүмкін жастайымыздан бауырмалдыққа тәрбиелеп, қиындыққа тап болсақ, жүкті жұмыла көтеруге дағдыланғандығымыздың әсері болар. Мен ешкімге жамандық тілемеймін. Алайда өзіңізді қызыл дипломды дәл осылай сыныптастарынан, группаластарынан көшірудің арқасында алған хирургтың үстелінде жатырмын деп елестетіп көріңізші. Жағдайыңыздың мүшкіл болары хақ.  

Әрине, бұл әдетімізді тарихқа сілтеп қоя салуға да болмайды. Көшіруге бермеген жағдайда сыныптастарымыз мазақтап, араласпай қояды сынды жүрегіміздің түбінде қорқыныш жатуы мүмкін.

Халықтың жаппай білімін қаруландырып, сауатты болуына еш қарсылығым жоқ. Біз бүгінгі жас ертең көшеде бұзақы болып, ішімдік ішіп, жаман жолға түспесе екен деген мақсатпен оқытамыз. Алайда барлығынан бірдей жоғары бағаны талап етудің қажеті жоқ. Себебі, оның барлығы осы көшіру құбылысы арқылы жүзеге асады.

Озат оқушының дәптерін не себепті көшіруге беретіндігі туралы айттық. Ал енді не себепті көшіретіндіктеріне тоқталсақ, көштен қалмау үшін, ұстаздан, ата-анасынан қорыққандықтан немесе түрлі үйірмеге қатысып, сабақ оқуға уақытты болмағандықтан сынды себептері бар.

Сыныптасыңызға шын мәнінде көмектескіңіз келсе, оған жаңа тақырыпты түсіндіріп беріңіз. Екі түрлі себепке байланысты парталасымызға үй тапсырмасын немесе бақылау жұмысын көшіруге беруге болмайды:

Біріншіден, бұл – әділетсіздік. Сіз ұстазыңызға бұл туралы айта алмайсыз. Яғни өзіңізден жасы әлдеқайда үлкен адамды алдайсыз. Ал алдау - адамгершілікке жат құбылыс.

Екіншіден, бұл сіздің сыныптасыңызға көмектеспейді. Сізден көшіріп алған соң, келесі сабаққа тақырыпты өз бетінше меңгеріп келеді деп ойласаңыз, қатты қателесесіз.

Осы тақырып аясында Massaget.kz тілшілерінің арасында сауалнама жүргіздік. Олардың жауабы төмендегідей:

Сұрақтар:

1. Мектеп қабырғасында бірге оқитын сыныптасымызға үй тапсырмасын көшіруге берген дұрыс па?
2. Өзіңіз көшіріп көргенсіз бе?

Мейіргүл Оңғарова:

1. Көшіруге берген дұрыс деп ойлаймын. Ол ең алдымен, сенің адамгершілігің. Иә, көшіруге бере отырып, сен ол адамға кері әсер етесің. Бірақ қай уақытта болмасын, адамгершілік қасиет бірінші орында тұруы тиіс сияқты.
2. Өзім үшін маңызсыз сабақтарды көшіретінмін.

Жолдас Өрісбаев:

1. Кей қиын жағдайда көшіруге берген дұрыс. Мысалы, емтиханда азын-аулақ ақпаратты таппай отырған кезде қолдау болады. Ал жәйдан-жай көшірткізу арқылы өз сыныптасымыздың білімін төмендетіп алуымыз мүмкін.
2. Жалпы өзім де көшіргенмін. Техникалық пәндерді емтиханда амалсыздан көшіретін едім. Ал гуманитарлық пәндер бойынша сыныптастарым менен көшіретін. Кейде осылайша өзара пайдамызды тигізіп тұрған дұрыс деп ойлаймын.

Ербол Молдажанов:

1. Менің түсінбеген нәрселерді білуге ұмтылып, жанындағы жақсы оқитын сыныптасынан көмек сұрайтындарға еш қарсылығым жоқ. Ал өзгенің еңбегін сөзбе-сөз көшіріп алуды құптамаймын. Себебі, үнемі көшіруге дағдыланған оқушы жеке ой толғамнан айырылып, жанындағы оқушыларға жалтақтаумен күні өтеді. Тапсырма қанша жерден қиын болса да, оны шама-шарқынша орындап көруге тырысқандары жөн. Теңіздің тамшыдан құралатындығы бәрімізге аян.
2. Әрине, 11 жыл бойы ешкімнен ештеңе сұрамадым деуден аулақпын, арагідік түсінбеген дүниелерді сұрап тұратынмын. Бірақ, сол жылдар ішінде екінші бір сыныптасымның орындаған тапсырмасын көшіріп көрген емеспін. Білімге деген құштарлығымыз ата-анамыздың тәрбиесінің арқасында ұшқырлана түскен болар деп ойлаймын.

Фариза Абилова:

1. Сыныптастарымызға көшіруге беріп тұрған дұрыс деп ойлаймын. Ең алдымен, жақындарыңа қандай жағдай болмасын көмектесуің керек деген қағида тұруы тиіс. Әрине, бұл орайда «өзі неге оқымайды екен» сынды қарсы пікір айтылуы мүмкін. Алайда әркімнің өз таңдауы бар. Сыныптасым оқи ма, оқымай ма шаруам жоқ, көмектесе алатын жерде көмектесу керек. Сондықтан көшіруге беру дұрыс деп ойлаймын. Оның үстіне «бумеранг» заңына сәйкес, ертең алдымызға қиын сынақтар келгенде бізге де көмек қажет болады.
2. Өзім көшірдім. Көшіруге де талай бердім. Ешкім қарыз болып қалмады.

Бауыржан Жақсымбет:

1. Көшіруге беріп тұрған дұрыс. Бірақ, үнемі бұлай жасау керек деп айта алмаймын. Тынымсыз тіршілікпен жүріп кейде сабаққа көңіл бөле алмай қалатын күндер болады. Бұдан өзге де себептер бар. Ал күнделікті көшіруге берген жарамайды. Себебі, осы әрекетімізбен досымызды жалқауландырып жіберуіміз мүмкін.
2. Өзім көшіргенмін. Оны жасырмаймын. Отбасылық шаруалар шығып қалғанда, немесе өзге де жұмыстарым болып сабақ оқи алмай қалатын күндерім болатын. Сол кезде достарымның көмегіне жүгінетінмін. Ал үй тапсырмасын өз бетімше орындайтынмын. Соның пайдасы қазір аздап болсын тиюде. 

Жасұлан Исакаев:

1. Ең бастысы, не көшірсе де, түсініп көшіруге тырысу керек деп ойлаймын. Өйткені өзіндік ойы бар бала болашақта жақсы азамат болып шығады.
2. Бәріміз де мектеп қабырғасында жүргенде көшіретінбіз. Кейде көшіруге беретінбіз. Одан бала жаман болады деп ойламаймын.

Бұл - біздің жеке пікіріміз. Ал Сіз бұл екі сұраққа қалай жауап берер едіңіз?

Сурет: Қанат Бейсекеев, voxpopuli.kz

Қ. Бүйенбай